Қала мен Сала

Иіс тиіп, улану азаймай тұр

Астанада өткен жылдың күзінен бері екі адам газға уланса, он жеті адам түтінге тұншығып, ауруханаға түскен. Алматыда үйіндегі көгілдір отын құбырының ақауынан бір отбасының төрт мүшесі көз жұмды. Жалпы алғанда, еліміз бойынша өткен жылыту маусымында түтінге уланып, 41 адам бақилық болыпты. Қазір қалада да, ауылдық жерде де біраз аймаққа газ тартылды. Бұл тұрмысқа өте қолайлы болғанымен, қауіпсіздік ережесін қатаң сақтамаса, өмірге қауіп төндірері сөзсіз. Ең қауіптісі – газдың ақауынан не түсі, не иісі білінбейді. Адамның өкпесі мен орталық жүйке жүйесін зақымдағанда барып, ес-түсінен бір-ақ айырылады. Сондықтан үйге пеш салғанда немесе газ жүргізгенде тек маманға салдырып, оны ай сайын тазалап, тексеріп отыру керек. Әрі оны пайдаланудың барлық техникалық ережелері мен қауіпсіздіктерін қатаң қадағалау және сақтау міндетті.

Пеш пен газ ақауы

Төтенше жағдайлар минис­трлігінің мәліметіне сәйкес, жыл сайын республикада табиғи және сығылған газдан отыздың үстінде адам уланып, газ баллондарын дұрыс орнатпай, техника қауіпсіздігін сақтамаудан адамдар зардап шегіп жатады. Әсіресе, мерзімі өткен, ескі газ баллондарын жақын тұрған автостансаларға барып өздері толтырып жатады. Осының бәрі кейінгі кезде ауылдық жерде болсын, қалада болсын тұрмысы төмен азаматтардың қолымен жасалатыны анықталып отыр. Өткен жылы Төтенше жағдайлар министрлігі әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі қыз­меткерлерімен бірлесе отырып, жылу маусымы басталғанға дейін жүргізген рейд барысында тұрмысы төмен отбасы тұратын 106 мың тұрғын үйді есепке алып, оларға электр құралдары мен газ қондыр­ғыларын, пештерді пайдалану нұсқаулықтарын түсіндірген. Сөйте тұра, адамдар салдыр-салақтыққа, немқұрайдылыққа салынып, көптеген мәселелерге мән бермейтіндігі қынжылтады.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жауапты қызметкері Азамат Бекбауовтың айтуынша, иіс тиіп тек пешпен жылытылатын үйлердің тұрғындары ғана емес, қаланың қақ ортасындағы табиғи газды қолданатын бірақ, салдыр-салақтыққа жол берген, нақтырақ айтқанда, өрт қауіпсіздігін, газды дұрыс пайдалану ережелерін сақтамайтын пәтер иелері де зардап шегіп жатады. Біз үй иелерін жыл сайын арнаулы нұсқаулықтармен таныстырып, пештің түтін шығатын жолдарын тазалауды, шоқ түгел сөніп болмай, мұржаның мойындығын жауып тастамау­ды айтып, ескертеміз. Соның өзінде көптеген адамдар бізді жүрдім-бардым тыңдап, орны толмас қателіктерге ұрынып жатады. Иіс тию көбіне үйдегі пештердің о баста дұрыс салынбағанынан, ақаулығынан  болады.

Мәселен, өткен жылы Дулатов көшесіндегі жеке сектордағы бір үйдің отбасына газ иісі тиіп, түгел ауруханаға түсті. Абырой болғанда, таңға жақын басқа қаладан жамағайыны келе қалып, адамдар аман қалған. Тексере келгенде, газ қондырғысы о баста техникалық ақаулығымен орнатылған болып шықты. Ал сол газ құбырларын үйге кіргізіп, қосып берген жұмысшылардың ешқандай рұқсат қағаздары (сертификат) болмаған.

Нұсқаулықты қатаң орындау қажет

2019 жылы Астана қаласында бес бірдей бүлдіршін қыздың тірдей жанып кетуі қоғамды есеңгіретіп тастады. Алайда адам пенде қой. Мұндай қасіреттен сабақ алудың орнына, уақыт өте келе күнделікті қарбалас тірліктің қамымен жүріп бәрін ұмытып кетіп жатады. Қала маңындағы Қаражал ауылының тұрғыны «күздің қара суығында үйі суып кетіп, шиеттей бала-шағасы тоңбасын» деп пештің мұржасын жауып, өзі отыз шақырым жердегі қалаға шаруасымен кетіп қалған. Осы кезде толық жанып болмаған қоламта шоқтан бықсып шыққан түтін үйдің ішіне тараған. Бұл кезде балалар ұйқыға жатып қалған екен. Абырой болғанда, түнгі сағат 11-дің шамасында сегіз жасар үлкен қызы шөлдеп, оянып, су ішуге сыртқа шығамын дегенде басы айналып құлап қалған. Есін жиған соң анасына телефон соғып, болған жайды айтқасын көрші-қолаң келіп, жедел жәрдеммен төрт сәбиді де ауруханаға жеткізіп, аман алып қалыпты.

Мамандар соның алдында бір ай бұрын келіп, бұл үйдің пешін тексерген екен. Қолдануға болатындығы жөнінде актісі де бар. Алайда үй иесі «салқын келеді» деп терезінің желдеткішін бітеп тастаған. Оның үстіне ас үй мен жатын бөлменің арасындағы қабырғаны да өз бетінше алып тастапты. Міне, соның кесірінен пештің астынан шыққан қоламса иіс біртіндеп сәбилер жатқан бөлмеге таралған.

Сарапшы мамандар күн салқындаған кезде тұрғындар терезелерінің желкөздеріне дейін бекітіп тастап, есіктерін қымтап, бөлмеге жиі таза ауа кіргізбеуінің соңы осындай келеңсіз жайларға алып келетінін айтады. Негізі, газбен жылытылатын пәтерлерде терезеге міндетті түрде желдеткіш клапандар орнату керек. Мұндай клапандар іштен ауа шығарғанымен, сырттан келетін салқын ауаны бірден жібермей, жылытып барып, ішке енгізеді екен. Әрі тұрғын үй кодексіне сәйкес жауапты қызметкерлер газ қондырғысы орнатылған мұндай пәтерлерді жылына екі рет тексеріп, бақылап тұруға міндетті.

Газ бас қалаға да келді. Қазірдің өзінде елорданың көптеген аумағы табиғи газға қосылып үлгерді. Бұл тұрмысқа қолайлы болғанымен, қауіпсіздік ережелерін тиянақты қатаң сақтамаса, адам өміріне де аса қауіпті екені байқалып отыр. Оны жоғарыда келтірілген мысалдардан көруге болады. Сондықтан қалалық Төтенше жағдайлар департаменті айына екі рет тұрғындарға түсінік жұмыс­тарын жүргізіп, нұсқаулықтар таратып келеді.

– Бұл – өте күрделі де, жауапты мәселе, – дейді газ саласының маманы Мұхит Сейітов. – Газ иісі аз-аздан шығып тұрса да, қашан қордаланып, жиналғанша сезілмейді. Өйткені ол ауадан жеңіл болғасын, бірінші үйдің, пәтердің төменгі жағына жиналады. Ең қауіптісі де – осы. Үйдің ішінде  жүрген адам оның иісін ұзақ уақыт, бірнеше сағат бойы байқамауы әбден мүмкін. Газ иісі тигенде әуелі бас ауырады. Жүрек айниды. Тыныс алу жиілейді. Қатты шаршағандық білініп, көз алдыңыз тұмандануы мүмкін. Сондықтан үйде отырғанда басыңыз ауырды ма, ең бірінші есік, терезені ашып, бөлмені желдетіп, сосын таза ауаға шығып, серуендеу қажет. Үйінде газ қондырғысы бар адам қырағылықты ұмытпай, сәл күдіктенсе, апатты газ қызметін шақырғаны жөн.

Сондай-ақ маман мына жайларды қатаң сақтау керектігін ескертеді:

Пешке сұйық, қатты және газ тәрізді отын жағылатын болса, оның есіктерінде ақау болмауына мұқият көз жеткізу керек. Отын құбырын орнатқан кезде жылыту қазандықтары мен жылу генераторлық қондырғысының әрбір бүріккішінің жанына кемінде екі вентиль: біреуі – оттыққа, екіншісі – отыны бар ыдысқа орнатылады.

Бұған қоса:

– жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға;

– пешті қатты отынмен жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға;

– пештерді пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарда көзделмеген жанғыш заттарды (қатты, сұйық, газ тәрізді) отын ретінде қолдануға;

– жанғыш заттар мен материалдарды, мысалы, аяқ киім, киім, отынды пештің және мұржаның бетінен 0,5 метрден кем қашықтықта кептіруге болмайды.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button