Басты ақпаратСараптама

Кеңестерді көбейткеннен не ұтамыз?

Мәжілісте 2025 жылға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасы қаралды. Заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ деңгейінде ашық дауыс беруі арқылы кеңестер құруды ұсынды. Дегенмен халық қалаулылары заңды кері қайтарды. Неге? Біз осының себеп-салдарын білуге тырыстық.

Кеңестің міндеті не?

– Кеңес – жергілікті өзін-өзі басқару органы. Оның мүшесінің саны ауылдық округтегі тұрғындар мен елді мекеннің санына байланысты анықталып, құрылады. Бұл ретте ауылдық округ құрамына кіретін әрбір елді мекеннен кеңеске өкілдік беріледі. Кеңес төрағасының қызметі тұрақты болады және ауылдық округ әкімі аппараты құрылымдық бөлім басшысының жалақысына тең (263 мың теңге) болады. Қаржы жергілікті бюджет есебінен төленеді, – деді Бауыржан Омарбеков.

Вице-министрдің сөзінше, кеңестің міндетіне ауылдық округ әкімдігінің бюджетін бекіту және атқарылуын бақылау кіреді. Сондай-ақ жергілікті қоғамдас­тықты дамыту бағдарламасы мен абаттандырудың қағидасын бекітіп, аудан әкіміне жергілікті басшыны (тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімі) тәртіптік жауапкершілікке тартуға ұсыныс енгізіп, мәслихатқа қызметтен босатуды көтере алады. Қысқасы, кеңестің өкілетіне әкімдік пен мәслихатқа жолданатын шешім қабылдайды. Яғни ауыл әкімдерінің үстінен бақылайтын, ал аудан және қала даңгейінде келетін болсақ, мәслихат жұмысын қоса атқаратын құрылымға айналады.

– Кеңестер астана, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар деңгейінде құрылады, олардың өкілет мерзімі төрт жылды құрайды. Оны қалыптастыру үшін республикалық және облыстық маңызы бар қалалар – аудандарға, аудандар учаскелерге бөлінеді. Аудандар мен учаскелердің шекарасын мәслихат анықтайды. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшесінің қызметі тек қоғамдық негізде жүзеге асады.

Кеңестің барлық шешімдері хаттамада көрсетілген жай ғана шешімдер емес, нормативтік құқықтық акті түрінде болады және олар тиісті әкімшілік аумақта міндетті түрде орындалуға жатады. Кеңес шешімдерінің күші кеңестің өзімен де, аудан әкімімен де, сондай-ақ сот тәртібімен де жойылады, – деді вице-министр.

Шалғайдағы ауылдағы мектепке қағаз, қалам керек болса, облыстың рұқсатын күтіп отырады. Тіпті жел тұрып шатыры ұшып, терезесі сынса да, жергілікті әкімдік ешқандай көмек бере алмайды. Себебі орталықтан басқарылады. Алдағы уақытта жұмыспен қамту мекемелерін облысқа қарату мәселесі талқылануда. Мұның бәрі аудан әкімінің құзыретін қысқартып, халық алдында дәрменсіз күйге түсіреді, – деді халық қалаулысы

Шикілік неде?

Бұл сұрақты Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібековке қойдық.

– Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру деген – жақсы бастама. Яғни қоғамдағы үдеріске халықты араластыру арқылы нәтижелі жұмыс жүргізу керек-ақ. Алайда мұның екінші жағы бар. Қазір халық ауыл әкімін сайлайды, кез келген сұрақ бойынша халық алдымен әкімге барады. Енді халық кеңесті таңдайтын болса, онда шағын ауылдың халқы екіге бөлініп кетпей ме?! Мәселе осында, – деді депутат.

Ленин армандаған өкіметтің түпкі мақсаты билік тізгінін халыққа беру еді ғой! Сол үшін миллиондаған жұмысшы алаңға шығып, қолына қару алды. Сөйтіп, кеңес билігі жергілікті деңгейде кеңестер құрды, бірақ халықтың қолына билік тиді ме? Жоқ. Бұл – бөлек тақырып.

Жалпы жергілікті деңгейде өзін-өзі басқару идеясы Еуропадан тарады. 1949 жылы 5 мамырда Еуропа кеңесін құру туралы Лондон шартына қол қойылды. Бұл оқиға Еуропа елдерінің бірігуіне жол ашып, екінші жағы, өзін-өзі басқару тетігін, заң үстемдігін дамытудың бастамасы болды.

1957 жылы 12 қаңтарда Францияның Страсбург қаласында Жак Шабан-Дельмастың (сол кездегі Бордо қаласының мэрі) төрағалығымен конгресте жергілікті билік органдарын дамыту мәселесі қаралды. Осы жылдары кәрі құрлықта жергілікті өзін-өзі басқару жүйелі жүргізіле бастады. Еуропаның тәжірибесінен сапалы заң дайындаумен қатар, халықтың мәдениетін көтеру маңызды екенін ұғасыз.

Біздің елде заң жобалары халықтың тұрмыстық-мәдени деңгейі мен талап-тілегі ес­керілмейтіндей көрінеді. Неге десеңіздер, аталған заң жобасын дайындаған жұмыс тобы 2016 жылдың 1 қаңтарында қолданысқа енген қоғамдық кеңестер туралы заңмен таныспағандай әсер береді. Сол заңда қоғамдық кеңестер тәуелсіз, автономды, дербес болатыны анық көрсетілген. Егер жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру керек болса, онда қоғамдық кеңестің құзыретін кеңейтіп, өкілді орган – мәслихаттың функционалды міндетін қайта қарау тиімді емес пе? Үй ішінен үй тігіп, ауыл әкімі мен кеңес төрағасы бір-бірімен бәсекелес етіп қойғаннан не ұтамыз?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруді тапсырды. Қазір барлық ауылдық округ әкімдері сайланады. Енді оған аудан және қала әкімдері қосылады. Биыл қанатқақты жоба ретінде 45 аудан және облыс­тық маңызы бар қала әкімі сайланады. Мұның барлығы ауыл-аймақтағы халық өзіне қажетті шешімді өзі қабылдауға мүмкіндік бермей ме? Сайлау сол үшін өткізілмей ме?

Өңірден келген депутат ретінде айтпағым, заң жобасын да­йындауда ауылдағы ағайынның пікірін білген дұрыс. Бұл кеңестер халық белсенділігін арттырып, жергілікті деңгейдегі мәселелерді шеше ме? Міне, осының жауабын іздеу маңызды.

Енді қараңыз, мәселен, Түркістан облысының бір округінде 160 учаске бар десек, заң жобасы бойынша әр учаскеден бір өкілді ұсыну керек. Сонда бұл кеңес емес, 160 мүшеден құрылған Парламент болып шықпай ма? Осыны ескеру керек, – деді Мәжіліс депутаты.

Қалай дамытамыз?

Жергілікті өзін-өзі басқаруды қалай дамытуға болады? Бұл бағытта Ұласбек Сәдібеков өз тәжірибесі бар екенін айтты.

– Дұрысы, өңірлердегі тұрғындар өзінің көкейіндегі сауалды тікелей жолдап, жауабын алатын платформа құру керек. Түркістан облысында үш ауданды басқардым. Сайрам ауданында «Парасат» дискуссия клубын құрып, үш айда бір рет отырысын өткізуді жолға қойдық. Онда ауданның кез келген тұрғыны өзекті мәселесін ортаға салып, шешілу жолын ұсынып, ауылдың дамуына үлес қоса алады. Диалог алаңының тұрақты өтуінің нәтижесінде аудан әкімдігіне жеке мәселесімен келетін адамдар саны азайды.

Екіншіден, Еуропа елдерінде жергілікті өзін-өзі басқару цифрландыру арқылы жүзеге асады. Әсіресе Скандинавия елдерінде электронды үкімет құру арқылы халық өз мәселесін өзі шешуге мүмкіндік алады.

Үшіншіден, жергілікті деңгейде өзін-өзі басқарудың тетігі – әкімдердің құзыретін кеңейту керек, – деді халық қалаулысы.

Алғашқы екеуі түсінікті. Ал ауыл және аудан әкімдерінің құзыретін кеңейту арқылы бюрократиялық кедергілерді көбейтіп, «өзім білем»-ге салмай ма деген ой келді. Алайда Мәжіліс депутаты бұл оймен келіспейді.

– Мемлекет басшысы орталықсыздандыруды жүйелі жүргізіп, шешім қабылдау құқығын жергілікті басқару органдарына беруді тапсырды. Бірақ Үкімет барлық құзыретті қайта өзіне шоғырландыруда. Түркістан облысында халықтың 80 па­йызы ауылдық жерде тұрады. Олар егін егіп, мал бағып күн көреді. Ауыл шаруашылығына бейімделген ауданның әкімі ветеринарлық мәселелерді шешуге қауқарсыз. Неге? Өйткені ветеринария бөлімі тікелей облысқа бағынады. Яғни аудан әкімінің құзыретіне көктемгі-күзгі ветеринарлық жұмыстар қалай жүргізіліп жатқанын бақылау кірмейді. Сол секілді білім бөлімі мен спорт мектептері облысқа қарайды. Соның салдарынан қыста бір мектептің немесе спорт нысанының жылу жүйесі істен шықса, әкім өз бетінше шұғыл шешім шығарып, іске кірісе алмайды. Шалғайдағы ауылдағы мектепке қағаз, қалам керек болса, облыстың рұқсатын күтіп отырады. Тіпті жел тұрып шатыры ұшып, терезесі сынса да, жергілікті әкімдік ешқандай көмек бере алмайды. Себебі орталықтан басқарылады. Алдағы уақытта жұмыспен қамту мекемелерін облысқа қарату мәселесі талқылануда. Мұның бәрі аудан әкімінің құзыретін қысқартып, халық алдында дәрменсіз күйге түсіреді, – деді халық қалаулысы.

P.S:Әрине, жергілікті жерде өзін-өзі басқаруды жетілдіру – маңызды міндет. Алайда кеңесті көбейткеннен не ұтамыз? Олай болса қоғамдық кеңестер не үшін құрылды? Мәслихаттардың міндетін қайда қоямыз? Заң дайындағанда алдымен осы сұрақтарға жауап бергені дұрыс. Негізі, бұл заңда ауыл-аймақты әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытудың концепциясы көрсетілуі керек. Сонда ғана заң өміршең болады.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button