Мәдениет

Кітаппен әлем жарқын

Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мекемесі халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Кітаппен әлем жарқын және мейірімді» атты кітап оқу іс-шарасын ұйымдастырды.

Мақсаты – балаларды айналасындағыларға мейірімді болуға тәрбиелеу, олардың бойындағы жеке қасиеттерін, патриоттық сезімін дамыту, шығармашылық бастама көтеруге үйрету, оқуға, кітапханаға деген қызығушылығын қолдау және жақсы көңіл-күй сыйлау. Іс-шара «Бала тілі – бал» балалар шығармашылық жиынымен бастау алды. Балалар би билеп, өлең оқып, ән салып көрермендерді тәнті етті.

«Тақия тігу» шығармашылық шеберханасы қолданбалы қолөнер бойынша шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ «Кел, оқиық, бүлдіршін!» буккроссинг акциясы, «Рисунок на лице» аквагримі,  «Кітаппен әлем жарқын және мейірімді» безендірілген кітап көрмесі ұйымдас­тырылды. Балалардың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі қызықты ойындар, қуыршақ театрының қойылымдары да өткізілді.

Кітапханада ең бастысы, ақын, драматург, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжановтың «400 тәтті тақпақ» кітабының тұсаукесері өтті. Баян­ғали ағамыздың өмір жолы мен шығармашылығы жөнінде деректерді оқушылар ақынның өз аузынан естіп, оған көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Кездесу барысында балалар ақынның бірнеше өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Эльгиза Ермек, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button