Мәдениет

Күлкі королі туралы қойылым

Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының жаңа V маусымы «Чарли Чаплин» трагикомедиясымен ашылды. Аты аңызға айналған кинематограф шебері туралы материалдар негізінде қойылған спектакльдің инсценировка авторы және қоюшы режиссері – Санкт-Петербургтен арнайы шақырылған Николай Балобан. Қойылымды қазақ тіліне аударған – Ілияс Мұратбек.

Алдағы 22-30 қазан күндері Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен КСРО халық әртісі, КСРО және Қаз КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына орай «TEATRALL» ІІ халықаралық театр фестивалі өтеді. Оған, Қазақстан театрларымен қатар, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Грузия театрлары қатысады. Жаңа маусымның ашылуында осыны атап өткен Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының бас режиссері Ұланмырза Қарыпбаев премьераға келгендерді аталмыш фестиваль көрермендері болуға шақырды.

Чарли Чаплин жайында көркем және деректі фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылды. Спектакльде осылардың негізінде әйгілі әртіс өмірі мен шығармашылығының маңыз­ды, бетбұрысты кезеңдері қамтылды. Чаплиннің жұлдызын жандырып, кинода өзін-өзі табуына маскүнем бейнесі себеп болды. Қойылым осыдан басталып, Карно труппасынан «Кистоун» студиясына шақырылуы, өзінің United Artists студиясын құруы сияқты өнер жолы арқылы өрбіді.

Чаплин өнерге келгенде, Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Одан кейінгі Ұлы депрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс актердің өмірі мен шығармашылығына әсерін тигізді. Әртіс саяси қудалауға ұшырап, АҚШ-тан қуылды. Қойылымда Чаплиннің қуанышы мен күйзелісі, отбасылық өмірі берілді. Әртістер өздеріне бекітілген кейіпкерлерді әсерлі жеткізе білді. Чарли бейнесін Ақниет Жақсығали беріле сомдады. Көрермендерді әсіресе бала Джеки Куганның бейнесін кес­кіндеген кішкентай Рамазан Омаровтың өнері тәнті етті.

Чарли Чаплин дыбыссыз киноның күлкі королі еді. Спектакльде, сөзсіз, тек қана қимыл-әрекетпен берілген көріністер де көп болды. Чаплин актер ғана емес, кинорежиссер, композитор, сценарист та еді. Қойылым оның өзінің музыкасымен көркемделді. Жалпы трагикомедия өнерде мұңсыз болып көрінетін актер өмірінің былайғы өмірдегі аянышты сәттерін, әйгілі әртіс тағдырын жақсы көрсетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button