Мәдениет

Күләштің репертуарын қамтыды

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі XXVI концерттік маусым шымылдығын қазақтың аты аңызға айналған күміс көмей әншісі  Күләш Байсейітованың 110 жылдығына арналған «Бұлбұл» атты концертімен ашты.

24 жасында КСРО халық әртісі атанған Күләш Байсейітова – қазақ операсының негізін салушылардың бірі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Оның өнердегі орны тарихқа алтын әріппен жазылды. Бұлбұл әнші бала кезінен халық әндерін тамаша орындаумен, бойындағы әртістік шеберлігімен көзге түсе бастады. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында «Қазақтың бұлбұлы» атанған талантты әнші бүгінгі күні ел аузында қалған аңыз тұлғаның бірі.

Ол қазақстандық және шетелдік операда сан-қырлы образдарды сомдады. Соның ішінде Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Жібектің, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында Ажар бейнесін, Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин», Джакома Пуччиндің «Чио-Чио сан» операсында басты рөлдерді ойнады. Осы рөлдер арқылы Күләш Байсейітова көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

– Бұлбұл әнші 1936 жылы қазақ мәдениетінің он күндігін өткізу үшін еліміздің өнерпаздарымен бірге Мәскеуге аттанады. Оның орындаушылық шеберлігі өте жоғары бағаланып, жезтаңдай әншіміз көптің қошеметіне бөленген болатын. Концертімізді «Бұлбұл» деп атауымыз бекер емес, себебі әсем үнді Күләш қалың жұртшылыққа «Бұлбұл» есімімен таңылған еді.

Оның репертуары өте кең және бай. Бір концерт бағдарламасында барлық репертуарды орындау мүмкін емес. Ол күй анасы Дина шешеймен өте жақсы қарым-қатынаста болған. Сол себептен концерт бағдарламасы Динаның «Әсем қоңыр» күйін енгіздік, – дейді Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов.

Сонымен қатар Жамбыл Жамбаевтың «Күләшқа» әні, Евгений Брусиловскийдің  «Қыз Жібек» операсынан «Гәкку», Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» мен «Бұлбұл», Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсынан айтыс, «Абай» операсынан Ажар ариясы, «Қыз Жібек» операсынан «Шегенің термесі» орындалды.

Күләш Байсейітова Құрманғазы оркестрімен тығыз байланыста еді. Олар алғашқы гастрольдік сапарларға бірге барған. Соны ескере отырып, Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен концерт аяқталды.

Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Арайлым Рахымқызы, Светлана Айтбаева, Сүндет Байғожин, Бибігүл Жанұзақ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, халықаралық және  республикалық  байқаулардың лауреаттары Феруза Рахметова, Әйгерім Аманжолова, Әйгерім Ораз, Талғат Аллабиринов, Ботагөз Тәшімова өнер көрсетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button