Денсаулық

Күн астында көп жүрме!

Соңғы аптада Астанада күн қатты ысып, ауа температурасы 38-39 градусқа дейін жетті. Синоптиктердің хабарлауынша, маусымның басында күннің осындай өте аптап ыстық болуы бұрын 2019, 2020 және 1952 жылдары байқалған. Дәрігерлер мұндай ауа райы созылмалы ауруы бар адамдардың, балалардың, тіпті дені сау адамның да денсаулығына қауіп төндіретінін айтады. Сонымен қатар қазіргі ыстық күндері мейлінше күн астында жүрмеуге кеңес береді.

Ақмола өңірінде маусымның басындағы ауа райының ең ыстық болған кездерін еске алсақ, 1952 жылғы 2 маусымда ауа температурасы 35,7 градусқа жетсе, 2012 жылы 3 маусымда 35,9, 2020 жылы 1 маусымда 35,1 және былтыр 4 маусымда 36,2 градус болған. Ал биылғы аптап бұлардан да асып кетіп отыр. Ауа райы болжамына сәйкес күннің ысуы 7 маусымға дейін сақталып, сосын аптаптың беті бірден қайтады. Бұл Иран мен Орталық Азиядан келетін циклондар және атмосфералық фронттарға байланысты болып отыр. Осыған орай елордада өрт қауіпсіздігіне төнер қауіп жоғары. Оған қоса төбеден тескен күн шекені қыздырып, сыртқа шаруа­сымен шыққан тұрғындардың денсаулығына да нұқсан келтіруі мүмкін. Дәрігерлер жер-жерде халыққа ақыл-кеңесін айтып, күннің астында жүрудің қаупін және одан қорғанудың жолдарын түсіндіруде.

– Күн астында көп жүрген адамның көзі қарауытып, басы айналуы, жүрегі айнуы мүмкін. Жүрек соғысы жиілеп, терісі боп-боз болып кетсе, бұл – күн өткенінің белгісі. Жалпы дәл қазіргі ауа райында таңертең сағат 10.00-ден бастап кешкі 17.00-ге дейін далада жүрмеген жөн. Әсіресе, қан қысымы жоғары, онкологиялық және жалпы созылмалы аурулары бар адамдардың далаға шығуына мүлдем болмайды. Сондай-ақ 7 жасқа дейінгі балалардың да күннің ыстығы қайтқанға дейін үйден шықпағаны дұрыс. Себебі кішкентай балалардың ағзасы ыстық температураға өте сезімтал болып келеді, ыстық күнде көп жүру олардың ағзасын сусыздануға дейін әкелуі мүмкін, – деп сақтандырады №10 қалалық емхананың жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі Арман Әлібеков.

Қанша ыссы болса да, қалада басына күн өтіп, құлайтындай деңгейге жетіп жатқандар жоқ. Себебі қазір ақпарат дәуірінде адамдар мамандардың ақыл-кеңесін оқып, соған құлақ түреді. Мұндай күндері, әрине, күнге қарсы қалқан болар бас киім киіп, үнемі қолыңызға бөтелкеге ауызсу құйып, бірге алып жүрген жөн. Оған қоса күннен қорғайтын жақпа май жағу керек, себебі денесінде меңі мен қалы көп адамдардың денесін күн қатты күйдіруінен тері онкологиясы дертіне шалдығу ықтималдығы басым. Сонымен қатар табиғи таза матадан тігілген, күн көзін өзін тартпайтын ақшыл түсті киімдер киген абзал.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button