Басты ақпаратМәдениет

Кәсіпкерлік туралы құнды кітап

Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында экономист, сарапшы, «Астана ақшамы» газетінің тұрақты авторларының бірі Ербосын Нұрмұханұлының «Шағын бизнес шаң қауып қалмасын» кітабының тұсауы кесілді.

«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырған бұл мәдени басқосуды ҚР Президентінің кеңесшісі Мақсат Сқақов жүргізді. Қара сөзге келгенде су жорғадай көсілетін ол Ербосын Нұрмұханұлының адамгершілік, кісілік болмысы мен экономика саласындағы елеулі еңбектеріне тоқтала келіп, тұсауы кесіліп отырған кітаптың еліміздің экономикасын дамытып, шағын бизнеске серпін беруге септігі тиетін құнды туынды екенін айрықша атап өтсе, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Абзал Сапарбекұлы жаңа кітапты оқырманға пайдасы тиетін кітап деп атады.

– Қазақта «Елге ел қосылса – құт» деген аталы сөз бар. Ербосын Нұрмұханұлы – шетелден атажұртқа оралып, білімі мен тәжірибесін ел экономикасын өркендетуге жұмсап, кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтың бірі. Кәсіпкерлікпен қатар қоғамдық өмірге де белсене араласып, көргені мен көкейге түйгенін ел дамуына септігі тиер ұсыныс-пікірлерін мерзімді басылым беттерінде үзбей жариялап келеді. Міне, сол мақалалардың дені біз тұсауын кесіп отырған жинақтан көрініс тауыпты. Отанға үлес қосу деген осы емес пе?! Айтары бар азаматтың бұл кітабынан ойлы оқырманның маңызды да пайдалы ақпараттар алатынынан күмәніміз жоқ, – деді Абзал Сапарбекұлы.

Автордың 50 жасқа толған мерейтой қуанышына орай жарық көрген кітапқа Ербосын Нұрмұханұлының «Астана ақшамы», «Егемен Қазақстан» сияқты елімізге танымал газеттер мен «Абай» порталы сияқты сайттарда жарияланған мақалалары енгізілген. Аты айтып тұрғандай, кітаптың негізгі мазмұны шағын бизнесті дамыту, мемлекеттік сатып алуға қатысты механизмді реттеу жағындағы ұтымды ұсыныстар мен шетелдің озық тәжірибелері таныстырылған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button