Әлеумет

Көңілге қаяу түсірме

Біздің көбіміз мүгедектер түгілі, жай бейтаныс адамдармен қалай-қарым-қатынас орнатып, қалай сөйлесу керектігін онша біле бермейміз. Ал ерекше қамқорлық қажет ететін мүгедектермен кездескенде, мүлдем абдырап қалатынымыз рас. Мына бір қалыптасқан ереженің екеуара қолайсыздықты жойып, жақсы сөйлесуге септігі бар екен. Бұл ережені АҚШ-тың мемлекеттік қызметшілері қызмет бабында басшылыққа алады екен.

Көшеде мүгедек көрсеңіз, бас салып мүсіркеп, маңдайы­нан сипауға тиісті емессіз. Шамадан тыс жанашырлық танытудың қажеті жоқ. Сол арқылы сіз оны тең көрмей, кемдігін көрсеткендей еріксіз қорлауыңыз мүмкін.

– Мүмкіндігі шектеулі адаммен әңгімелесу кезінде, оның жанындағы  қамқоршысы немесе сурдоаудармашыға қарап емес, тікелей өзіне қарап тілдесіңіз.

– Егер мүгедекпен қол алысып танысу қажет болса, егер ол адамның қолы қимылдамайтын немесе протез болса да қолын ұстап ишара жасағанның айыбы жоқ.

– Көзі көрмейтін адамды кездестірсеңіз, өзіңізді және сізбен бірге келген адамдарды міндетті түрде дауыстап атын атап, таныстырыңыз. Егер сіз осындай топ алдында сөйлесетін болсаңыз, өзіңіздің кім екендігіңізді, не мақсатпен келгеніңізді айтуды ұмытпаңыз.

– Егер мүгедекке көмектескіңіз келсе, алдымен рұқсатын алып, не істеп, не қою керегін анықтап алыңыз.

– Қанша жерден мүгедек болса да тең дәрежеде, өз қатарыңыздай қарау керек. Егер сіз оларды жақсы білсеңіз ғана сен деп атымен атаған жөн. Басқа жағдайда сіз деп сыпайылық танытқан жөн болар.

– Олардың қоларбасы – өзінің орны, жеке кеңістігі. Сол арбаға сүйкеніп немесе бауларын тартқылап, әр жерін шұқылау – ерсі нәрсе. Бұл адамның өзін тінткендей әсер қалдырады.

– Тілінде мүкісі бар адамдарды мұқият тың­даңыз. Сөзін бөліп, түзетпеңіз, айтатын ойын Сіз аяқтамаңыз. Егер ештеңе ұқпасаңыз, өтірік көлгірсімей, шындығын айтыңыз. Түсінгеніңізді қайталаңыз, бұл адамға сізге жауап беруге, ал сіз оны түсінуге көмектеседі.

– Мүгедектер арбасын немесе балдақты адаммен сөйлескенде, сәл еңкейіп  өзіңіздің және оның көздері бір деңгейде болып, бетіне тік қарап сөйлесу сізге оңайы­рақ болады.

– Есту қабілеті нашар адамның назарын аудару үшін қолыңызды сермеп,  немесе иығынан түртіп назарын аудартуға болады. Құлағы мүкістердің барлығы бірдей ерінге қарап, сөз түсіне алмаса да оның көзіне тік қарап, анық сөйлеңіз. Жарық жерде бет-жүзіңіздің қимылын анық көретіндей болсын. Сонда тез ұғынысуға мүмкіндік болады.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button