Басты ақпаратМәдениет

«Ла Скалада» ән салған

Қарақалпақстанда туған қандасымыз, Өзбекстан мемлекеттік ­консерваториясы музыкалық театрының солисі, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Башқұртстан,Татарстан Республикаларының Халық әртісі Жеңісбек ­Пиязов Астанада өткен Қазақстан мен Татарстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның мерейтойлық концертіне келді.

Оның өзбек басшысы Шавкат Мирзиёевтің қолынан «Халық әртісі» атағын алғаны белгілі. 33 жасында бұл атаққа лайық деп танылған Жеңісбек – әлемге әйгілі «Ла Скала» театрының сахна­сында ән шырқаған тұңғыш өзбекстандық әнші. Өнерлі ­отбасынан шыққан Жеңісбекті көпшілік студент кезінен-ақ «Халық әртісі» деп атап кеткен екен. Астана сахнасында өзін еркін ұстап, көрермендерді жарқын күлкісімен үйіріп әкеткен Жеңісбекпен концерттен соң әңгімелескен едік.

– Жеңісбек, Астана ұнады ма? Жиі келесіз бе?

– Астанаға ылғи қақаған қыста немесе аптап ыстықта келуші едім, осы жолғы сапарымда елорданың кеші ерекше ұнап тұр. Жаңадан салынған Еуразиядағы ең үлкен мешітте зиярат еттік, жаңарған елорда айрықша ұнады. Жалпы Астана мен Алматыға жиі болмаса да келіп тұрамын. Осы екі қалада тұратын туыстарым бар. Астананың арайлы кешінде Нұржамал ханымның концертінде өнер көрсетіп, жұртшылықпен жүздестім, жақсы әсер алдым. Осы аптада маэстро Төлеген Мұхамеджановтың концертіне қатысатын ойым бар.

– Пиязовтар отбасының жартысы дерлік Қазақстанға қоныс аударды. Өзіңіздің көшіп келу туралы ойыңыз жоқ па?

– Мен үшін атамекенім – жүрегіме жақын, ыстық ел, әрине. Бірақ Өзбекстанда тудым, өстім, ержеттім, оқыдым, жетілдім, азамат болдым. Мені өнер адамы ретінде аялап отырған Өзбекстаннан кетпеймін деген ойдамын. Ал Пиязовтардың біразы Алматыда, Астанада тұрады. Әбунасыр Серіков пен Лиза Пиязованың ұлы Мансұр Серіков қазір біраз жетістікке жетті.

– Астана, Алматы қалаларында жеке концерт өткізу жоспарыңызда жоқ па?

– Жуырда Ресейдің Қазан, Уфа қалаларында, одан өзге Италия­да, Германияның Берлин қаласында концерт бердік. Астана, Алматы қалаларында концерт өткізу жоспарда бар, әзірге басқа концерттерден қолымыз тимей жатыр. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова Алматыда концерт өткізуге шақырды, алдағы уақытта соған жұмыс істейтін боламыз. Концерт өткізу, әрине, оңай шаруа емес, жарнамасын жасап, көрермендерді шақыру, билетін сату, тағысын тағы шаруасы көп. Жүз пайыз ұйымдастырылып, анық болғанда концерт береміз. Бұйырса, келесі жылы Астанада, Алматыда көрермендермен жүздесеміз деп ойлаймын.

– Жалпы Өзбекстан мен Қазақстанның ұлттық опера өнерінің дамуын салыстыра аласыз ба, қандай ерекшеліктері бар?

– Екі елдің опера өнері жоғары деңгейде дамып жатыр, Өзбекстанның ұлттық опера майталмандары шетелге жиі гастрольдермен шығып, өнер көрсетіп жүр, өзбек операсының репертуар жағынан өте бай екенін атап өткім келеді. Астананың опера әншілері, музыканттары да жақсы көрініп жүр. Алдағы уақытта репертуар жағынан елордалық әріптестеріміз көбірек тамаша ұлттық операларын қойып, туындыларын көбейте түседі деген үміттемін.

– Қандай шығармаларды орындауды армандайсыз, кімдерді тыңдайсыз?

– Атақты маэстро Джузеппе Вердидің «Отелло» операсындағы Отелло партиясын орындасам деп армандаймын. Атақты Джоаккино Россинидің «Севиль шаштаразы» көңілді операсындағы музыка мұғалімі Дон Базилионың партия­сын орындауға ұсыныс болды, Россинидің шығармаларын Оман астанасы – Маскатта және Вердидің «Травиатасын» Италияда айттық. Ұсыныстардың түсуіне орай әлемдік опера жауhарларын орындауға әзірміз.

– Қарақалпақ шығармаларын орындайсыз ба?

– Қарақалпақстанда «Әжі­нияз» операсы бар, соған қатысып жүрдім, опера үнемі Науаи атындағы академиялық музыкалық театрда қойылады.

– Операны тек кәсіби музыканттар ғана емес, халық өзіне етене қабылдауы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Бүкіл әлем шоу-бағдарламаларды жақсы қабылдайды, сондықтан партиялардың қысқалау нұсқасын халыққа ұсынған дұрыс болар еді деп ойлаймын, көрермендерде операдағы ария­ны толығымен тыңдап отыратын уақыт бола бермейтіні рас. Өмірдің бәрі асығыс, уақыт шектеулі екенін ескергеніміз жөн. Бұрын жұрт концертте төрт сағат отыратын болса, қазір екі сағат та отыра алмайтын жағдайға жеттік. Фильмдер де солай, бұрын сағаттап көретін киноларды халық қазір 1 минуттан аспайтын Instagram-дағы роликтерден артық көргісі келмейтіні түсінікті. Заман ағымы солай. Операда да солай, халықпен әзілдесіп, шоу түріндегі арияларды қысқаша орындап, көрермендерді опера өнеріне қызықтырып, тартуға болар еді.

– Қандай композиторлармен жұмыс істейсіз?

– Өзбекстанда Дилярам Аманмұнаева, Рустам Абдуллаев, Жасур Бадалбаевпен жұмыс істеп жүрмін. Қазақстанда Төлеген Мұхамеджанов «Мен сенімен кездестім» атты әнін ұсынды. Маған арнап арнайы ән жазамын деп уәде берді, соған қуанып тұрмын.

– Отбасыңыз туралы айтсаңыз.

– Ташкентте тұрамыз, әйелім гастрольдеріме көмектесіп жанымда жүреді, 4 ұлымыз бар. Шетелге жиі шығамыз.

– Балаларыңыздың ішінде өнерге жақыны бар ма?

– Иә, Мүсілім атты баламыздың ықыласы бар.

– Оның есімі Мүсілім Магомаев­тың құрметіне ­қойылған ба?

– Иә, біз үйленгеннен кейін біраз уақыт балалы бола алмай жүрдік. 2012 жылы КСРО Халық әртісі әйгілі Мүсілім Магомаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған байқауда гран-при иегері атандым. Сол байқаудан кейін келіншегім бала көтеріп, ұл болса Мүсілім, қыз болса Мүслима деп қоямыз деп шешкенбіз. Дүниеге ұл келіп, атын Мүсілім деп қойдық.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button