Басты ақпаратСараптама

Машина жасауда не кедергі?

Өткен аптада Астанада екі күн қатарынан Қазақстан машина жасау­шыларының Х форумы өтті. Форумға қатысқан ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов машина жасау өндірісінде экспортқа қарағанда импорттың үлесі басым екенін, сондықтан бұл салада айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу үшін ұзақмерзімді жүйелі шаралар қажеттігіне назар аудартты.

Бүгінде Қазақ­стан машина жасаушылар одағы 636 отандық машина жасау кәсіпорын және 8 салалық қауымдастықтың басын біріктіреді, Еуропа мен Азияның 13 шетелдік машина жасаушылар қауымдастығымен өзара ынтымақтастықта жұмыс істейді. Соның ішінде 59 кәсіпорын Астана қаласында орналасқан. Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, машина жасау саласының Жол картасын іске асыру шеңберінде өткен жылы жалпы өндіріс 1,1 трлн теңгеден 2,3 трлн теңгеге жеткен. Биыл оны 3 трлн-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осылайша соңғы 11 жыл ішінде аталған өнеркәсіптің ел экономикасындағы үлесі шамамен 2 есе артты.

– Алайда мәселелер де жоқ емес. Мысалы, мұнай-газ өндірісіне қажет машина жасау саласында Қазақстанның импортқа тәуелділігі 80%-ға жуықтайды. Екінші проблема – орта және шағын кәсіпкерлік иелеріне жеңілдетілген несие беру бағдарламасын әзірлеу, – деді М.Пішембаев.

Сонымен қатар кадр тапшы­лығы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі, импортқа тәуелділік те – машина жасау саласындағы өзекті мәселелер. Әлихан Смайылов осы мәселелерді шешу үшін жүйелі және кешенді шаралар қабылдау қажеттігін, машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдайтын кез жеткенін атап өтті.

2022 жылы қаңтар-мамыр айлары аралығында машина жасау саласындағы өндіріс көлемі
1085,6 млрд теңгені құраған. Осы аралықта автомобиль жасау саласында 36420 жеңіл жолаушылар автомобилі, 3323 жүк көлігі, 532 автобус, 246 тіркегіш, 107 басқа да арнайы техника, 111 млн теңгеге автомобиль бөлшектері жасалған

 

«Көптеген өндірушілер ұзақ­мерзімді және қолжетімді қаржыландырудың жетіспеушілігін мәселе етіп көтереді. Қазір біз Ұлттық банкпен инфляциялық процестерді тұрақтандыру бағытында жұмыс жүргізудеміз, сөйтіп жақын уақытта ақша-несие саясатын жұмсарту жайы қайта қарастырылады» деді Ә.Смайылов.

«Қазақстан машина жасау одағы жаңа дәуірге аяқ басады!» деген ұранмен бастау алған форумға құттықтау сөзін жолдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев машина жасау өндірісінде экспорт көлемі қазірдің өзінде 2 млрд АҚШ долларына жеткенін мәлімдеді. Ол осы саланың әлеуетін толық пайдалану арқылы еліміздің экономикасын өркендетуге, технологиясын дамытуға және әлеуметтік өзгерістер жасау­ға жол ашылатынына сенім білдірді.

Қазақстан машина жасау­шылар одағының атқарушы директоры Өмірсерік Ержановтың айтуынша, еліміздің машина жасау бағытында 37 сала бар. Соның ішінен электротехника, теміржол, тау-кен өндірісі, мұнай-газ саласы және ауыл шаруашылығы салаларында техника жасау бойынша кәсіпорындар форумға қатысты. Солардың бірі – Астанада орналасқан «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ. Оның басшысы Марат Тілеубаев зауыттың ТМД, Қытай елдерінде құрастырылатын локомотивтерге қарағанда атмосфераны ластайтын шығарындылары әлдеқайда төмен екенін жеткізді. Сонымен қатар кәсіпорын көптеген локомотивтерден техникалық сипаттамасы бойынша озық тепловоздарды шығаратын Орта Азиядағы бірегей кәсіпорын екенін де атап өтті. Оның айтуынша, бүгінге дейін ЛҚЗ 440-тан астам локомотив шығарған. 2022 жылға арналған өндірістік жоспар 43 локомотив болса, 8 айда соның 24-і өндірістен шығып, тапсырыс берушілерге жеткізілген. Ал келесі жылға зауыт өндірісті екі есе арттырып, 90 локомотив шығаруды жоспарлап отыр.

Астанада орналасқан «Локомотив құрастыру зауыты» озық тепловоздарды шығаратын Орта Азиядағы бірегей кәсіпорын. Оның айтуынша, бүгінге дейін ЛҚЗ 440-тан астам локомотив шығарған. 2022 жылға арналған өндірістік жоспар 43 локомотив болса, 8 айда соның 24-і өндірістен шығып, тапсырыс берушілерге жеткізілген. Ал келесі жылға зауыт өндірісті екі есе арттырып, 90 локомотив шығаруды жоспарлап отыр

– Экспорттық келісімшарттар бойынша біздің жетістігіміз де, тәжірибеміз де бар. Бірқатар теміржол әкімшіліктері 100% біздің өндірістен шыққан локомотивтермен жабдықталған. Біздің локомотивтерді пайдалану тиімділігі мен өнімділігін байқатып, нәтижесінде, Қазақстанмен қатар, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан, Түрікменстан, Молдова мемлекеттерінің де локомотив паркін жаңартып отыр. Бүгінде зауыт барлық ірі тораптарды, сондай-ақ локомотивтерге арналған 1500 атаудағы шанақ тетік-бөлшектерін дайындайды, – деді ЛҚЗ басшысы.

Ол отандық өндірушіге қолайлы жағдай жасау және дамуды ынталандыру үшін үш негізгі іс-шара қабылдауды ұсынды.

Бірінші, ЛҚЗ локомотивтерін сатып алу үшін жекеменшік тасымалдаушыларға жеңілдікті несие ұсыну және жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның даму банкі және лизингтік қызметті жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғалар беретін кредиттер мен лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қажеттігін атап өтті.

Екінші, тәуелсіз қабылдау комиссиясын құру керек. Бұл комиссия Қазақстанға импортталатын локомотивтердің сертификаттары болмаған жағдайда, оларды тіркегенге дейін қауіпсіздігі мен сенімділігі бойынша тексеру жүргізулері, яғни сырттан келетін локомотивтер Қазақстан магистралдарында жүруге рұқсат алу үшін тәуелсіз қабылдау комиссиясының толық тексерісіне өтулері қажет.

Үшінші, Қазақстан өндірісінің локомотивтерді дайындау және пайдалану бағытындағы көпжылдық тәжірибесін ескере отырып, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін жекеменшік компанияларын отандық тауарларды сатып алуға бағыттау қажет.

Форумның 12 секциясының бірі вагон құрастыру саласына арналды. Аталған тақырыпта «ҚТЖ» ҰК» АҚ техникалық саясат департаментінің бас менеджері Талғат Қанатбаев баяндама жасап, саланың ең өзекті мәселелерін ортаға салды. Соңғы жылдары елімізде жүк тасымалының артуына байланысты вагон паркінің жетіспеушілігі туындады. Осыған орай, вагон құрастыру бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. Оператордың жылжымалы құрамға қажеттілігі 2027 жылға дейін 24 мыңға жуық вагонды құрайды. Соның ішінде ҚТЖ кәсіпорындары бойынша 16,5 мыңдай вагон. Вагон құрастыру кәсіпорындарының өндірістік қуаты жылына 5800 вагон деп бағаланады. Қосалқы бөлшектер жасаумен 40 шақты кәсіпорын айналысады. Оларда 6 мыңдай адам еңбек етеді.

– Отандық вагон құрастыру саласының негізгі мәселесі – өндірістің импорттық қосалқы бөлшектер қолдануға тәуелділігінің жоғары болуы. Шетелдік инвесторлармен келісімшарттарда өндірісті локализациялау тармағы болса да, іс жүзінде қазақстандық үлес әлі де аз болып отыр. Соны міндеттеу керек. Тежегіш бөлігі бойынша бөлшектердің бәрі толығымен Ресейден әкелінеді. Қазақстандық вагон құрастырушы кәсіпорындар техникалық параметрлері жағынан ресейлік әріптестерінен артта қалып отыр, – деп Талғат Қанатбаев вагон құрастыру саласындағы ең бір өзекті деген мәселелердің бәрін тізіп шықты. Осы мәселелерді шешу үшін ұлттық өндірушіні, кәсіпорындардың инновациялық қызметін қолдау, жүк вагондары операторлары мен ұлттық өндірушілерге салықтық және басқа да жеңілдіктер қарастыру, локализациялау деңгейін арттыра отырып, вагонның құрамдас бөлшектері өндірісін кеңейту, зерттеу және жобалық жұмыстарды қаржыландыру, мемлекеттік қолдау қажеттігі туралы ұсыныстарын берді. Вагон құрастыру саласындағы мемлекеттік бағдарлама аясында перспективалы вагондар модельдерін жасауда мақсатты, ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар барлық конструкторлық құжаттамаларды цифрландыру арқылы толыққанды вагон құрастыру кластерін құруға және саланы тұрақты дамытуға мүмкіндікті арттыруға болатынын жеткізді. Осылайша мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын жасау қажеттілігіне баса назар аудартты.

Жалпы биыл машина жасау саласына 285 млрд теңге бөлінсе, келесі жылы 300 млрд теңге бөлінбек. Соның ішінде орта бизнеске субсидия болады. Ал шағын бизнеске оларға 3%-бен несие беру үшін көмек көрсетіледі. Бұл мақсатта өндірістік қорлардан 50 млрд теңге қарастырылған. Қазақстанға осы салаға инвестор ретінде Сименс Дженерал Электрик, Дженерал Моторс, Альстом, Жак, КАМАЗ, Трансмашхолдинг, Клаас сынды трансұлттық компаниялар келіп жұмыс істеді. 2010-2021 жылдары саланың негізгі капиталына бөлінген инвестиция көлемі 2,8 есе өсіп, 620 млрд АҚШ долларын құрады.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформа бойынша ұлттық статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылы қаңтар-мамыр айлары аралығында машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 1085,6 млрд теңгені құрап, өткен жылға қарағанда 35% артқан. Осы аралықта автомобиль жасау саласында 36420 жеңіл жолаушылар автомобилі, 3323 жүк көлігі, 532 автобус, 246 тіркегіш, 107 басқа да арнайы техника, сонымен қатар 111 млн теңгеге автомобиль бөлшектері жасалған.

Ал ауыл шаруашылығы саласында трактор өндірісі 10,2%, комбайндар өндірісі 9,9% кеміген. Мұнай-газ саласындағы машина құрастыру бойынша өндірістің керісінше 28,4% өсімі байқалса, теміржолдағы машина жасауда жүк вагондарының өндірісі 75,5% азайған. Ал электротехникалық машина жасауда талшық шыны кабельдер жасау 1,9 есе артты. Тау металлургия саласындағы машина жасау өндірісінде бұрғылау машиналары бөлшектерінің өндірісі 27,4% өсті. Металл өңдеу бойынша цистерна, бөшке, канистр, тағы басқа сыйымдылықтар жасау 14,2% артты. Агенттік деректеріне қарағанда, жалпы салада 2022 жылы өсім сақталып тұр.

Жиынға қатысқан отандық өндірушілер мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенде ғана олардың ісі алға басатынын жеткізді. Ал Үкімет басшысы отандық өндірушілердің түйт­кілді мәселелерін шешуге ниетті екенін білдірді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button