Ресми бет

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – ерекше бақылауда

Мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету мәселесінің өзектілігі мемлекеттік қызметтер адам өмірінің барлық салаларын және бүкіл кезеңін қамтитынымен түсіндіріледі. Жыл сайын мемлекеттік қызметтер сұранысқа ие болып келеді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган ретінде өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді.

2022 жылғы есепті деректердің мониторингі Астана қаласының мемлекеттік органдары мен ұйым­дарының 18,1 млн мемлекеттік қызмет көрсеткенін көрсетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн қызметке (2021 ж. 17,1 млн) артық, оның ішінде: мемлекеттік корпорацияның филиалы арқылы 1 млн (5,8%), қағаз түрінде (кеңсе арқылы) 1,7 млн (9,2%), электронды түрде 15,4 млн (85%).

«ҚР Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңына сәйкес, уәкілетті органның негізгі функцияларының бірі – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын, оның ішінде көрсетілетін қызметті алушылардың шағымдары бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ талдау және мониторинг негізінде оларды көрсету кезінде бұзушылықтардың алдын алуға және көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстар әзірлеу.

Мәселен, 2022 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне (бұдан әрі – департамент) 136 өтініш келіп түсті: 33 өтініш бойынша тексерулер жүргізілді, 27 өтініш сұрау салу жолымен қаралды, 21 өтініш берушінің өтінішхаты негізінде тоқтатылды.

Өтініштердің көп саны көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы санының ұлғаюымен байланысты деп есептейміз, екінші жағынан, бұл халықтың уәкілетті орган туралы хабардар болғанын және оған деген сенімін арттыруын көрсетеді.

Мемлекеттік қызметтердің жиі шағымданатын салалары:

– жер қатынастары, құрылыс және жылжымайтын мүлік саласы – 30,3%;

– әлеуметтік сала және медицина – 12,5%;

– тұрғын үй қатынастары саласы – 8,1%.

Негізді өтініш білдіргендердің 100% құқықтары қалпына келтірілді және қорғалды, оның ішінде: 6 тексеру қорытындысы, 2 сұрау салу қорытындысы бойынша.

Мысалы, азамат Е.С.Шаймардан ұзақ уақыт ішінде «Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ (бұдан әрі – басқарма) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азамат ретінде куәлік ала алмады.

Департаментпен тексеру жүргі­зілгеннен кейін ғана оның құқықтары қалпына келтіріліп, тиісті жеңілдіктер алуға мүмкіндік алынды, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетуден бірнеше рет негізсіз бас тартқаны үшін басқарманың лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік шаралар қабылданды.

Азаматша Т.А.Тәжиддиноваға бір жылдан астам уақыт бойы атау­лы әлеуметтік көмек алудан бас тартылды. Департаментпен оның шағымы негізінде тиісті шаралар қабылданып, құқықтары қалпына келтірілді. Осылайша, қызмет алушы отбасының әлеуметтік сұрағы шешілді.

52 бақылау іс-шарасы өткізілді, оның ішінде: жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша – 33 тексеру, мемлекеттік органдардың хабарлауы негізінде – 4, профилактикалық бақылау – 15.

Тексеру қорытындысы бойынша 7346 бұзушылық анықталды, қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша 90-нан астам ұсыным әзірленді, көрсетілетін қызметті берушілердің 11 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

ҚР ӘҚБтК 465-бабы бойынша рұқсат құжаттарын беру тәртібін бұзғаны үшін 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қысқартылған тәртіппен 76575 теңге мөлшерінде айыппұл сомасы өндірілді.

Ең жиі анықталған бұзушы-лықтар:

– мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін бұзу – 3009 (41%);

– мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бұзу – 1955 (26,6%);

– қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту – 442 (6%).

Ең жиі анықталатын салалар:

– денсаулық, медицина және денсаулық сақтау – 1998 (28%);

– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 1659 (22,5%);

– жеке тұлғалар мен азаматтарды тіркеу – 1789 (24,3%).

«Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына жүргізілген қашықтан мониторинг қорытындысы бойынша 51 бұзушылық анықталды, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ сүйемелдеуімен «ХҚКО ИАЖ мониторингі» кіші жүйесінде мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімінің бұзылу себептерін анықтау бойынша 224 расталған факт анықталды, тиісті шаралар қабылданып, көрсетілетін қызметті берушілерге ұсынымдар енгізілді.

Астана қаласы әкімі аппаратының және ЖАО басқармаларының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманы сақтау жөніндегі бақылау іс-шараларының жоспарлары аясында департамент 20 ЖАО-да және ведомстволық бағынысты ұйымдарда бірлескен ішкі бақылау жүргізді, қорытындысы бойынша 3376-сы анықталып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсарту бойынша 112 ұсыныс енгізілді.

Мемлекеттік қызметтер ­көрсетудің бизнес-процестерін талдау

«Электрондық үкімет» порталында мемлекеттік қызметтердің жұмыс қабілеттілігі мен қолжетімділігіне тұрақты негізде мониторинг, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсетудің бизнес-процестерін талдау жүргізіледі, оларды жою және көрсетілетін қызметті берушілердің ақпараттық жүйелеріндегі проблемалар бойынша 100-ден астам ұсыныстар енгізілді, олар: «мемлекеттік қызметтер көрсету процесін құқықтық реттеуді бағалау», «мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды және техникалық мүмкіндіктерді бағалау», «мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру» бағыттары бойынша.

Мысалы, «Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» мемлекеттік қызметін зерделеу кезінде «жасырын қызмет», яғни мемлекеттік көрсетілетін қызмет белгілеріне сәйкес келетін функция анықталды.

Аталған мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі «электрондық үкімет» порталында қолжетімді некелік құқық қабілеттілігі туралы анықтаманы қамтиды. Осы анықтаманы алу үшін, егер көрсетілетін қызметті алушы ҚР шегінен тыс жерде некеде тұрса, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәліктің немесе жұбайының (зайыбының) қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмелері қосымша қоса беріледі. Анықтаманы кез келген тіркеуші орган АХАЖ АЖ мәліметтері негізінде береді. Алайда анықтама алу тәртібі реттелмеген.

Бүгінгі таңда, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 18.05.2022 ж. №170/НҚ бұйрығына сәйкес, аталған функция мемлекеттік қызметтің бұл кіші түрі болып мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізілген және осылайша осы қызметті алудың ашықтығы үшін бизнес-процесі айқындалды.

Шынында да, айқын және біркелкі ережелер мен стандарттар арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ашық және тиімді процесін ұйым­дастыру көрсетілетін қызметті беруші мен тұтынушы арасындағы қатынастардың нақтылығын тудырып қана қоймайды, сонымен қатар, лауазымды тұлғалардың қызмет көрсетудегі субъективті тәсілін жояды, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің дәрежесін азайтады.

Сондай-ақ, департаментпен «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша ұсыныс енгізілді.

ҚР Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрінің 13.08.2021 ж. №441 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өтінім түскен сәттен бастап 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей, алайда «Shanyraq» тұрғын үйге кезекке қою» АЖ-да көрсетілетін қызметті берушіде өтінімдерді өңдеудің және көрсетілген мерзімнен бұрын есепке қоюдың техникалық мүмкіндігі болмағаны анықталды.

Департаменттің ұсынымынан кейін көрсетілетін қызметті беруші уәкілетті ұйымдармен бірлесіп ақпараттық жүйені жетілдіру процесін аяқтап, қазіргі уақытта көрсетілетін қызметті берушіде жоғарыда көрсетілген мемлекеттік қызметті мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында белгіленген мерзімнен бұрын және тұрғын үй алуға есепке қоюды кешіктірмей көрсетуге мүмкіндік бар.

Осылайша, азаматтар қазіргі заманның ең өткір әлеуметтік мәселесінің бірі – тұрғын үй мәселесін шешу процесін жеделдету мүмкіндігіне ие болды, бұл өз кезегінде елдің тұрғын үй саясатын, тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету институттарын және олардың өзара іс-қимылын бірыңғай тетікте қалыптастыруға әсер етеді.

Мемлекеттік органдардың маңызды міндетінің бірі – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, ол қызмет көрсету процесінің жеңілдігімен, қолжетімділігімен, ашықтығымен, оны арттыру бойынша тұрақты жұмысымен, сондай-ақ қызметкерлердің жеделдігі мен құзыреттілігімен бағаланады.

Департамент мемлекеттік қыз­мет көрсету сапасын жақсартуға, азаматтардың сенім деңгейін арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған жұмыстарды белсенді жүргізуде.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде сіздің құқығыңыз бұзылған жағдайда, департаментке Сарыарқа даңғылы, 13 мекенжайы бойынша жазбаша түрде, «электрондық үкімет» порталы немесе «е-өтіш» азаматтардың барлық өтінішін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы жүгіне аласыз.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button