Қала мен Сала

МИБ мәселелері маңызды

Қазіргі кезде елімізде көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасына көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның негізінде елордада мүлік иелерінің бірлестіктері мен қарапайым серіктестіктер белсенді түрде құрылып жатыр. Бұл ретте тұрғындарды толғандырған мәселе аз емес. Солардың бірнешеуіне Астана қаласының әкімдігі жанынан орталықтандырылған кеңес беру мақсатында құрылған МИБ орталығының жетекшісі ­Гүлвира ӘБЕТОВА жауап береді.

– Гүлвира Серікқызы, айтыңызшы, жалпы осы ПИК пен МИБ-тің басты айырмашылығы неде?

– Негізгі айырмашылық – тұрғындар енді өз үйлерін дербес басқару құқығына ие болды. Өздеріңізге мәлім, қаладағы көпқабатты үйлердің проблемаларын шешіп, мұқтаждарын өтеуде пәтер иелерінің кооперативтері өзін-өзі ақтамағандығы туралы бұған дейін көп айтылды да, жазылды да. Қатарынан бірнеше үйді басқарған кейбір кооперативтердің төрағалары тұрғындардан тек ақша жинаумен айналысты.

ПИК жағдайында барлық қызмет көрсетілетін үйлерден жиналған қаражат жалпы шотқа кететін. МИБ құрғаннан кейін тұрғындар өз үйлерін өздері басқарады, төрағаны тек меншік иелері арасынан сайлайды. Бұл оларға күрделі жөндеуге қаражат жинауға, қаражаттың түсуіне мониторинг жүргізуге және оларды қажетті мақсаттарға жұмсауға мүмкіндік береді.

МИБ-тер көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстау бойынша қызметтерге тапсырыс беруші болады және ортақ мүлікті күтіп-ұстау бойынша қызметтер шартын жасасады. Ал ПИК бір мезгілде осындай қызметтердің тапсырыс берушісі және мердігері болып табылады.

Шағын үйлердің МИБ-тері басқарушы компаниямен, қызмет көрсетуші персоналмен шарт жасай алады, оларды тұрғындардың өздері ұжымдық түрде таңдайды.

ПИК-те әдетте сантехниктер, аула сыпырушылар, еден жуушылардың штаты жұмыс істеп, оларға зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер төленетін. Ал МИБ штатына тек төраға кіріп, есепші сырттан тартылады, тұрғын үйге қызмет көрсетумен және күтіп-ұстаумен сервистік компаниялар айналысатын болады.

Сондай-ақ МИБ-тің артықшылықтары бірі – МИБ-тің құрамына көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары ғана кіреді, бөтен адамдар болмайды. МИБ төрағасы мен Үй кеңесі тек пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері қатарынан сайланады. МИБ-ке ағымдағы және жинақ шоттары ашылады. Ақша қаражатының дұрыс жұмсалуын МИБ төрағасы мен үй кеңесі бақылауында ұстайды. Сервистік компаниямен шартты МИБ төрағасы бір жылға жасасады. МИБ төрағасы ай сайын тұрғындарға атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп отырады.

– Жүргізіліп жатқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформасының негізгі басымдықтары қандай?

– Ең маңыздысы, тұрғын үйлерді басқару туралы басқаша айтыла бастады. Бұрын жасыратыны жоқ, пәтер иелерінің кооперативтері тұрғындар тарапынан көңіл толмаушылықтар көп айтылатын. Қалай болғанда да, жаңа реформаның енгізілуімен «тұрғын үй басқарушысы» ұғымының мәртебесі жаңа көзқарасқа ие болды. Дегенмен, тұрғын үй қатынастары саласындағы мамандар кез келген басқа мамандық иелері секілді халықпен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істей білуі керек.

Бірнеше ондаған жылдар бойы меншік иелері үйді басқару шаралары туралы көп ойланбады. Ел ішінде, әсіресе республикалық маңызы бар қалаларда көші-қон мәселесінің ағымы бұл шаруаға қосымша әсер етті. Меншік иелерінің ортақ мүлікке көзқарасын өзгерту керек болды. Жалпы, егер төлемдер үй-жайдан тұрақты және уақтылы кешіктірусіз түсіп тұрса, бұл үй үшін де үлкен пайда әкеледі. Ал үйдің қажеттіліктері үшін МИБ шоттарына төлемдердің уақтылы түсуі бүгінгі таңдағы өткір проблемалардың бірі болып отыр.

– МИБ-те ағымдағы шығындардан басқа, күрделі жөндеу үшін ай сайын төлем төлеуге тура келеді. Осы тарифтердің өсуін болдырмау үшін не істеу керек?

– Күрделі жөндеу және күрделі жөндеу­ге ақша жинаудың ағымдағы жұмыстар мен қажеттіліктерге ешқандай қатысы жоқ. Жұмыстың мазмұны мен ағымдағы түрлері және күрделі шығындардың болатыны белгілі, оларды теңестіру мүмкін емес. Мысалы, еврожөндеуден кейінгі пәтерді алайық. Ондағы жөндеу қаншалықты қымбатқа жасалса да, жалпы үйді күтіп ұстау керек және пәтерді таза ұстаған жөн. Кез келген жөндеуден кейін пәтердің едендері ластанады, торлар бітеліп, крандардың бұзылуы және басқа да олқылықтардың орын алуы әбден мүмкін. Мұның бәрі ағымдағы жұмыстарды жүргізуді, яғни кейбір заттарды ауыстыруды және күтімді қажет етеді.

Ал 3-5 жыл өткеннен кейін бұларды жаңа дизайнмен, жиһаз бен ламинатты ауыстыру арқылы күрделі жөндеуге тура келеді. Сонымен бірге, тұрғындар көшіп келген бетте үйді бірден пайдаланады, қоныстану кезінде жұмысшылар лифтілерде құрылыс материалдарын тасымалдайды, жиһаздарды және т.б. заттарды бөлмеге кіргізу барысында қабырғалар мен есіктердің сынуы, алаңдарда қоқыс қалдықтарының қалып қоюы да әбден мүмкін. Бұл – қалыпты құбылыс. Дегенмен, осылардың бәрі жөндеуді қажет етеді.

Сондай-ақ жеке шотта қаражат жинауға болады. Жеке шоттан қаражат жиналыстың шешімі бойынша алынады, оларды күн сайын пайдалануға болмайды. МИБ-те бұл шот қорғалған, өйткені объектіде басқарудың бір нысаны және шот ғимаратқа бекітілген. ПИК кезінде жинақтаушы шоттар «белгі қою» және есептілік үшін ашылды, оларға аударымдар сирек жүргізілді. Жинақтар жекелеген жағдайларда ғана мақсатты жұмсалды.

– Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында МИБ төрағасы тек пәтер иелері қатарынан сайланатыны туралы талап жоқ, ал МИБ-тің үлгілік жарғысында бұл талап бар. Сонда қайсысы дұрыс?

– Иә, заңда тікелей бұл туралы талап жоқ және болған да емес. Бірақ, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына түзетулер енгізу жөніндегі жұмыс тобының қарауы кезінде оның пайда болуы мүмкін. Заң бойынша үй кеңесі мен тексеру комиссиясына қойылатын талаптар бар, олар меншік иелері болуы керек. Төраға бойынша Министрдің бұйрығымен бекітілген «Типтік Жарғы» нормативтік-құқықтық актісінде талап көрсетілген. Бірақ бұл жерде де Қазақстанда заңды тұлғалар Кәсіпорынның Жарғысына тармақтарда өзгерістер енгізе алатынын және бұл өзгерістер қолданыстағы заңнамаға қайшы келмеуі керектігін ескерген жөн. Мұндай жағдайда пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері бұл мәселені жалпы жиналыста бірлесіп шешеді.

 

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button