Мәдениет

Музыка шырағын жаққан маэстро

Қазақ музыка өнерінде өзінің ерекше қолтаңбасы бар талантты композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Астана қаласының Құрметті азаматы Төлеген Мұхамеджановтың мерейлі 75 жылдығына орай  «Астана опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда «Музыка – сезім шырағы» кеші өтті.

Ұлттық музыка өнерінде ерекше қызмет еткен композитор елорда­ның алғашқы жылдарында  қала әкімінің орынбасары болып, бас шаһар­дың  руханияты мен мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосты.

Төлеген Мұхамеджанов – классикалық және эстрадалық жанрды құстың қос қанатындай сәтті алып жүрген заманымыздың ең танымал, жарқын авторларының бірі. Оның шығармашылық қоржынында – симфониялар, опералар, музыкалық комедиялар, ішекті аспаптарға арналған квартеттер, симфониялық пьесалар, Абай өлеңдеріне арналған вокалдық топтамалар, романстар, әндер, кино мен театрға арналған музыка бар.

Концертте композитордың камералық-аспаптық және вокалдық шығармалары танымал опера әншілерінің, саусағынан бал тамған аспапшылар мен  камералық ансамбльдердің орындауында шырқалады.

Астананың төрінде өткен әдемі кеште Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахимардан Әбілов,  Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева әсем әндерімен көрермендерді баураса, фортепианода Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амир Тебенихин, флейтада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Байсағатов керемет өнер көрсетті. Фортепиано партиясын – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова мен халықаралық байқаулардың дипломанты Жанар Ахметова шебер орындап шықса, «FORTE TRIO» ҚР Мемлекеттік триосы фортепиано, скрипка, виолончельмен орындаған классикалық шығармаларға жиналған қауым ду қол шапалақтап қолпаштап отырды.

Концертте Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті өнер көрсетті. Мемлекеттік ішекті квартеттің талантты музыканттарының шығармашылық үндестігі әрдайым көпшіліктің назарын аударып, олардың әр қойылымы үнемі тыңдаушылардың жүректерінен орын алып келеді. Ұжым көптеген халықаралық фестивальдерге қатысып, бірнеше рет ең беделді әлемдік концерттік алаңдарда Қазақстанның атынан өнер көрсеткені мәлім. Бүгінгі кеште квартеттің бағдарламасында фортепианолық пьесалар топтамасы, фортепианолық трио, Ли Боның өлеңдеріне арналған вокалдық топтама, Қайролла Жұмакеновті еске алуға арналған флейтаның жеке орындауына арналған сонатина, фортепианоға арналған «Мимолетности»

Абай өлеңдеріне арналған вокалдық топтамасы мен Ғазиза Жұбанованы еске алуға арналған №1 ішекті аспаптар квартеті, кешке қатысқан барлық өнер тарландары композитор Т.Мұхамеджановтың шығармаларын орындап, елордалықтар алдында айрықша классикалық музыка кешінің, музыка мерекесінің айқын үлгісін көрсетті.

Газетіміздің алдағы нөмірлерінде кеш иесі, композитор Төлеген Мұхамеджановпен арнайы сұхбатымызды оқи аласыздар.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button