Мәдениет

Мұстафаның мұраты мен мұрасы

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ­Астана қаласының көптеген білім ордасына саяси қайраткерлердің есімі берілді. Солардың қатарында №51 мектеп-гимназиясы да бар. 2021 жылы 8 қазанда бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған Мұстафа Шоқайдың есімі берілуіне байланысты мектеп директоры Данара Мейрамбекқызының бастамасымен тарихи-танымдық музей ашылды.

Мұражайда 6 бөлім бар. Мұстафа Шоқайдың саяси қайраткерлігі, Грузияға сапары, эмиграциядағы кезі, оның энциклопедиялық ғалым ретінде тұлғасы, тәуелсіздік идеялары, еңбектері туралы құнды мәліметтер жинақталған. Мұражай кіреберісіндегі «Мұстафа, Отанға деген сағыныш» қабырға композициясы көзге бірден түседі. Суретте ұлт зиялысы армандаған қазақтың кең даласы, өзінің туған жері Қызылорданың табиғатын тамашалап жүрген Мұстафа бейнеленсе, жоғарғы бөлігінде тұлғаның өмір сүрген кезеңдеріндегі маңызды өлкелер картаға түсірілген.

«Қазір музей қорына 500-ден астам жәдігер жинақталды. Оның ішінде Мұстафа Шоқайдың әр жылдардағы құжаттарының көшірмелері, көрнекті қайраткердің өмірінен алынған фактілер және зайыбы Мария Яковлевнаның өз қолымен Сорбонна университетінің кітапхана қорына берілген құнды жәдігерлері бар. Мұстафа Шоқайдың әр жылдардағы мұрағат мұрасынан алынған құжаттарының көшірмелерін бізге Астана қаласы мемлекеттік мұрағаты ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ғазиза Исахан тапсырды. Осы жерде Ғазиза Исаханның 2001 жылы Қазақстан Республикасының бұрынғы Премьер-министрі Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей қатысуымен және қол­дауымен Париж қаласына барып, Мұстафа Шоқайдың музейдегі құжаттар көшірмесінің бірқатарын елге әкелгенін (ақылы түрде) атап айтқанымыз жөн. Сонымен қатар музейде түрлі дереккөзден, тіпті бұрын жарияланбаған отбасы альбомынан алынған Мұстафа Шоқайдың фотосуреттері бар шағын фотогалерея бар. Кейбір фотосуреттерге QR-код енгіздік. Сол арқылы танымдық орынға келген қонақтар штрих-код арқылы Мұстафа Шоқайдың түркі халықтарына арнап радио­да сөйлеген сөзінің жазбасын, сондай-ақ Мария Шоқайдың орындауындағы опера әнін тыңдауға мүмкіндік алады. Музейге келушілер көбінесе осы QR-кодты пайдаланғанды ұнатады» дейді музей меңгерушісі Салтанат Нұрлыбекқызы.

Музейде Мұстафа Шоқайдың құнды жәдігерлері мен құжаттары сақталған. Санкт-Петербург императорлық университетінің заң факультетіне студент қатарына қабылдауды сұрап, редактордың атына жазған өтініші, 1913-1914 жылы Санк-Петербургтің императорлық университетіне кіру үшін берілген студенттік билеті, Ташкенттегі ерлер гимназиясын бітіргені туралы аттестат, тағы басқа құжаттары бар. Сонымен қатар мұражайда ең қымбат әрі құнды жәдігері – Мұстафа Шоқай ұзақ жылдар бойы мақалаларын басып шығарған «Remington Portable» портативті жазу машинкасы төрде тұр. 1920 жылдардағы винтажды машинка әдемі ағаш корпуспен әсемделген. Дәл осындай машинканы, негізінен, журналистер мен жазушылар пайдаланған.

«Қайраткердің бұл мұрасын музейімізге саясаттану ғылым­дарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, дипломат, журналист Бақыт Садықова сыйға тартты. Жазу машинасын Мұстафа Шоқайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші Бақыт Садықова 26 жыл бойы көзінің қарашығындай сақтап, ешкімге бермеген. Оған Мұстафа үшін жеке музей ашылады деген сенім себеп болған. Жазу машинкасы мен Шоқайдың жеке мұрағатындағы хаттарды табыстау Алматы қаласында өтті. Ол жерде маған журналист, режиссер, продюсер Гүлбаршын Зайырова көмектесіп, қолдау білдірді. Бірі білсе, бірі білмес, Гүлбаршын Ғабитқызы – Мұстафа Шоқайдың ұрпағы. Ол бүгінде атасының есімін жаңғырту үшін тынымсыз еңбек етіп, бізге де өз тарапынан көмектесуде. Сол кездесулерде Бақыт Исаинқызы Мұстафаны зерттеу жолындағы тарихы мен өзінің бастан кешкен оқиғаларын баяндап берді. Шыны керек, бұл тақырыпты қызыға зерттеп жүрген мен үшін бұл ешкім естімеген құнды ақпараттар еді. Бұл туралы өз сөзінде Бақыт Садықова былай деп еске алады: «…Бұл жазу машинкасын маған 1996 жылы Әлім Алмат (Ғалымжан Төремұрат) деген түрік мырзасы сыйға тартты». Кезінде бұл жазу құралын оған Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевна ханым берген екен. Ал Әлім Алмат Шоқай әулетімен таныс болып, соғыстан кейін екі жылдай Францияда Мария Яковлевнаның жанында тұрады. Париж консерваториясында білім алған Әлім Алмат кейін Мария Яковлевнаның қолдауымен түрік азаматтығын алып, Ыстанбұлға орналасып, сонда отбасын құрады. Анасындай жылылық көрсеткен Мария Яковлевнамен байланысын үзбей, отбасымен араласып тұрады. Мұстафаның ұлы мұрасын Мария Алматқа ұсынған кезде: «…Сен әлі жарқын күндердің куәсі боласың, мен оған сенемін. Саған айтарым, елі үшін, біртұтас Түркістан үшін жанын берген Мұстафа туралы туған жеріне айтып, жеткіз» деп аманат тілегін айтқан екен. Осы аманат тілегін, сонымен қатар, Мұстафаға тиесілі құнды деректерді Бақыт Садықова­ға жеткізген Әлім Алматтың мұраларына біздің де қолымыз жетті. Сонымен қатар әлі күнге дейін еш жерде жарияланбаған суреттердің мол қорын Бақыт Садықова бізге табыстады. Тағы бір ауыз толтырып айтарлықтай экспонат – Мария Шоқайдың концерт бағдарламасы. Оның шетел сахналарында талай рет ән шырқаған опера әншісі екені бәрімізге белгілі. Ал бұл 1926 жылы Париж сахнасында концертмейстер Теодор ­Якименкомен қойылған концерт бағдарламасы – осының дәлелі. Жеке отбасы мұрағатындағы заттар мен құжаттар – ­Мұстафа Шоқай мұражайының ең құнды жәдігерлері» деді музей ­меңгерушісі.

Тарихтың қай кезеңінде болсын, өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген тұлғаның бірі – Мұстафа Шоқай. Әлемнің қай шетінде жүрсе де, өз ұлтының мүддесін ойлап, туған жерге деген сағынышын өлең, жырмен жеткізген тұлға.

Қазір М.Шоқайды танып-­білгісі келетін жастар көп. Сондықтан №51 мектеп-гимназиясы Мұстафа Шоқайдың өмірі мен шығармашылығын зерттегісі келетін жас ғалымдардың басын біріктіріп, зерттеу тобын құрыпты. Оқушылар Мұстафа мұрасын зерттеп қана қоймай, оны ғылыми негізде де насихаттайды. М.Шоқайдай тұлғаның әрбір жәдігері мен тарихын танып, оны зерттеу – оқушылар үшін үлкен мақтаныш.

Алмагүл БЕРДІМҰРАТ,

Л.Гумилев ­атындағы Еуразия ұлттық ­университетінің 4-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button