Басты ақпаратБілім

Мұғалім – мектеп жүрегі!

Ертең Мұғалімдер күні мерекесі! «Мұғалім – мектептің жүрегі, мектеп – білімнің кемесі». Жас ұрпақты кемел келешекке жетелейтін ұстаз еңбегі ұшан-теңіз екені анық. Сондықтан да мұғалім мамандығы мәртебелі әрі қасиетті болып саналады. Олай болса, мұғалім мерейі әрқашан үстем бола берсін! Адами капиталы мықты ел ғана биіктерді бағындырады. Ал интеллектуалды ұлт қалып­тастыруға үлес қосатындар – мұғалімдер, нағыз педагогтар. Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық деп атауымыз да сондықтан. Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім – мектептің жаны» деп бекер баға бермеген. Үздік мұғалім – ол кез келген білім беру мекемесінің тірегі. Мықты кадрдың өлшемі қандай, кадр мен қадірдің арасындағы өлшем қалай бағаланады – оларды қолдаудың қазақстандық моделі қандай?

Елімізде әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Бұл – білім саласындағы серпінді жоба. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2020 жылдан бастап шамамен 600 мың педагогтың жалақысын кезең-кезеңімен өсіру басталды. 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге өседі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлағандай, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтардың жалақысы 25%-ға, медицина қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 20-30%-ға өсті. Елімізде бұған дейін «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, олардың құқығын қорғау бағытында бірқатар маңызды іс-шара қабылданды. Мәселен, мектеп директоры тікелей педагогтарды жұмысқа қабылдай алмайды, бұл электронды форматта конкурс арқылы іске асуда.

Мектепке қыруар қаржы бөлінгенмен, мықты мұғалім, үздік ұстаз болмаса, білім сапасын арттыру мүмкін емес. Әсіресе ел аймақтарында білікті мамандар жетіспейді. Президенттің тапсырмасы бойынша министрлік қолдау шараларының тиісті пакетімен осы өңірлерге үздік педагогтарды тарту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлегені де белгілі. Кадрлар бәрін шешетінін түсіндік. Өйткені әртүрлі өмірлік жағдайға бейімделе алатын жеке тұлғаны тәрбиелеу, ерік-жігерді, батылдықты, ұстамдылық пен шыдамдылықты тәрбиелеуге көп көңіл бөліп, практикалық ойындар арқылы баланың бастамасы мен табиғи қабілетін дамыту, яғни еркін тәрбиені қолдану, коллективизм арқылы адамдарды біріктіру идеясын беру, қоғамға қажет тұлғаны, өмірде өз көзқарасы, мақсаты бар білімді ұрпақты тәрбиелеу, қалыптастыру – нағыз педагогтың үлесінде. Нағыз педагогтың мақсаты – ұлттық құндылықтармен қаныққан, жауапты, еңбекқор, белсенді, отаншыл және өзіндік азаматтық ұстанымға ие ұрпақты тәрбиелеу. Жалпы білім мазмұнының әр 5-6 жылда жаңартылуы, түзетілуі түсінікті. Бұл – заман талабына орай өзгертіліп отыратын циклды үдеріс. Әлемнің барлық еліне тән тәжірибе. Биылғы оқу жылында педагогтарымыз жаңартылған білім жүйесімен білім беруде.

Жуырда Қазақстанда «Педагог» кәсіби стандарты қабылданады. Мәлім болғандай, оны енгізу жұмыстары да аяқталуға жақын. Бұл стандарттарда көрсетілген ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды білім алушылардың бойына дарытуды іске асыру маңызды. Адам тәрбиесі, тұлғаны қалыптастыру ісі де бір орнында тұрмайды, үнемі ізденіс, жетілдіру үстінде. Барлық педагогтар болашақ ғасырдың тұлғасын қалыптас­тыруда оған қажетті дағдыларды қалыптастыруға қызмет ету кез келген мұғалімнің, ұстаздың басты міндеті, мақсаты болуы керек. Министрліктің жалпы ұстаздардың жағдайын жақсарту, білім жүйесін жаңғыртуда көптеген жаңа бастамаларды енгізіп жатқандығы белгілі. Әсіресе ұстаздарды қолдау мәселесі басты назарда екені белгілі. Білім майданында қызмет жасап жатқан мұғалімдердің еңбегін бағалау мақсатында да 25 жылдан астам еңбек өтілі бар ұстаздарға «Білім саласына адалдық» медалінің енгізілуі де ұстаздар қауымына деген тағзымды, құрметті білдіреді. Мемлекет басшысының ұстаздардың жағдайын жақсартуға қатысты қабылдаған, мұғалімдердің мәртебесін көтеруге бағытталған заңы ұстаздардың беделін көтеріп, мерейін тасытып, әлеуетін арттыра түсетіні анық. Осы ретте қала әкімдігінің, Білім басқармасының елордалық ұстаздарды қолдаудың ең үздік моделін көрсетіп отырғанын айрықша айту қажет.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button