Елорда тынысы

Мәмбетов мерейтойына арналады

Кеше елорда әкімдігінде жаңа театр маусымының ашылуына байланысты баспасөз мәслихаты өтіп, қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин жаңа маусым жаңалықтарын жеткізді. 

Оның айтуынша, қазір бас қалада 9 театр бар. Оның 3-еуі – республикалық театрлар, ал 6-ы қала әкімдігіне қарайды. Соның ішінде Музыкалық жас көрермен театры, «Жастар» театры, «Наз» мемлекеттік би театрының жаңа маусымы ашылып үлгерді. «Қуыршақ» театры жыл бойы жұмыс істейді. М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры 122-маусымын 15 қазанда Музыкалық жас көрермен театр сахнасында ашады. Ал Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында 5-мерейтойлық маусымы 5 қазанда ашылады.

Биыл 22-30 қазан аралығында театр және кино режиссері, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған Tеatrall атты халықаралық театр фестивалі өтеді. Қала әкімдігінің ұйымдастырылуымен өтетін фестивальге республикалық және шетелдік театрлардан 14 спектакль іріктеледі. Бұл спектакльдерді театр қызметкерлерінің құрамына кірмейтін тәуелсіз сарапшылар сайлайды. Бүгінгі күні 25-тен астам өтінім келіп түсті. Көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттерінен, Ресей Федерациясынан, түркі мемлекеттерінің халықаралық ұйымынан (ТҮРКСОЙ) өтінімдер қабылданды. Фес­тивальде ұсынылатын спектакльдерге қойылатын басты талап – Әзірбайжан Мәмбетов қойған пьесалар.

Қазылар алқасының құрамында театр сыншысы Еркін Жуасбек,  өнертану кандидаты Амангелді Мұқан сынды танымал театртанушылар бар. Бұған қоса, фестивальге шетелдерден арнайы қонақтар келеді.

Мақтымқұлы атындағы түрікмен ұлттық музыкалық драма театры, Т.Әбдімомынов атындағы Қырғыз мемлекеттік академиялық драма театры,  Гейдар Әлиев атындағы Тбилиси мемлекеттік Әзірбайжан театры, Өзбек мемлекеттік Жизақ музыкалық драма театры, Санкт-Петербург камералық театры қатысады. Фестивальдің қорытындысы бойынша бірнеше аталымда сыйлықтар тапсырылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button