Қоғам

Мәшһүр Жүсіп атын неге бермейміз?

Астана қаласындағы «Шератон» қонақ үйінің үлкен залында «Сенім мен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен белгілі ойшыл, фольклортанушы, тарихшы, ақын, этнограф, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына орай арнайы дайындалған 5 кітабының тұсаукесері болды.

Жалпы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қаламынан туған еңбектерді оқыған сайын оның жаңаша қырын ашып, ойының тереңіне қайтадан бойлап, жан дүниеңді жаңа рухани азықпен кенелте бересің. Данышпанның кемеңгерлігі де осында болса керек. Аллаға шүкір, тәуелсіздік алғаннан бері ғұламамыздың бұрын жабық болған мұраларына қол жеткізіп, танысып, баспадан шығаруға мүмкіндік алдық. Бүгінде Мәшһүр Жүсіп атамыздың жарық көрген кітаптарының өзі 20 томнан асады. Кезінде жоғалып кеткен, әлі күнге дейін табылмаған, іздеуді талап ететін еңбектері қаншама десеңізші…

Тұсаукесерде сөйлеген ҚР ҰҒА академигі, филолог ғалым Серік Негимовтың айтқаны бізге ой салды. Ол өз сөзін: «Осыдан бір ғасырдай бұрын білте шамның жарығымен, қаламның ұшымен қазіргі таңда жиырма томнан асып түсетін еңбектерді жазу қандай ғаламат десеңші!» деп түйіндеді. Шынында да, Мәшһүр Жүсіп атамыз­дың өз дәуірінің бірегей феномені болғаны сөзсіз.

Дана халқымызда «Ақыл – Алланың сыйы» деген қанатты сөз бар. Мәшһүр Жүсіп атамыз Жаратушының қолдауымен шексіз білімді, дана, қасиетті, көріпкел кісі болған. Ислам дінінің негіздерін, араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік меңгерген. Өлең жазумен қатар, ауыз әдебиетінің үлгілерін де жинап, жарыққа шығарған. Шежірелерді жинақтап, ағарту ісімен де айналысқан. Еліміздің тарихын ке­йінгі ұрпаққа жеткізген. Құранды жатқа біліп, оның қасиетті сүрелерін жыр жолдарында өз орнымен қолданған. Сондықтан замандастары Жүсіп атамыздың атына Мәшһүр (арабша – әйгілі, атақты, даңқты) деген құрметті атақты қосып берген.

Мен әлемдік өрке­ниеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, данышпан Аристотельдің ізбасары, әлемнің екінші ұстазы – Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз туралы біраз ізденіп оқыдым. Екі ғұламаның сіңірген еңбектерін бағамдай келіп, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ХІХ ғасырда сайын даламыз­да әл-Фараби бабамыз­дың жолын жалғаған, жан-жағына даналықтың нұрын шашқан нағыз абыз тұлға деп атасақ, артық болмас еді деп ойлаймын. Осыған орай, оның есімін Мыңжылдықтың ұлы тұлғаларының тізіміне енгізу туралы ұсыныс дайындауды қолға алған жөн болар. Ұсыныс демекші, Павлодар қаласын Мәшһүр Жүсіп бабамыздың атымен атаса, Астана қаласының орталық көшелерінің біріне атамыздың атын берсе (себебі бас қалада оның атында қысқа көше бар), жалпы орта, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында Мәшһүр Жүсіптің еңбектерін оқу күндерін белгілеп, атамыз­дың жерленген жеріне туристік маршруттар ұйымдастырылса, бұл бір жағынан болашақ ұрпаққа үлгі болып, екінші жағынан ниет білдірген әрбір азаматтың оның басына тәу етіп қайтуына мүмкіндік туар еді. Сонымен қатар оның еңбектерін шет тілдерге аударып, елшіліктер арқылы әлем елдерінің кітапханаларына таратсақ, кеңінен насихаттау жұмысын жүргізсек, біздің елімізге деген қызығушылық одан сайын арта түсер еді деп ойлаймын.

Егемендігіміздің арқасында жоғалғанымыз табылып, жыртығымыз жамалып, төл тарихымыздың түгенделіп келе жатқаны аса қуантады. «Бәйтерек – бұтағымен, адам ұрпағымен жасайды» демекші, осы жазбамызды «Мәшһүр Жүсіп атамыздың өсиет сөздері, болашаққа айт­қан жақсы болжамдары қабыл болып, еліміздің ертеңі – жастарымыздың келешегі жарқын болсын» деген тілекпен тұжырымдағымыз келеді.

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button