Басты ақпаратМәдениет

Намысы найзағайдай жарқыраған

Ташкентте бокстан өткен әлем чемпионатында қазақ боксшылары 4 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орыннан көрінді.

Төрткүл дүние көз тіккен әлем чемпионатында 100-ден аса елден келген 600-ге жуық боксшы 13 салмақ бойынша бағын сынады. Солардың ішінен 5 елдің ғана әнұраны жеңіс тұғырынан шырқалды. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкірттерін бұл чемпионатқа ерекше дайындағаны көрінді. Біріншіден, әлем біріншілігі Өзбекстанда өтетін болғандықтан, жігіттерді тек қана «төбелеске» дайындамай, олардың намысын қамшылағаны байқалды. Олай дейтініміз, қазақ-өзбек деген спорттық бәсеке осы бокста да ешқашан бәсеңдеген емес. Ең бастысы, осы бәсекелестіктен екі елдің спортшыларына пайдасы тимесе, зияны тиген емес. Соның нәтижесі емес пе, қазақ пен өзбек боксшылары әлемдік жарыстарда кезектесіп, көштің басынан түспей келеді.

Енді, өзіміз барып, көріп қайтқан чемпионатқа тоқталайық. Алғашқы он күнде іріктеу жекпе-жектері аяқталып, суырылып шыққан 52 боксшы жартылай финалға өтті. Бұлар, яғни кем дегенде қола медаль алатындар. Олардың арасында 5 қазақ жігіті болды.

Сөйтіп, ширек финалдар бітісімен «Хумо Аренадан» шықпай, ендігі жағдай қалай болатынын өзімізше саралап алдық. Саралап алдық та, демалыс күнді өткізіп жартылай финалға келдік. Байқасақ, Ташкенттің орталығында қазақ туын ұстағандар көбейіпті. Жартылай финалда айқасқан боксшыларымыз айды аспаннан шығарғандай болды. Санжар Тәшкенбай да (48 келі), Сабырхан Махмуд та (54 келі), Дулат Бекбауов та (67 келі), Асланбек Шымбергенов та (71 келі), Нұрбек Оралбай да (80 келі) керемет жекпе-жек өткізіп, алтын үшін айқасқа шықты. Тағы да түнімен алдағы финалды өзімізше сараладық.

Финалға негізгі қарсыластарымыз Өзбекстаннан – 7, Кубадан – 4, Ресейден – 2, Франциядан – 2, Италия, Грузия, Моңғолия, Бразилия, Әзербайжан, Қытай елдерінен бір-бір боксшыдан шықты.

Ал қызықтың көкесін финалда көрдік. Көргенде, жартылай финалда қарсыластарынан басым түсіп, ақтық айқасқа шыққан бес боксшымыз көрсетті.

Алдымен, киіктің асығындай сүйкімді саңлағымыз Санжар Тәшкенбай көк туымызды биіктен желбіретіп, қазақтың әнұранын әуелетті. Астаналық боксшы грузиялық қарсыласын жай емес, нокдаунмен тізе бүктірді. Айтпақшы, Санжарды марапаттау кезінде әнұранымыздың соңғы қайырмасы айтылмады… Бірақ жеңістің құдіреті қанын қыздырған қазақ жанкүйерлері әнұран қайырмасын шырқай жөнелді. Сол сәтте кең сарайдағы көпшілік қазақтың туын желбірете тұрып ән шырқаған жанкүйерге бастарын шайқап, ілтипат танытты.

Өкінішке қарай, финалға дейінгі қарсыластарын әдемі ұтқан Дулат Бекбауов (67 келі) алтын үшін өткізген айқасында жолы болмады. Өзбек боксшысына ұпай санымен ұтылып, күміс жүлдегер атанды.

Осылайша, финалдың бірінші бөлігінде бір алтын, бір күміс алып, көңіліміз жайланғандай болғанымен, бір топ журналист өзімізше ертеңгі жекпе-жектерді саралап дұрыс ұйықтай алмай шықтық.

Ал чемпионаттың соңғы күні де тағы да сол қазақ-өзбек бәсекесімен басталды. Шаршы алаңға бірінші болып Сабырхан Махмуд пен өзбекстандық Ойбек Жураев шықты. Кең сарай ішінде
«Қазақстан», «Өзбекстан» деген айғай-шудан құлақ тұнды. Қабағы жарылып мазасы кетіп жүрген Сабырханның бұл жекпе-жекке қойған тактикасы керемет болды. Ол қайта-қайта тігіп, жамау-­жамау болған қабағына бір соққы дарытпай төбелесті. Онымен қоймай Ойбекті екі рет ойсырата ұрып, нокдаунға жіберді. Төрешілер жеңісті бірауыздан Сабырханға берді. Жураев болса, шаршы алаңның ортасында тұрып егіліп жылады. Бұл жолы да әнұранымыздың екінші қайырмасын жанкүйерлер өздері шырқап шықты. Басқа көрерменнің бәрі қазақтың бұл ісіне ілтипат білдіре берді.

Кұрама капитаны Асланбек Шымбергенов те өзбектің мықты боксшысымен қолғап түйістірді. Бұл енді сұмдық шайқас болды. Көрермен деген тұрып кеткен… Айғайдан тағы да құлақ тұнып кетті. Екеуі де «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер екен. Екеуі де шегінгісі жоқ. Дегенмен, біздің Асланбектің жігері мықты болып шықты, шешуші үшінші раундта Сайдшамшид Жафаровтың шықшытын бірнеше рет шықырлатып жіберді. Сөйтіп, біздің капитан да ерледі.

Ал қазақ боксшылары айқасқан финалдың ең қызығы да, ең ауыры да 80 келі салмақта болды. Рингке қос қазақ көтерілді, бірі өзіміздің Нұрбек Оралбай болса, оның қарсыласы қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан болды. Құдайдың салғанын қойсайшы, бүкіл әлемдік біріншілікте екі қазақты алтын үшін таластырып қойған.

Бұл жекпе-жекте Қазақстан намысын қорғап шыққан Нұрбек бауырымыз төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Осылайша Оралбайдың біреуі Ташкент төрінде қазақтың туын төртінші рет көтеріп, әнұранымыздың екінші қайыр­масын төртінші рет  шырқатты.

Әлем чемпионы болған боксшыларымыз Халықаралық бокс федерациясынан 200 000 доллар сыйақы алды, ал Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Ракишев финалдық жекпе-жектерден кейін ұлттық құраманың әрбір боксшысын құттықтап, 100 000 доллар көлемінде сыйақы беретінін жеткізді. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі де чемпиондарымызға 15 000 доллар көлемінде сыйақы беретін болды.

Сонымен, Ташкентті 15 күн бойы дүбірге бөлеген әлем чемпионаты да тарих қойнауына өтті. 4 алтын, 1 күміс еншілеген Қазақстан  құрамасы жалпы командалық есепте екінші орыннан көрінді. Ал 5 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль алған шаршы алаң иелері бірінші орынға ие болса, үздік үштікті 2 алтын және 2 қола медаль алған Ресей құрамасы түйіндеді. Куба боксшылары бұл жолы төртінші сатыға түсті.

Қазақ боксшылары үшін ендігі бәсеке осы күзде өтетін – Азия ойындары. Ал алдағы жылы Париждегі Олимпиада ойындары күтеді.

Астана – Ташкент – Астана

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button