Басты ақпарат

Несиеге байланған тірлік

Астана қаласында таяуда өткізілген «0-0-24» деп аталатын акция көптеген тұрғындардың көңілін қалдырып кетті. Жасыратыны жоқ, тұрмыстық техника мен жиһаздардың бағасы аспандап тұрғанда тауар құнын осылай екі жылға бөліп төлеу арқылы жан бағып жүрген кейбір тұтынушылар сандарын соғып қалды. Неге десеңіз, осы жеңілдікті несиені банктер енді кез келген адамға бере бермейтін болып шықты.

Әлеуметтік несиенің жай-күйі

Қала тұрғыны Жарас Шәкіров мұндай тұтынушылық кредитті бұған дейін бірнеше рет алып келгенін айтады. Енді келіп оған және өзі сияқты бірнеше адамның бөліп төлеуге берген өтініштерін банкі мақұлдама­ған. Айтатын уәждері «кейінгі кезде осындай бөліп төлеуге алынған тауарлардың 70-80 пайызы  ақшасын мерзімінде төлемеген» екен.

Бұл салада қазір алаңдатарлық жағдай қалыптасып отырғанын бұған дейін бірнеше рет сарапшылар да айтқан болатын. Дегенмен, өзіне миллиардтап табыс әкеліп тұрған мүмкіндіктен айырылып қалуға екінші деңгейлі банктер онша мүдделі емес секілді.

Расы керек, оған тауарларының барлық үстеме пайыздары жасырылған, өздеріне көбірек тұтынушы тартуға септігі ұшан-теңіз әрі сау­далары тоқтамай жүріп жатқан ірі супермаркеттер мен жиһаз, электроника дүкендері де «кет әрі» болған жоқ. Ал нәтижесінде елімізде тұтынушылық несие беру бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге көтерілді. Сараптама жүргізген «Moоdy`s» рейтингілік агенттігінің мәліметінше, кредитке берілген тауар көлемі қазір төрт трлн теңгеге жақындаған.

«Moоdy`s» рейтингілік агенттігі де «Қазақстандағы бөліп төлеу несиесі­нің көлемі ел тұрғындары­ның жинақтал­ған номиналдық табысынан 2,2  есе жоғары» деп дабыл қағып отыр. Бұл дегеніңіз – әр азамат тапқан табысынан екі есе көп кредит төлеп отыр
деген сөз

– Бұдан қорықпауға болар еді, – дейді отандық қаржыгер Қанат Елтаев. – Өткен 2021 жылы қарызын өтемей, мерзімін өткізушілер 7,4 пайыз болса, биылғы жылдың сегіз айында ол 5,9 пайызға дейін төмендеген. Бірақ, шындығында Ұлттық банктің дабыл қағуы өте дұрыс. Өйткені мұның астарында «жаймен жарылатын жарылғыш зат сияқты» бір құпия жатыр. Елдің қаржы секторына, тұтастай алғанда, экономикасына оның түбі зияны тиері сөзсіз. Екінші деңгейлі банктер тек бүгінгі күнді ойлап, болашақта болатын нақты жағдайды бажайлай алмаса, ертең опық жеп қалулары әбден мүмкін.

Сондай-ақ «Moоdy`s» рейтингілік агенттігі де «Қазақстандағы бөліп төлеу несиесінің көлемі ел тұрғындарының жинақталған номиналдық табысынан 2,2  есе жоғары» деп дабыл қағып отыр. Бұл дегеніңіз – әр азамат тапқан табысынан екі есе көп кредит төлеп отыр деген сөз. Мұндай болуы мүмкін бе?

– Мүмкін, – дейді қаржыгер Әділ Сәрсенов. – Агенттік өз есебінде ел азаматтарының орташа табысын алып отыр. Ойлап қараңыз, жиырма төрт айға бөлгенде 800 мың теңге тұратын тауардың өзі айына 28-30 мың теңгеден шығады. Көбі бұл қарыздық жүктемені ай сайын еш қиналмай төлейміз деп ойлайды.

Ал шындығында өмір бір орында тұрмайды ғой. Адамдардың табысы азаюы немесе жұмысы ауысуы мүмкін. Оның үстіне күннен-күнге қымбатшылық қысып барады. Міне, осындай жағдайлардың барлығы жиналып, көптеген тұтынушыны несие құрсауында қалдырып отыр. Сондықтан екінші деңгейлі банктер қазір тұтынушылық несие беруде бұрынғыдай емес, ойлана бастады.

Жылжымайтын мүлік қымбаттай бере ме?

Мамандардың пікірінше, мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар тұрғын үй нарығындағы коммерциялық ипотеканы толық ығыстырып шығарды. Оған қоса тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы қорынан жеткілікті шектен асқан ақшаны алу да пәтер бағасының күрт өсіп кетуіне себепші болған көрінеді.

Қазір елде ипотека дәуірлеп тұр. Ірі қалалардан пәтер алатын он адамның тоғызы жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша ипотека алғандар болып отыр. Биылғы жарты жылдықта қазақстандықтарға 900 млрд теңге ипотека қарызы беріліпті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ке немесе 147 млрд көп. Тұрғын үй кредитін беруде «Отбасы» банкі көш бастап келеді.

Үкімет «Отбасы» банкке қосымша жеңілдетілген бағдарламалар шығарып еді, ипотекалық нарық толығымен мемлекеттік қаржыландыруға мүдделі бола бастады. Енді бұдан әрі мемлекеттік ипотекасыз жаңа салынған үйлерді сатып алу мүмкін болмай қалуы әбден мүмкін. «7-20-25» жеңілдетілген бағдарламасы тұралағалы тұрғын үй нарығына деген сұраныс та кеми бастаған. Тек 2022 жылдың өзінде осы негізде 500 млрд теңгеге дейін сұраныс төмендеп отыр. Ал есесіне келесі жылы «Отбасы» банк салымшыларына  берілетін сыйақы мөлшері 100 миллиард теңгеге дейін өсуі ықтимал. Ал бұл өсу қарқыны  отандық экономикаға қалай әсер етеді? Қарапайым адамдардың тұрғын үйге қол жеткізуі қалай болады? Міне, осы сұрақтар төңірегінде әлі мәселе көп.

Экономист-сарапшы Данияр Ерментаевтың айтуынша, үкімет коммерциялық ипотеканы біртіндеп қайтармай, немесе нарықтағы тұрғын үй бағасына нақты бақылау орнатпай пәтер алу көп адамның арманы болып қала беруі де мүмкін. Расы керек, кейінгі кезде банктер ешқандай тиімді ұсыныс айтып отырған жоқ. Нарықтық тұрғын үй займының орташа мөлшерлемесі – 17%  пен  27% аралығында. Бұған екінші деңгейлі банк талап ететін тұтас бір ақылы құжаттар тізбегін тағы қосыңыз. Сонда екі бөлмелі үйіңіз елу-алпыс миллион теңге төңірегінде шыға келеді. Ал оған біздің елдегі жалақымен кез келген адамның қолы жетпейді.

Ипотека көзден бұл-бұл ұшатын сияқты

Мемлекеттік те, коммерциялық та ипотека қазір елімізде қол жетпейтін арманға айналып бара жатыр. Кедергілер көп, шектеулердің де шегі жоқ. Пәтер алғысы келіп тілек білдірген адамның ығырын шығарады. Есесіне үй салушылар мен риэлторлардың құдайы беріп тұр. Көмекейлері тіптен кеңейіп барады.

«Құрылыс материалдарына баға шамадан тыс өсіп кетті. Бұл геосаяси жағдайға, оған қоса Украинадағы соғысқа байланысты салынып жатқан санкцияларға қатысты делінгенімен, халық әлі де баспана алуда үкіметтен жеңілдікті мүмкіндіктер күтіп үміттенеді. Қазақстанда «7-20-25» ипотекасы  орта тапқа арналмаған. Қазір осы бағдарламаға тек әскерилер мен табысы аз азаматтар ғана қатыса алады.

Аймақтарда жағдай тіптен ауыр. Бұрыннан бар ипотекалық бағдарламалардың өзі қаржыландырылмай отыр. Қазір тек құрылыс Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ғана тамтұмдап жүріп жатыр» дейді экономист-сарапшы Виктор Микрюков.

Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ел үкіметі несиемен күн көріп келген халықты енді несиесіз өмір сүруге үйретуге бел буған тәрізді.

Қазір Ұлттық банк: «тұрмыстық несие алғандар айына бес, он, жиырма мың теңге түк емес, төлеп тастаймыз» деп ойлайды. Кейін түрлі жағдайларға байланысты төлей алмай, әп-сәтте жиналып қалады. Сондықтан тұрмыстық несиені тоқтатып, халықтың нақты қаржысын дұрыс жұмсап, тиімді пайдалануға үгіттеу керек» деген байламға келіп отыр. Ал мұның дұрыс-бұрысын алдағы уақыт көрсетеді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button