Елорда тынысы

Отбасы негізі – сыйластық

Елордада Отбасы күніне орай «Бақытты отбасы – мықты мемлекеттің негізі» атты фестиваль өтті. Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры бұл фестивальді биыл үшінші рет ұйымдастырды.

Шараға қоғам қайраткерлері, қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, отбасы құндылықтарын насихаттау, гендерлік мәдениетті қалыптастыру, жалпы отбасы институтын нығайтуға үлес қосып жүрген ҮЕҰ мен қоғам белсенділері қатысты.

Шараны Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров ашты. Ол барша көрерменді отбасы мерекесімен құттықтай отырып, отбасы құндылықтарын нығайту керектігін атап өтті.

– Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады. Қазіргі таңда қоғамда негiзгi отбасы құндылықтарын нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударылуда. Отбасы институтын нығайту мақсатында осы жылдың тамызында елордамызда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ұйымдастырылып, 151 отбасы құжат тапсыр­ған болатын. Ұсынылған өтінімдер санының көбеюі қоғамның отбасы құндылықтарына аса мән беріп, қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен мейірімділік, ұлтжандылық пен отаншылдық сияқты асыл қасиеттердің бәрі, ең алдымен, отбасында қалыптасатындығы анық, – деді Қайрат Қамбаров.

«Мерейлі отбасы-2022» қалалық кезеңінің жеңімпазы Сағитовтар отбасының атынан алты баланың анасы Айнагүл Сағитова сөз сөйлеп, берік отбасын құрудың негізі, ері мен әйелдің сыйластығы, ұрпақ тәрбиесі жайлы тебіренді.

Ерекше қажеттілігі бар 14 жасар Ернұр Тұрмағанбетов пен 15 жастағы Мөлдір Жантөренің шырқаған әндері фестиваль қатысушыларына ерекше әсер сыйлады.

«Әлем әйелдері достығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Тәңірбергенова жақында қызын ұзатқанда ұлттың негізі қазақтың салт-дәстүрлерінде жатқанын түсінгенін жеткізді.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дінтану кафедрасының доценті Кеңшілік Тышхан қазір ажырасу үлкен трагедия болып жатқанын айтып, бұл ұяда дұрыс тәрбие көрмегендігінің кесірі екенін атап өтті.

Фестиваль соңында қатысушыларға қала әкімдігі атынан алғыс хаттар тапсырылды.

 Баян Асылбекова

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button