Басты ақпарат

Отбасы – құндылықтар қазынасы

Басын ашып алайық, бұл айтылып та жазылып та әбден жауыр болған тақырып, оны қайталағаннан жағдайды өзгертіп абырой таппасымызды да білеміз. Сонда да қолымыз­ға қалам алып, қоғамның тыртығын тырнап отырған жайымыз бар. Ондағымыз, әлі де болса қоғам індетіне тосқауыл болайық деген әлсіз әрекетіміз. 

Әлсіз әрекетіміз дейтіндей бар, өйткені ешкім еріккеннен ажыраспайды.  Екі адамның ортасына есі кеткен түседі демекші, басу айтатын да біз емес. Жалпыға ортақ некенің бұзылу себептерін де тәптіштеп айтатын жағдайымыз жоқ. Анығы, бұл ерлі-зайыптылардың ғана емес, айналасындағы ағайын-туыстары үшін де өте ауыр күйзеліс, материалдық жағынан да жеңіл шаруа  емес. Бұл – кісіге күлетін де не біреуді табалайтын да жайт емес, білген адамға  бір институтты жоққа шығаратын, қауіпті үрдістің шарықтау шегі. Жаманы – жастардың некесі бұзылып, көтерген шаңырағының шайқалуын қалыпты құбылыс ретінде қарайтын хәлге жеткеніміз. Отбасы институтының құрдымға құлап бара жатқанына бейжай қарап тұра алмайтындар оның ауыр трагедия екенін тағы еске салғанның артығы жоқ.

Жалпы Адам ата мен Хауа ана жаратылғалы бері мұндай мәселе болды ма, жоқ па бейхабармыз. Дегенмен некенің заңды түрде бұзылу үрдісі соңғы ғасырларда пайда болып, ырыққа көнбес індеттей бұқаралық сипат алған секілді. Өзге жұрттардың мәдениетінде бұл қалай екен деген оймен интернет аударғанымыз бар. Мысалы, Ұлыбританияда 1857 жылға дейін ажырасулар парламенттің арнайы рұқсатымен ғана жүзеге асқан. Бұл елде ұзақ жылдар бойы қалыптас­қан тәртіппен тек ер адам өзін некеде бақытсыз екендігін дәлелдесе болды, сонысы ажырасуына негіз болыпты. Жылдар өте келе, атап айтқанда, өткен ғасырдың ортасында Ұлыбританияда ажырасу көрсеткіші соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда он есе өседі. Сол себепті ағылшын қоғамы ажырасу рәсімін жеңілдететін бірқатар заңдарды қабылдауға мәжбүр болыпты. Алайда неке бұзу біршама уақыт талап ететін, әрі қымбат процесс себепті, екінің бірінің жағдайы көтере алмауы үдерістің өсуін тежесе керек-ті.

Бүгінге дейін Ауғанстан, Үндістан, Ливан, Сирия секілді елдерде заңды неке бұзуға рұқсат жоқ. Католик шіркеуі  де бұл істі қолдамайды. Рас болса, католик дініндегілерге елуден асқанға дейін ажырасуға рұқсат жоқ.  Жапонияда да бұл ұят нәрсе. Алайда еуропа мәдениеті мұнда да мысқылдап кіріп, дәстүрлі жапон отбасындағы еркектердің үстемдігі көзден тая бастаған сияқты. Білімді әйелдердің отбасындағы жағдайға қарсы шығу мысалдары кездеседі. Ал АҚШ-та XIX ғасырда белең алған бұл үдеріс өткен ғасырдың 70-жылдары ажырасудың жолын мүлдем жеңілдетіп, отбасылық жағдайды реттеу халықтың өз еркіне қалдырылыпты. Ажырасу үлкен апат және әлеуметтік жағымсыз құбылыс екеніне жаһандық статистика көз жеткізеді. Өткен жылдың көрсеткіштері бойынша көш басында Люксембург тұр. Әрбір жүз некенің  87-сі бұзылады. Испания – 65%. Франция – 55%, Россия – 51%, АҚШ – 46 %. Елде жоғары өмір сүру деңгейі мен күшті әлеуметтік жағына мығым қорғалуы, ажырасқандарға моральдық және әлеуметтік қолдау көрсетілуі ажырасудың ауыртпашылығын білдірмей жібереді. Жалпы адам құқығы алға шыққан жерде басқа қағидаға сүйену қиын болар. Отбасы институтына да жеңіл қарау осыдан шыққан сияқты. Тағы да ескеретін нәрсе, жан-жағынан сүйенер тірегі жоқ, жалғыз құмарлық пен сүйіспеншілік ең жоғары құндылық саналатын қоғамда неке мәңгілікке созылмайтынын еуропалықтар дәлелдеп отыр. Сезім де өшіп, ыстық жүрек те салқындайды.

Байқағанымыз, құндылық жоғалған жерде отбасылық институттың болашағы күмәнді болатынын байқау­ға болады. Адамдардың еркіндігі, әйелдердің теңдігі қоғамдағы құндылыққа байланбаса және сол құндылықты қамтамасыз ететін қоғам болмаса құны көк тиын болып, мәселелер бір жақты шешілетінін көруге болады

Егер еуропадағыдай дінге немесе басқа да құндылықтарға бекітілген қасиеттерден ажырап, адамның азғындалуы қалыпты жағдай деп есептеліп, олар жаппай сипат алып, қоғамға танылса, онда біздің де біткеніміз. Отбасының дағдарысына, көріп отырғанымыздай, үнемі өзгеріп отыратын заңдар емес, адамдардың имандылығының, құндылықтар жүйесінің өзгеруі себеп болды деуге болады.

Ұлттық дәстүр, дін, отбасы құндылығы дәріптеліп, ажырасуды жоққа шығарып, оған жол берудің жолы тарылса, шығысқа тән әйелдің күйеуіне бағынуы, бала тууы, тәрбиесі ортақ міндеттері мен жауапкершілікпен шегенделсе ерлі-зайыптылардың өмірін таршылық, жоқшылық қыспаса ғана біз ойлағандай мақсатқа жетер ме едік. Әзірге орта жолда дағдарып тұрмыз.

Төңкеріске дейін Ресейде ажырасудың  жолына дін кедергі болған екен. Ислам діні қазақ еліндегі отбасылық құрылымды ұстап тұрды. Әйелдер теңдігін алып келген Қазан төңкерісі қазақ жұртында орасан зор ізі бар дүрбелең салғаны белгілі. Кеңес үкіметінің алғашқы жарлықтарының бірі «Ажырасу туралы декрет» болды, ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша неке қиюды да бұзуды да жеңілдетіп қойды. Осылайша кеңестер кеңістігінде барша халық ажырасудан озып, тек АҚШ-ты алға салды.

Алайда қазақы санамызда өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін ажырасу деген нәрсе болса өте сирек, алда-жалда бала болмаған жағдайда не болмаса басқа да өмірлік маңызды желеумен ғана неке бұзылатын. Әйтсе де, 90-жылдардың қиыншылығынан көптеген ерлі-зайыптылардың отауы құлағаны белгілі. Сол кезеңде жарты отбасында тәрбиеленген балалар бүгінде отау құрып, теріс үрдіс белең алып келеді. Санамызға мықтап сіңгені соншама ерлі-зайыптының ажырасқанын ерсі көрмей, керісінше қоғамның ажырамас құбылысына айналғанын көріп отырмыз.

Байқағанымыз, құндылық жоғалған жерде отбасылық институттың болашағы күмәнді болады. Адамдардың еркіндігі, әйелдердің теңдігі қоғамдағы құндылыққа байланбаса және сол құндылықты қамтамасыз ететін қоғам болмаса құны көк тиын болып, мәселелер бір жақты шешілетінін көруге болады.

Қиыны, ажырасу екі адамның арасында ғана қалмай жалпыға өнеге, басқа  түскен қиындықтан немесе өз қателіктерімізді шешудің үлгісі болып барады. Жастар некеге отырудан қорқып, демографиялық жағдайға да кері әсерін тигізді. «Түбі ажырасатын болса, некені тіркеудің қажеті не?» дегенді жастар жиі айтады. Осыдан барып отбасы институтының құнсыздануы байқалады. Бір баласын құшақтап, бір баласын жетектеген жалғызбасты аналар саны артып келеді. Толық емес отбасында психологиялық ахуал бұзылып, ол болашақ ұрпақтың психологиясында зардабын түсіруде. Қоғамның күші қайсысына жетсін, олардың үлкен трагедиясы өздерін кемшін көріп,  сыртқы әлемнен оқшауланумен сипатталады. Көбінесе толық емес отбасын қамқорлап отырған ешкім жоқ. Бір баласын жетілдіремін деп басын тауға да тасқа да ұруға мәжбүр. Күнкөрістің қамымен баланың тәрбиесі жайына қалуда. Жалғызбасты әйелдің тірлігі бір баладан артылмай, басқадай  отбасын құрып тағы бала сүю мәселесі кейінге ысырылады. Олардың балалары ер адамның тәрбиесінен қалыс қалып, әйелдің білгенімен ержетеді.  Кейде ажырасқан әйелдің ерлерге деген өкпесі тарқамай, неке мен отбасылық өмірге деген теріс пікірі жеңіп кетеді. Ол ашынғанда сыртына шығып, балаларда неке және отбасылық өмір туралы қайшылықты және бұрмаланған түйсік пайда болып, сол кедергі күрмеуге айналып, алдағы өмірін тұсаулап тұрады. Әрине, толық отбасында балалардың мінез-құлқымен салыстыруға келмейді. Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс жасағандардың дені толық емес отбасы балалары екені кездейсоқ емес. Ажырасудан ықпайтын да – осы жартыкеш отбасының өнегесімен өскендер.

Айқын Дүйсембаев, психолог:

– Некенің бұзылып, ажырасу процесі – назар аударуды және шешуді қажет ететін күрделі әлеу­меттік-психологиялық мәселе. Отбасындағы ажырасу тек жеке адамдардың басындағы жекелеген жағдай емес, оны қоғамда қордаланған күрделі мәселелердің отбасы институтында көрініс табуы ретінде қамтып, қарауымыз керек.

Ал адамдардың осы әрекетке бастайтын өзгерістерін таразылайтын болсақ, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың ушығуын бірнеше кезеңге бөліп қарауға болады. Әдетте, ерлі-за­йыптылар ажырасар алдында белгілі бір кезеңнен өтеді. Жиі ұрыс-керіс болып, бірін-бірі түзегісі келіп, көңіліне жақпайтын нәрселерді алға тартатын сәттерін дағдарыс деуге болмайды. Осы кикілжің арқылы ара-қатынастары ашып алып, мәселені шешуге талпынғаны деп бағалау керек. Ерлі-зайыпты жанжалдасып, таласып, тығырықтан шығатын жол іздейді. Бұл кезеңде кәсіби психолог оларға жөн сілтеп, көмектесе алады. Өкінішке қарай, олар бұл кезеңнен өтіп кетіп барып, маманға кеш жүгінеді. Осы кикілжіңнің соңы бейдауа, маған бәрі бір дейтіндей жағдайға жеткізеді. Ерлі-зайыпты суынып, бір-бірінен алшақтай бастайды. Үшінші шешуші кезең – бірін бірі көргісі келмей, бірінің қылығы екіншісінің ызасын келтіріп, мүлдем жатсына бастайды. Ақырында бірлескен өмірінің мәні кетіп, соңғы нүктесін қоятын ілік іздеп, ажырасу үшін, сотқа жүгінеді. Сотқа барғанда да әйелдің мінез-құлқына қарау керек, егер ол ажырасудың салдарын елестетіп, балаларын ойлап дегендей көзінен жас шықса, не жүрегі езіліп тұрса некені әлі де сақтауға болады. Егер екеуі де жат адамдардай өшігіп, не болары болып, бояуы сіңгендей, бейжай қалып танытса онда суға кеткен кемені құтқару мүмкін емес. Жастардың осы кезеңдерді бастан өткізіп жатқанын дұрыс бағамдап, дер кезінде сырттан көмек болса ешқашан кеш болмайды.

Отбасы психологиясында «қа­йы­р­лы ажырасу» деген ұғым бар. Мұндай ажырасу бұрынғы әйелі мен ерінің ара-қатынасының адами қалыптан асырмай, балаларының өмірін тозаққа айналдырмаудың жолын қарастырады. Егер осы ажырасудан кейінгі қалыпты адами қарым-қатынасты ұстай алмаса  соңы жақсылыққа апармайды. Түптің түбінде ересектердің қателігі үшін балалары азабын тартатын болады. Бұл да – бүгінгі қоғамдағы қосымша қарастыруды және зерттеуді қажет ететін құбылыс.

Осы саланың мамандарын, кеңесін тыңдай отырып, тағы бір нәрсені көңілге түйгендей болдық. Ол баласын үйлендірген ата-ананың да, отбасын құрған жастардың да басында болатын, өздері тәтті  қиялдарында туындаған өмір сүрудің бір үлгісі, тәтті үміті болады екен. Сол қиялдағы тамаша көрініс нақты өмірмен қиыспағанда қолдағы барға қанағат демей, бәленің бәрі басқаны іздеуден басталады. Көптеген кикілжің қиялдағының болмағанынан, барына көңіл толмағаннан басталып дауға айналады. Көбіміз қиялдағы тамаша өмірді нақты өмірге айналдыруға тырыспай-ақ, ажырасып тынып жаңа өмірді бастағымыз келеді. Ал ескі сүрлеумен жаңа жерге жетуге болады ма?!

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button