Білім

Оқушылар қалай, қанша табыс табады?

Оқушылардың еңбек тәрбиесі, жасөспірімдерді еңбекке баулу қай қоғамда да маңызға ие. Қазіргі балалар, жасөспірімдер үйдегі бар-жоққа қарамай, әке-шешесіне қолғанат болып жүр ме? Еңбекке баулу, өмірге икемді болу мәселесінде қалай көрініп жүр? Осыны аздап зерттеп көрген едік.

– Менің ата-анам отбасын толығымен қамтамасыз етіп отыр. Екеуі де әлеуметтік салада жұмыс істейді. Жалақысы тамаққа, киімге, жалпы күнкөріске жетеді. Бірақ менің мақсатым – қалайда оларға артық салмақ түсірмеу. Сондықтан оқудан босаған кезіме орайластырып, әлеуметтік желіде SMM-менеджері ретінде жұмыс істеймін. Бұл – бизнесті, атап айтқанда, компанияларды, брендтерді «жылжытумен» айналысатын маман. Менің достарымның арасында да осындай онлайн жұмысты жасап жүргендер көп. Мақсатты жарнаманы жүргізіп жүрген таргетолог таныстарым да бар. Сондай-ақ копирайтер болып ақша тауып жүрген сыныптастарымның табысы қомақты. Айта кетейік, копирайтер дегеніміз – жарнама мәтіндерін жазумен айналысатын маман, жаңа заманның қаржы табатын кәсіптерінің бірі. Бұл мамандар елдегі танымал сайттардың бетіне жарнама тұтынушы компанияларды шақырып, олардың интернетте жарнамалану стратегияларын ойластырады, – дейді астаналық мектеп оқушысы Жанат Ақбердиева.

Жанат сияқты еңбек етіп, теңге тауып жүрген оқушылар аз емес. Көшелерде жарнама парақшаларын таратып табыс табатын оқушылар бар. Қоғамдық тамақтандыру орындарында жалданып, даяшы, әкімші болып жұмыс істеп жүргендер қаншама. Сән салонында немесе гүл салонында нәпақа тауып жүрген бозбала мен бойжеткендер де баршылық. IELTS-ы жоғары оқушылар, яғни ағылшын тілін білуді бағалаудың халықаралық жүйесінен жоғары нәтиже көрсеткен жастар арасында білімімен ақша тауып, ақылы тіл үйрету курсы арқылы қаржы табатын оқушылар да бар. Жалпы оқушылардың табыс көлемі 50 мыңнан басталып, 150-300 мың, тіпті 500 мың теңгеге дейін жетеді. Бәрі де жасөспірімнің қай компанияда не істейтініне байланысты.

Ал енді оқушыларға неше жастан, қайда, қандай және қанша уақыт жұмыс істеуге рұқсат, ресми ақпараттар не дейді? 14-16 жастағы жасөспірімдер аптасына 24 сағат жұмыс істей алады. 2023 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша электронды еңбек биржасы порталында жұмыс тәжірибесін және дағдыларды талап етпейтін 1684 жұмыс орнына 354 бос лауазым жарияланған. Бұл жұмыс орындарына кәмелеттік жасқа толмаған 14-17 жастағы жасөспірімдер де орналаса алады. Алайда жасөспірімдер еңбегіне қатысты қандай шектеулер барын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі журналистердің сауалына берген жауабында түсіндірді.

ҚР Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, еңбек келісімшарты 16 жасқа толған азаматтармен жасалады. Дегенмен еңбек келісімшартын 14-15 жастағы жасөспірімдер де жасасуға құқылы, алайда бұған қатысты бірнеше талап бар:

* негізгі орта және жалпы орта білім алып жатқан 15 жастағы жасөспірімдер оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін, оқу процесін бұзбайтын жерлерде жұмыс істей алады;

* 14 жасқа толған оқушылар кинематография ұйымдары, театр, концерт
ұйымдары, цирк­те денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмейтін болса, жұмыс істей алады;

* 14-15 жастағы жасөспірімдер жұмысқа тұрған кезде еңбек шартына өзімен бірге заңды өкілінің біреуі қол қоюы тиіс.

Мұнда біздің елімізде ресми рұқсат етілген жұмыс орындары туралы айтылады. Ғаламтор дамыған осы заманда балалар арасында көбіне интернетпен жұмыс істейтіндер көп. Себебі ғаламтор – ғаламат бизнестің көзі, ақша табудың оңай жолы. Қазіргі заман – контент заманы, ақпарат ғасыры. Мәліметтерді іздеушілер, қолданушылар көп. Олардың көп болғаны ақпарат бизнесінің дамуына әкеледі. Сауда-саттық та электронды түрде жүзеге асырыла бастайды. Интернеттегі онлайн табыс табу дегенде оның блог құру, маркетинг, фриланс және басқалары сияқты интернетте ақша табудың әртүрлі тәсілі бар. Олар алғашында онлайн-бизнес саласындағы сарапшылардан түрлі табыс табу жолын үйрене алады.

– Мектеп оқушылары әлеуметтік желілерде қауымдастықтар ашып, оны ақпаратпен қамтамасыз етіп тұрса, үлкен аудитория жинай алады. Кейінірек түрлі интернет-дүкендердің серіктес­тік бағдарламалары арқылы олардың тауарларын жарнамалап, сол сайттарға сілтеме орнатса, бұдан да жақсы табыс түседі. Айына 1 миллионнан аса адам кіретін кез келген сайт – жақсы табыс көзі. Біздің елімізде пайдалы қызмет көрсету арқылы аты шыққан kolesa.kz, krisha.kz, chokomarket.kz секілді интернет-дүкендер табысты сайттардың қатарында. Бастысы, сіздің ­ұсынысыңызды (ақпарат, тауар, қызмет, т. б.) қажет ететін адамдардың болуы шарт, – деді аты-жөнін жарияламауды өтінген танымал сайттың қызметкері бізге берген ақпаратында.

– Баламның азамат болып табыс табуы отбасындағы көп қиындықты жеңілдетті. Себебі қазір бәрі қымбат, азық-түліктің бағасы тіпті шарықтап кетті, өз киімін өзі тауып жатқаны, жұмыс істейін деп ұмтылғаны бізге көп көмек болып тұр. Тек сәл ғана кешіксе алаңдайтынымыз болмаса, оқушының еңбек еткені – құптарлық нәрсе. Заманына қарай елімізде оқушылар ғана жұмыс істейтін кәсіпорын ба, компания ма, басқаша бір жұмыс орындары ашылса тіпті жақсы болар еді деп ойлаймын, – деді Аслан атты оқушының анасы Зәуре бізбен әңгімесінде.

P.S:Қазір ай сайын түсетін жалақыға қарап телміріп отыратын жастар аз. Олар көбіне қомақты қаржы түсіретін табысты кәсіпті таңдайды немесе өз алдына кәсіп ашуды мақсат етеді. Әрбір күн, әрбір сағат – қаржы табуға қолайлы сәт. Заманына қарай біздің қаракөздеріміз де күніне бірнеше жерде жұмыс істейтін корейлік, қытайлық еңбекқорлықты, жанкештілікті біртіндеп үйреніп келеді. Тек жұмыс беруші ірі компаниялар, дүкендер, мейрамханалар иелері жас буынның жұмыс күшін арзан бағаламаса, ақысын жемесе екен дейсің. Ол енді жұмыс берушінің ішкі мәдениетіне, адамгершілігіне байланысты.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button