Басты ақпаратМәдениет

Парасат майданының жауынгері

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма ­театрында көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы алтын медаль иегері Төлен Әбдіктің 80 жас мерейтойына орай «Парасат майданының жауынгері» атты шығармашылық кеші өтті.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйым­дастырған кеш қаламгердің белгілі тележүргізуші, сенатор Дана Нұржігітпен сұхбат форматында өрбіді. Арасында жазушының шығармаларынан үзінділер мен музыкалық туындылар орындалды.

Кеш шымылдығын жазушының өзі ашып берді. Осыдан бес жыл бұрын, өзінің 75 жылдығына арналған дәл осындай кеште өмірден озған екі-үш досының атын атап, еске алғанын айтқан қаламгер екі жылдың ішінде пандемияның кесірінен 70-ке жуық жазушы қайтыс болғанын, олардың арасында ең аяулы достары да бар екенін айта келе, қазақ руханиятына еңбек сіңірген шығармашылық өкілдерін үнсіздікпен еске алуға шақырды.

– «Бетеге кетсе, бел қалар. Бектері кетсе, ел қалар. Береке кетсе, нең қалар?» дейді. Ел бар, жер бар, тек берекеміз бекем болсын деп тілеймін. Қазақ аман болса, әлі талай жақсы мен жайсаңды дүниеге әкелетін шығар, – деген жазушы кешін өткізуге қолдау көрсеткен Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновке, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліге, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге алғысын жеткізді.

Құттықтаулар легін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бастады. Министр жазушының кеші Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей сынды қазақ әдебиеті алыптарының туған күнімен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

– Төлен аға – Мұхтар Әуезовтің жолын жалғаған көзі тірі классик жазушымыз. Оны қазір айту керек. Шын мәнінде, Еуропаның, әлемнің кез келген жазушысымен кез келген шығармасын қатар қойсаңыз, иық тірестіріп тұратын ойшыл, интеллектуал жазушы. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Төлен ағаға қандай баға бергенінің талай куәсі болғанбыз. Шындықтың шырақшысы, ақиқаттың алдаспаны іспетті Шерағаң сияқты Төлен аға – тек қана ақиқатқа, парасатқа қапысыз қызмет еткен қаламгер. Сонымен қатар Оралхан Бөкей секілді керемет суреткер, шынайы өмірдің образын жасаған үлкен жазушымыз. Осы үш қаламгердің сипатын, қасиетін бо­йына жиғандықтан Төлен ағаны сегіз қырлы, бір сырлы деп айтуға болады. Жазушылығы, драматургтігі бір төбе. Күйшілігі, домбырашылдығы, әңгімешілдігі, тарихты тереңнен айтатын шежірешілдігі, күрестің де майталманы, басқа да сипаттарын жақсы білеміз. Сондықтан Төлен ағаны Абайдың бір сөзімен айтқанда, толық адамның, кемел адамның келбеті деп сипаттауға болады деп ойлаймын. Шығармаларын оқығанда, өзінің сөзімен айтқанда, кір жуғыш машинадан шыққандай тазарып қаламыз. Өйткені Төлен аға қай шығармасында болса да, шын мәнінде, тазалықты, адалдықты, кісілікті жазады. Сондықтан Төлен ағаның әр шығармасы өміршең. Адам бар кезде, қазақ барда шығармалары жасай береді, оқыла береді, – деген Дархан Қыдырәлі Төлен Әбдік парасат майданының сардарына айналғанын, мемлекеттік қызметте де кісілік келбетінен айнымағанын, тілге, ұлтқа қызмет еткенін атап өтті.

– Жалпы Төлен ағаны Алаштың жолын жалғаған ардақтылардың бірі деуге болады. Абыз деген сөзді қазір кімге қарата айту керек болса, Төлен ағаға арнар едім, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Мәдениет және спорт ми­нистрі Дәурен Абаев Төлен Әбдікті жұртшылық қазақ руханиятында ерекше қолтаңбасы бар қабырғалы қаламгер, ұлт ұстыны, аузы дуалы абыз жазушы деп танитынын айтты.

– Қазақ сөз өнерінің өркендеп, қанатының жаюында, төл руханиятымыздың ілгері қадам басуында халық сіздің атқарған жұмыстарыңызды жоғары бағалайды. Қаламгерлігіңізбен қоса, қайраткерлігіңіз де әрдайым ел назарында. Кейінгі буын өзіңізді көркем сөздің де, көсемсөздің де нағыз шебері ретінде үлгі тұтады. Сіз сомдаған соны кейіпкерлер, тың тақырыптар кез келген әлемдік классиктермен иық тірестіреді. Шығармаларыңыздың негізгі бағыты да сол, сана тәуелсіздігі, адам құндылығы, әділдік майданы. Осы орайда қуатты қаламыңыздан туған шұрайлы шығармаларыңыз болашақта әлем тілдеріне үздіксіз аударылып, тұтас адамзат бас алмай оқитын күнге жетеді деп нық сеніммен айта аламыз. Сүйекті шығармаларыңыз сүйікті оқырмандарыңыздың жан азығына айнала берсін, – деді Дәурен Абаев.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет бала кезінде «Тозақ оттары жымыңдайды», «Оң қол» шығармаларын оқып әсерленгенін, сол әсерден әлі айықпай келе жатқанын жеткізді. Сол уақыттың өзінде аталған туындылар классикаға айналғанын айтып өтті. «Тозақ оттары жымыңдайды» шығармасының идеясына, жазушының ұтымды көркемдік шешімдеріне тоқталды.

– Катарсис деген бар – адамның жанын тазарту. Ағамыздың шығармалары оқырманның жан жүрегін тазартумен келе жатыр. Бұл кісі алпыс жыл бойы тазартып келеді. Адамның жанын тазарту лай суды тұндырумен бірдей, – деген Ұлықбек Есдәулет осыдан он жыл бұрын Төлен Әбдік әдебиет саласындағы түркі әлемінің жыл адамы атанғанын айтып өтті. Қаламгерді қазақ әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесі үшін Қазақстанның құрметті жазушысы атағымен марапаттап, иығына шапан жапты.

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы арнауын оқыды. Парламент депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Дархан Мыңбай қос палатаның спикерлері Мәулен Әшімбаев пен Ерлан Қошановтың құттықтауларын жеткізді. Жазушы, аудармашы Анатолий Ким «Парасат майданын» алғаш оқыған сәтте «мынау Франц Кафканың дәл өзі ғой» деп баға берген. Белгілі қаламгер Мәскеу­ден бейнеқұттықтау жолдады. Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков сөзін құрдастық қалжыңмен әдіптеп, Лондонда лордтар палатасында Әбіш Кекілбайұлы, Бексұлтан Нұржекеұлы және Төлен Әбдіктің шығармалары әлемнің кез келген жазушысынан артық болмаса, кем емес деп айтқанын айтып өтті.

Дана Нұржігітпен сұхбатта кеш иесінің, жазушылықтан бөлек, ақындық өнері, отбасылық өмірі, күйшілігі, актерлігі, әдебиетке алғашқы қадамдары, Алаш арыстарын қалай танығаны туралы әңгіме өрбіді. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры мен Астана қаласы Жастар театрының әртістері жазушы шығармаларынан үзінділерді көрсетті. «Қорқыт» этноансамблі кешті басынан аяғына дейін қаламгердің күйлерімен әрлеп отырды. Әнші Жақсыгелді Маясаров Төлен Әбдіктің ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Өмір жайлы» әнін, Шәба Әденқұл Біржан салдың «Айбозым» әнін салды. Дәулескер күйші, ұстаз Жанғали Жүзбай «Төленнің қосбасары» күйін шертті. Кешті жазушының өзі «Бата» атты өлеңімен түйіндеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button