Басты ақпаратЕл тынысы

Рәміздер күні рәуіштері

Елордада мәртебелі мерекеміз – Рәміздер күнінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін көптеген мәдени-тағылымды іс-шара өтті. Астананың әрбір ауданында, әрбір саябағы мен ауласында концерттер, спорт жарыс­тары, балаларға арналған ойындар мен байқаулар ұйымдастырылды.

Көк туды желбіреткен көліктер

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының ұйым­дастыруымен көліктер шеруі өтті. 40-қа жуық жеңіл көлік пен 10 шақты мотоцикл Қазақ­станның мемлекеттік туын желбіретіп, рәміздер алаңынан бастап Отан қорғаушылар алаңына дейін барды.

Бұл шеруде автоволонтерлер «Lada Granta Astana», «Skoda Astana», «Camry family Astana» секілді маркалы көліктерді тізгіндеді. Солардың бірі «Lada Granta» автокөлігінің өкілі Вера Колодий мұндай автокөлік шеруіне үнемі қатысып тұратынын жеткізді. Осылайша ол қалада өтетін мәдени іс-шараларға әрдайым қолдау көрсетеді.

– Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін ажырамас атрибуттың бірі. Шеру кезінде қала тұрғындары мен қонақтары бізге назар аударады әрі фото-видеоға түсіреді, – деді ол.

Қала тұрғындары мен қонақтарын мерекемен Автомото федерациясының президенті Анатолий Бондарь құттықтады. Автокөлікті тізгіндеуді ұнататын азаматтар бір мезетте шеруге қатысып, көрермендерге керемет эмоция сыйлады. Жалпы көліктер шеруі елордада 2017 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Қала тұрғындары қуанды

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері балкондарға ту ілу челленджін ұйымдастырды. Осы іс-шара аясында елордада көпқабатты үйлердің балконына 300-ден астам ту ілінді.

Көпқабатты үйлердің балконына ту ілу акциясы жыл сайын елімізде 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне арналады. Астана қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы еріктілерге қаланың барлық ауданындағы тұрғын үйлер балкондарына ілуге 330 ту берді. Оның 150-і Сарыарқа ауданына бөлінді. Қала бойынша ту ілу жұмысына шамамен 50 адам қатысты.

Қарсылық танытқандар бол­ған жоқ, тұрғындар бұл челленджді өте жақсы қабылдап, мемлекеттік туды ілуге қуана кіріскен. Мұндай іс-шаралар азаматтардың бойындағы патриоттық рухты тәрбиелеп, мемлекеттік нышандарға деген құрметін арттыра түсті.

Бір мезгілде әнұран айтты

«Менің туым – менің мақтанышым!» атты челлендж аясында Астана қаласының Байқоңыр ауданы әкімдігі аппаратының қызметкерлері мен Әскери-патриоттық орталық қызметкерлері бірлесіп, әнұранды шырқады.

Іс-шараға Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев, Қарулы күштердің Әскери-­тарихи мұражай қызметкерлері, жас сарбаздар мен аудан тұрғындары қатысты.

– Мемлекеттік рәміздер халқымыздың тарихы мен тағдырын, ұлы мақсаттарға ұмтылысын білдіреді. Бүкілхалықтық сипатқа ие болған бұл мереке баршамызды жұмылдырып, ұлттық сананы оятып, патриоттық сезім сыйлап жатыр. Тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында төл рәміздеріміз дүниеге келген күн – ерекше сәт. Мемлекеттік рәміздеріміз тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы, ізгі сезімдерді адамдардың жан дүниесіне сіңіруге қызмет етеді. Қыран бейнелі көк туымыз, басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы дара елтаңбамыз, әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы ресми белгілерге айналды, – деді өз сөзінде аудан әкімі.

Сондай-ақ қаланың 14 сауда орталығында бір мезгілде әнұран шырқалды. Ал Байқоңыр ауданында бес жаңартылған аула ашылды.

Кернейлеткен концерт

Елордада «Әскери керней» музыкалық фестивалі аясында әскери оркестрлердің плац-концерті өтті. Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатрда өткен дәстүрлі фестиваль биыл оныншы рет ұйымдастырылды.

Бұл концерттің мақсаты – елдің рухын көтеріп, әскери музыканы насихаттау және өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу. Мәдени іс-шараға ҚР Ұлттық ұланының оркестрлері, Мемлекеттік күзет қызметінің Президент оркестрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі ансамблі, Қорғаныс министрлігінің орталық оркестрі және Төтенше жағдайлар министрлігінің оркестрі, сондай-ақ, еліміздің шығармашылық ұжымдары қатысты. Плац-концерт барысында музыкалық ұжымдар әлемдік классика мен халық арасындағы рухты әндерді жоғары шеберлікпен орындады. Фестиваль барысында Ұлттық ұланның әскери оркестрлері арасында байқау да өтті.

– Іс-шараны ұйымдастыруда көрсеткен қолдауы үшін Астана қаласының әкімдігіне ерекше алғыс айтамын. Соның нәтижесінде Қазақстанның үздік әскери оркестрлері елорданың мәдени алаңдарында өзінің музыкалық шеберлігін көрсетті. Барлық музыкалық ұжым мүшелеріне зор денсау­лық, шығармашылық табыс тілеймін, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық ұланының бас қолбасшысы Еркін Ботақанов.

Жыл сайын ұйымдастырылатын әскери оркестрлер фестивалі бас қаладағы маңыз­ды мәдени іс-шараның біріне айналды. Сондықтан әр кез Астана тұрғындары мен қонақтарына жарқын әсер қалдырып келеді. Бұл жолы да концерт бағдарламасы әскери, классикалық, халықтық және эстрадалық музыка, дефиле шеруі, плац-концерт және әскери қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілімінің органикалық түрде үйлесімімен өтті.

Қазақтың құрағын қызықтады

Астанада «Аламан құрақ» жобасы аясында қолөнершілер жәрмеңкесі және ұлттық киімдер дефилесі өтті. Қазақ елі алаңында өткен жәрмеңкеге еліміздің әр өңірінен келген 250 қолөнерші қатысты.

Жәрмеңке таңертеңнен кешке дейін созылды. Қала тұрғындары мен қонақтары қолөнершілердің құрақ көрпелерін қызықтап, оның тарихы мен жасалу жолы туралы мол мағлұматқа қанықты.

– «Аламан құрақ» жобасында қолөнершілердің жәрмеңкесі, ұлттық киімдер мен заманауи стильде тігілген киімдердің сән үлгісі көрсетілді. Мақсат – қазақ қолөнерінің тарихын насихаттап, ұлттық құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізу. Қатысушы ісмерлердің құрақ көрпелерінің барлығы бір түсті, бірдей оюлы болды. Қолөнершілердің арасында көпбалалы аналар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аналар бар, – деді жоба ұйымдастырушысы Зиуар Жұманова.

Жоба аясында елордада ұзын­дығы 500 метрлік құрақ көрпе тігілді. Ту түстес қолөнер туындысын 250 шебер жасап шыққан. Бұл ерекше көрпе Гиннесс рекордтар кітабына енді. «Аламан құрақ» жобасы «Қазақтың құрағына әлем керек» деген ұранмен ұйым­дастырылды.

– Біздің осы жобаны ұйым­дастырудағы мақсатымыз – қазақтың құрағын әлемге паш ету, әлемге «қазақтың құрағы керек» деген ұғымды енгізу және халқымыздың ауызбіршілігін көрсету. Өйткені 200-ден астам қатысушы көрпені бір түсте, бір техникада тігіп келді, – деді қолөнер шебері Нұргүл Абайханқызы.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button