Басты ақпаратМәселе

Тазалық – таза санадан

Әлемде өзекті екі мәселе бар. Біріншісі – ауыз су тапшылығының ­алдын алу, екіншісі – қоршаған ортаның экологиясын реттеу. Күні кеше ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібінде осы екі мәселе талқыланды. Ғалымдар мен ­экологтар екіншісіне қатты алаңдайды. Өйткені жер бетінде полиэтилен және пластиктен жасалған қоқыс алаңдары экологияның нашарлауына әсер етуде. Астана қаласында көктемгі тазалық айғылы жарияланып, шаһарды абаттандыру және тазалау жұмысы қарқын алды. Алайда қала мен даланың тазалығын сақтау сенбілікпен бітпейді. Оған таза сана, рух биіктігі керек.

ХІХ ғасырдың ортасында ­Англияның өнертапқышы ­Уильям Гудейл қағаз пакеттер жасайтын аппарат ойлап тауып, оның қолданысқа енуіне әсер етті. 1870 жылы тағы бір ағылшын өнертапқышы Лютер Кроуэлл қағаз пекетті жетілдіріп, түбін тегіс етіп шығарды. ­Келе-келе тұрмыстық өмірде пакетке сұраныс артып, оның сапасына мән бере бастады. Сөйтіп, ХХ ғасырдың 50-жылдары АҚШ-та полиэтилен пакеті тарады. Пластик қаптама өзінің қасиетіне байланысты тез танымал болып, жаппай қолданысқа енді. Сол кездегі өнертапқыштар табиғи жағдайда 400 жылда ыдырайтын полиэтилен заттар экология апатына әкелетінін білді ме екен?!

ХХ ғасырдың 70-жылдары полиэтилен өндірісінің аясы кеңейіп, Батыс Еуропада сөмкелер өндірісі 12 миллион данаға жетті. 2002 жылы полиэтилен пакетінің жалпы әлемдік өндірісі 5 триллион данаға жетті. Қазірдің өзінде Жерорта теңізінде 500 ­тоннадан астам целлофан қалдығы қалқып жүр. Бұл – бұл ма, Тынық мұхиты аумағында 2 миллион шаршы шақырым құрайтын қатты қалдық судың экожүйесін бүлдіруде. БҰҰ табиғатты сақтау жөніндегі комитетінің мәліметіне жүгінсек, пластик қалдықтардың салдарынан жылына 1 миллион құс, 100 мың сүтқоректі, 100 миллион балық қырылады. Әсіресе теңіс тасбақасы, итбалық пен кит көп зардап шегуде. Егер мәселенің алдын алып, теңіз бен құрлықтағы пластик заттардан тазартпаса, аң-құстың көп түрі жойылып кетуі әбден мүмкін.

Полиэтилен мен пластикті ашық далада жағу аса қауіпті. Өйткені ауаға улы заттар тарайды. Ал күлінде ауыр металл бар. Ол шөпке енсе, оны мал тұтынса, сосын адам ағзасына тарап, қатерлі ісікке себепкер болады. Міне, осыны ескерген Швеция, Англия, Италия, Дания және Норвегия целлофан, полиэтилен, пластик пакет пен қаптамалардан бас тартып, оның орнына табиғи жағдайда ыдырайтын қағазға көшуде.

Синтетикалық полимер – полиэтилен, полипропилен, полистиролдан жасалған тұрмыстық қатты заттар қала мен далада шашылып жатуының салдарынан су сапасы бұзылып, ауаға түрлі химиялық улы заттар тарауда. Қазақ даласында да ластанған аумақтар ауқымды.

Экология министрі Зульфия Сүлейменова айтқандай, елде полигон мәселесі өткір, өйткені әкімдіктер тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің кешенді жоспары жоқ.

– Қазақстанда қатты қалдықтарды қайта өңдеу төмен деңгейде. Біздегі процесс қалай жүреді? Қатты тұрмыстық қатты қалдықтарды полигондарға апарады. Онда сұрыптаймыз дейді. Алайда көп жағдайда өртейтіні белгілі. Өрттен метан шығып, ауаға СО2 бөлінеді. Мұның қоршаған ортаға зияны көп. Мәселені түбегейлі шешуде қайта өңдеу процесін қайта құру маңызды. Біріншіден, дұрыс жинауды жолға қою керек. Екіншіден, тасымалдау ісін жандандыру, үшіншіден, қайта өңдеуді клас­терлік деңгейде дамытуға мән берген абзал. Бұл үдерісті бір компания, бір инвестор атқарса, іс сапалы болады. Осы бағытта біздің партия жүйелеу жұмысын жүргізуде, – деді «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.

Астанадағы Алаш тасжолының бойында қоқыс өңдеу зауыты жұмыс істейді. Онда тәулігіне 1000 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық түсіп, сұрыптаудан өтеді. Сосын ­пластик бөтелке, қара және түсті металл, сондай-ақ пластиктің, полиэтиленнің, полипропиленнің барлық түрі қайта өңдеуге жіберіледі. Осы себепті қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева жүйелі жұмыс жоқ дегенге келіспейтінін айтты.

– Біздің басқарма Есіл өзені мен оның салаларының су бетін санитарлық тазарту, жағалау аумағын қоқыстан тазарту, су объектісіндегі басқа мелиорация­лық іс-шараларды (балықтандыру, аэрация және тағы басқа) іске асырады. Ал қоқыс өңдеу зауытына келетін болсақ, сұрыпталған шикізат – ПНД-түйіршік, ПВД-түйіршік, ПЭТ-флекстер, ұсақталған полипропилен және ПЭТ-пластиналар алу арқылы қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл өнім әрі қарай өңдеу үшін маман­дандырылған кәсіпорындарға сатылады. Кәсіпорынның қуаты жылына 250 мың тоннаға дейін жетеді, – деді басқарма басшысы.

Әрине, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу және қайта өңдеу керек. Алайда қоқыс үйінділерін туындататын заттардың нарықтағы үлесін азайту одан да маңызды секілді.

Сонау 1994 жылы Дания тегін полиэтилен пакеттеріне салық енгізіп, соның салдарынан нарықтағы тұтыну деңгейін 90 пайызға азайтты. 2004 жылы Австралия билігі полиэтилен пакетін пайдалануға тыйым салды. 2011 жылы Италия үкіметі полиэтилен пакетінің экология­ға зиянын насихаттап, сосын заңды түрде тыйым салды. Қазір италиялықтар тауар алғанда биологиялық ыдырайтын контейнерлерді пайдалануға мән береді. Норвегияда жүгерінің шырышынан жасалған пакеттерді қолданысқа енгізді. Швецияның табиғат-анаға қамқорлық танытуы таңғалдырмай қоймайды.

Еуропа елдеріне теңелу үшін алдымен халықтың экология мәдениетін көтеру керек. «Жасылдар» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев:

– Халықтың экология мәдениетін көтеруде дұрыс ­инфрақұрылым болу керек. ­Ереже-заңға сай барлық мүмкіндік болуы қажет. Халық сол кезде оны бірден қабылдайды және іске асырады. Бұл жұ­мысты бала­бақша мен мектептен бастау маңызды, – деді.

P.S: Бір нәрсе анық, ол қала мен далада ­тазалықты сақтау сенбілік пен тазалық айлығымен шешілмейді. Бұл үшін экология мәдениетін көтеру керек.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button