Басты ақпаратМәселе

Талапкерге қойылатын талап көп

Ақмола облысы Целиноград ауданының, елордамыз Астанадан 24 шақырымда орналасқан Талапкер ауылы – не қала емес, не дала емес, екі ортада қалған елді мекеннің бірі. Соңғы жылдары ішкі миграцияның әсерінен тұрғындар саны артып, әлеуметтік мәселелер де күрделеніп келеді.

1999 жылы шағын ауылда 501 адам болса, қазіргі таңда 20 мыңнан астам тұрғын тұрады. Ауылда ауыз су, газ, жол мәселелері, қоғамдық кеңістік, тағы басқа әлеуметтік нысандардың жоғы алаңдатады. Содан да болар халықтың жартысы қалаға қатынайды.

Әкімдік тарапынан біршама жұмыс жүріп жатқанын айту керек. Көшелерге жақсы жол төселуде, жан-жағына жарық бағаналары орнатылды.

Жақында Талапкерде су құбырларының жобасы әзірленуде деген болжам шықты. Осы ауылдың тұрғыны ретінде қатты қуандық. Өйткені ауыз суды ауыл тұрғындары сырттан тасуда. Жергілікті жердегі су өте тұзды, тек тұрмыс жағдайында қолданылады. Тамақ істеуге, ішуге болмайды. Тіпті кір жууға да жарамайды. Сол тұздың әсерінен кір жуу машиналарына тез қақ жиналып, істен шығып жатады.

Ауылдан қалаға қатынайтын №306 және №326 автобусы іске қосылғанда бәріміз қуандық. Артынша көшелердің қиылысына бағдаршам орнатылып, жолаушылар қаладағыдай жол ережелерін сақтап жүретін болды. Еңсесі көтеріле бастаған ауылдықтар, тазалық талаптарына сәйкес, әр көшедегі қоқыс жәшігіне қоқысын тастап, ауылымыз қоқыстан бір тазарып қалды. Ауыл тұрғындары бірігіп сенбілікке шығып, айналаны тазартып, жақсылыққа бірге ұмтылатын болды.

Ауылдың тұрмысы күн са­йын өзгеріп, кенттеніп келеді. Бұрынғыдай емес, мал ұстайтын елдің қолы босады. Себебі көп тұрғын үйінде мал ұстамайды, егіншілік те дами қоймады. Әр тұрғынның өз ауласында кішігірім бақшасы бар. Мал ұстайтындар жоқтың қасы. Бұрынғы мал ­жаятын жерлер сатылып, орнына тұрғын үйлер салынуда. Санаулы тұрғын мал бағып, оның өнімін сатып, кішігірім бизнесін жүргізсе де, бұрынғы аста-төк молшылық Талапкерді тастап кетті.

2016 жылдан бері ауылдан өте қашық, қолайсыз жерге орналасқан жалғыз емхана жұмыс істейді. Жақын маңда автобус тоқтайтын аялдама орнатылмаған, яғни бұл бағытта автобус мүлдем жүрмейді. Тұрғындар емханаға бару үшін такси шақыруға мәжбүр. «Таксилететіндер» көбейіп келе жатқаны жақсы болды, өйткені елдің бәрінде көлік жоқ. Тұрғындар емханаға апаратын жолдың дұрысталуын сұрап, осы бағытпен жолаушылар көлігін жеткізуді талап етуде. Әзірге өзгеріссіз.

Жақсы жаңалықтарға тоқтала кетсек, қазір Талапкерде бір мектеп және бір мемлекеттік балабақша жұмыс істейді. Алайда тұрғындардың көбеюіне байланысты тағы да екі мектеп ашылуы тиіс. Ауыл тұрғындарының қажеттілігін кәсіпкерлер жақсы түсінеді. Жақында Magnum дүкендер желісі ашылды. Бұл – тұрғындарға өте қолайлы дүкен. Себебі ол жерде адамға қажеттінің бәрі бар, өте тиімді, орталықтағы қолжетімді жерде орналасқан. Бұдан басқа, киім сататын дүкендерде ауылдастарымыз тұрмыс заттарын қаладан тасымай, керегін осыдан табады. Ауылдың Adal базарының жұмысы қарқынды. Не керектің бәрі табылатын базардың айналасында көлік жөндейтін техникалық қызмет көрсету станциясы да бар. Тойханамыз да жетерлік. Түрлі мерекелік іс-шараларда, мерейтойда, басқа да қызық-қуанышта тойханада жиналамыз.

Балаларға арналған дамыту орталықтары, би-спорт үйірмелері ашылып жатыр. Демалыс орындарына келсек, аса көп демалыс орны жоқ. Қоғамдық кеңістік деген ұғым жоқ. Жастар құрбыларымен қыдырып, сейілдеу үшін қалаға қарай қатынайды. Ауылда балаларға арналған демалыс орталықтары көп болған дұрыс деп ойлаймын. Себебі ауылдан қалаға қатынау, біріншіден, қауіпті, алыс. Ауылда, балалар ойнайтын ойын-сауық орталығынан бөлек, кинотеатр да ашылса жақсы болар еді.

Жаз болса ауыл тұрғындары Талапкер айналасында демалады. Ол жерде балық аулап, суға шомылып, жақсы демалыс өткізуге болады. Егер әкімдік не жеке кәсіпкерлер мықтап қолға алса, астаналықтар үшін де таптырмас демалыс орны болар еді.

Жалпы Талапкер ауылы жақсы дамып келеді. Әкімдік қолдан келгенше халықтың тұрмысын жақсарту үшін атсалысып жатыр. Жақын арада ауылдың ірілі-ұсақты мәселелері шешімін табады деп үміттенеміз. Әрине, бұған ең алдымен уақыт керек, әр тұрғын өз ауылының көркеюіне, алға озуына мүдделі болуы қажет.

Алсу ЖҰМАНОВА,

Л.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button