Мәдениет

Түркі әлемінің тұтастығы талқыланды

Астана қаласы әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ­Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Қазақ елі – түркі әлемінің қара шаңырағы» атты дөңгелек үстел мәжілісі мен «Түркі әлемінің тұтас мұрасы» көрмесі өтті.

Өткен жылдың қарашасында Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтіп, соның барысында көне дәуірдің мәдени мұрасын зерттеу және сақтау мақсатында 2023 жыл Түркі өркениетін дамыту жылы болып жарияланды. Аталмыш басқосу соның аясында ұйымдастырылды.

– Биыл Вильгельм Томсонның Күлтегін ескерткішінен «Түркі» және «Тәңірі» сөздерін оқығанына 130 жыл толып отыр. Қазір түркі халқы 200 миллион адамды құрап, Охот теңізінен Жерорта теңізіне дейінгі аумақты алып жатыр. Бұл халықтарды бір тарих байланыстырады, яғни олар тарихи тамырлас. Соның ішінде түркі жазбалары, көне ескерткіш – балбалдарды Байкалдан Венгрияға дейін кездес­тіруге болады. Бүгіндері түркі жұрты даму және бірігу үстінде. ЮНЕСКО тәрізді Түрксой, Түркі академиясы, Түркі мемлекеттерінің Парламент ассамблея­сы сияқты ұйымдар – соның айқын айғағы. Осы ұйымдар аясында өзара байланыс жүріп жатыр. Ортақ тарих туралы оқулықтар, кітаптар шығуда. Мәселен, Қорқыт ата қазаққа да, әзербайжан халқына да ортақ. Ал қазақ елі – түркі әлемінің қара шаңырағы. Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласы. Ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп жеріне жеткізе жырлады. Бүкіл түркілердің бабасы – ғұндар, – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов.

Польшаның Қазақстандағы және Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич Польшадағы татар диаспорасының өкілі екенін айта келе, оның ата-бабасы сол елге 500 жыл бұрын қоныстанғанын, қазір өзін Польшадағы түркі жұртының бір бұтағы санайтынын айтты.

– Бұрынғы заманда Ұлы Литва княздігі деген алып мемлекет болған. Оған қазіргі Беларусь, Латвия, Украинаның кейбір аумағы да кіретін. Ата-бабамыз Алтын Ордадан Тоқтамыс ханның билігі тұсында, ХV ғасырда сонда көшкен, – деді елші.

Орталықтандырылған  кітап­ханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедра­сының доценті, PhD докторы Қуанышбек Кенжалин, башқұрт тілі мен башқұрт мәдениетін дамыту бойынша әлеуметтік жобалардың авторы Байрас Азаматов, Ұлттық музейдің ғылыми-әдістемелік жұмыс қызметі археология және этнография бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, түркі­танушы ғалым Айгүл Дихан­баева, «Polska Jednosc» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Ринат Дусумов тақырып бойынша пікірін айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button