Басты ақпаратМәселе

Тұралаған туризм тіріле ме?

Туристік индустрия – ең табысты саланың бірі. Әлем нарығының 10 пайызын осы сала қамтамасыз етеді екен. Қазақстан қанша жылдан бері туристерге тартымды ел болуды мақсат етіп, халықаралық көрмелерге қатысып, қаржыны оңды-солды шашқанмен, мұратына әлі жеткен жоқ. Мұның себебі не? Біз осыны анықтауға тырыстық.

ТУРИЗМ – ӘЛЕМДЕ ТАБЫСТЫ САЛА

Дүниежүзілік туристік ұйым (UNWTO) әлем елдерінің экономикасындағы туризм саласының үлесін саралады. Бұл көрсеткіш бойынша Макао, Мальдив, Гренада сынды елдердің негізгі табыс көзінің 80 пайыздан астамы туризм саласына тиесілі. Бұл дегеніңіз экономикасы туризм саласына байланған, сырттан келетін туристердің көңіл күйіне байланысты табысы артады. Әрине, бұл көрсеткіш елдің экономикалық қуатын көрсетпейтіні анық.

Орта Азия елдері де туризм саласын экономиканың басым бағыты етуге мән беруде. Қыр­ғызстан экономикасының 22 пайызы туризм саласынан келсе, Тәжікстан – 14, Өзбекстан – 9,9, Қазақстанның 4,4 пайызы ішкі және сыртқы туризмнен түскен қаржыдан құралады.

Кейінгі жылдары Өзбекстан туризм саласына ерекше маңыз беріп, Ташкент пен Самарқан қаласын туристік орталық ретінде танытуға кірісті. Бұған өзбек ағайындардың сапалы сервис қызметі мен арзаншылығын есептесек, онда мүмкіндігі жоғары екені анық. Қазір 270 шақырым құрайтын екі қала аралығында жоғары жылдамдықты пойыз қатынайды. Бұл қатынас құралымен 1,5-2 сағатта бір қаладан екіншісіне жетуге болады. Осылайша экономикасындағы туризмнің үлесін 30 пайызға арттырып, екінші жағынан өзінің тарихи, мәдени құндылығын насихаттауды басымдық етті.

Шынында, туристік тартымдылықты күшейтетін бірден-бір фактор – инфрақұрылым. Яғни әуежай, вокзал, қонақ үй, жол қатынасы маңызды рөл атқарады. Өзбекстан осы бағыттағы қажеттілікті ұтымды ұйымдастыруда.

Қыр­ғызстан экономикасының 22 пайызы туризм саласынан ­келсе, Тәжікстан – 14, Өзбекстан – 9,9, Қазақстанның 4,4 пайызы ішкі және сыртқы туризмнен түскен қаржыдан құралады

Бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасының 8 пайызын туризмнен аламыз деп жоспарлап, 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында туристік кластер құруды және дамытуды (57-қадам) тапсырған-ды. Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласына тың серпін беру үшін алдымен инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту керек екенін атап, бұл мәселеге Үкімет пен Парламент баса назар аударуы керегін атады. Алайда бұл сала даму жолын табай алмай, әлі талтаң-талтаң басып келеді.

Әлем елдерінің туризм саласынан түсетін табысы таңғалдырмай қоймайды. 2021 жылы АҚШ-та туристерге қызмет көрсетуден 70 миллиард доллар кіріс кірсе, Франция – 40, Испания – 34, Біріккен Араб Әмірлігі – 34, Англия – 33, Түркия – 26, Италия – 25, Германия – 22, Мексика – 19, Австралия 17 миллиард доллар табыс тапты.

lsm.kz порталының дерегінше, екі жыл бұрын Қазақстандағы туристік орталықтар 5,5 миллион адамға 109 миллиард теңгенің қызметін көрсетті. Әрине, бізге Түркияның деңгейіне жету қайда?! Анадолы елі турист тартудан үлгі болады. 2021 жылы Түркияға 109 мың қазақстандық қыдырып барса, 2022 жылы 239 мың адам туристік жорыққа шықты. Бұл жыл өткен сайын ел азаматтарының Ыстанбұл мен Анкара бағытына қызығушылығы артып келетінін көрсетеді. Одан бөлек, Алания, Анталия, Сиде, Кемер, Белек, Бодрум, Мармарис, Фетхие сынды теңіз жағасындағы курортты қалаларды бір көріп кетуге мән беретін жерлестер аз емес.

Туристік орталықтың есігін ашып, Түркияға барып-қайтудың шығынын сұрадық. Кемерге екі адам турист ретінде 7 күнге баратын болса 467 мың теңге жұмсайтынын, оның ішіне барып-келетін ұшақ шығыны, туристік топты алып жүретін көлік, қонақ үй, төрт мезгіл ас, медициналық сақтандыру қамтылады. Дәл осындай қызметпен Бодрумда дем алып қайту үшін 525 мың теңге, Анталияға кететін шығын 630 мың теңге көлемінде екен.

Туристік орталықтан өзге елдерге туристік турды сұрадым. Менеджер жағажай демалысы үшін Мысыр таптырмайтын жер екенін айтты. Жерорта теңізінің жағасында орналасқан Хургада қаласындағы сауықтыру кешенінде екі адам 520 мың теңге жұмсайды, Таиландтың Бангкогын таңдаса, 590 мың теңге шығындауға тура келеді.

ҚАЗАҚСТАНДА ДЕМАЛУ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Жалпы Қазақстанда Алакөл, Бурабай, Балқаш, Түркістанға саяхаттауға болады. Алатау мен Алтайдың табиғаты көрікті жерлерін бір рет көзбен көріп ­қайтқанға не жетсін?!

Бізді Алакөл бағытындағы турсапарлар қызықтырды. Realkz.com ұсынған ақпаратта Алакөл аймағында Ақши, Көктұма және Қабанбай (Жарбұлақ) курорт аймағы бар. Алғашқы екеуі – Жетісу облысында, үшіншісі – Абай облысы аумағында. Курорт орталықтары Астанадан 1 мың шақырым жерде орналасқан. Мұндай қашықтыққа автобуспен немесе автокөлікпен жету үшін 16-18 сағат кетеді.

Біздің елде ұшақтың бағасы қымбат, ал қолжетімді болған жағдайда, билетке қол жеткізу мүмкін емес, үнемі таусылып қалады. Жазғы күндері пойызға билет таппай сабылатын адам да көп.

Жақында Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай еліндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат екенін сынады. Негізі, курорт аймақтарына әуе компаниялары маусымдық ұшақ қатынасын жолға қояды…

Алакөлдегі Қабанбай демалыс аумағын таңдасаңыз, онда Астанадан Үржарға ұшуға мүмкіндік бар. Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, сенбі күні «Южное небо» авиакомпаниясының ұшағымен 16 мың теңгеге баруға болады. Ұшу уақыты – 1 сағат 55 минут. Сосын аудан орталығынан демалыс орнына жету үшін (100 шақырым) 15-20 мың теңгеге көлік жалдайсыз. Жеткеннен кейін жатын орын іздейсіз. Алакөлдің солтүстік аймағында бірнеше сервис орталығы бар. Мәселен, «Рамазан Plaza», «Інжу Алакөл», «Рассвет», «Толағай», «Әлихан», «Avrora Marine», «Два дельфина» және тағы басқа демалыс кешені қыз­мет көрсетеді. Біз алғашқы екеуінің менеджеріне телефон шалып, 7 күнге қанша теңге кететінін есептеп көрдік. Мәселен, ­«Рамазан Plaza» демалыс кешенінде 2 орынды қонақ үй нөмірін 30-40 мың теңге аралығында алуға болады. Оның ішіне үш мезгіл тамағы және батпаққа, құмды жағалауға апарып-әкелу қызметі кіреді. Енді 7 күн болатын болсақ, жалпы шығынды есептеуге болады. Ұшақпен барып-қайтуға екі адамға 64 мың теңге, Үржардан демалыс аймағына дейін қатынау­ға 30 мың теңге, қонақ үйге 420 мың теңге кетеді. Ал «Інжуде» демалу үшін қалтаңыз қалыңдау болуы керек. Онда қонақ үйді екі адамға алсаңыз, 70 мың теңге шығындайсыз. Әрі үш мезгіл тамаққа бөлек төлейсіз. Сонда Алакөлдегі алаңсыз демалуға 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін шығындауға тура келеді.

Егер баратын жеріңіз Ақши немесе Көктума болса, онда Үш­аралға ұшатын ұшаққа отырасыз. Сосын демалыс орталықтарына дейінгі 60 шақырым жолды көлікпен еңсересіз. Биылдан бастап «Қазақстан темір жолы» Ақкөлге баруды жеңілдетуді қарастырып, пойыз қатынасын жолға қойды. Астанадан Ақшиға дейін вагон түріне және қызмет көрсету класына қарай 7-22 мың теңгеге дейін жетуге болады.

Астанаға жақын (250 шақырым) Бурабайға демалу үшін қалтаңызда 500 мың теңгеңіз болуы керек. Онда арзан қонақ үй нөмірлерін 20-25 мың теңгеге табуға болады. Екі адамға кететін шығыны Алакөлмен тең.

Досым Қуаныш Есқабылов отбасымен круизбен Түркия, Италия, Испания және Франция­ның қалаларын аралауға кетті. Одан Алакөлді неге таңдамағанын сұрағанымда, сервис қызметінің сапасы, инфрақұрылымы жетілмегенін сылтау етті.

P.S: Алакөл мен Анталияда демалудың қаржы шығынын есептеп көрдік. Шынында, біздің орталықтар сервис қызметінің сапасына мән бермей-ақ, көктің құнын сұрайды. Сосын отандық туризм қалай дамиды?!

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button