Саясат

Тұрақтылық пен қауіпсіздік – маңызды міндет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен мемлекет басшыларының «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы кездесуі өтті.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бүкіл шекара бо­йында тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті күшейту өңірдегі ең маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, терроризммен, экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен бірлесе күресу, сондай-ақ түрлі гибридті қауіптерге қарсы өзара іс-әрекет мәселелері өзекті болып отыр.

– Саммит осы бағыттағы келісілген әдістерді әзірлеуге ықпал етуді көздейді. Кездесуіміздің күн тәртібі елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық, әсіресе инвестициялық серіктестік, өндірістік кооперация, көлік-транзит бағыттарын әртараптандыру жөніндегі ынтымақтастықты кеңейте түсуге мүмкіндік беретініне сенім білдіремін. Ресей Федерациясымен бірге біз өңірлік экономикалық ынтымақтастық әлеуетін толыққанды пайдалана аламыз. Күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе – елдеріміз арасындағы адамдардың өзара байланысының жоғары деңгейін сақтау, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында тауар айналымының пандемияға дейін­гі деңгейі қалпына келіп қана қоймай, оның едәуір артқанын мәлімдеді. Былтыр өңірішілік сауда-саттық  34 пайызға өсіп, 6 миллиард доллардан асты. Президент бүгінгі кездесу барысында қол жеткізілетін уағдаластықтар алтыжақты ынтымақтастықтың іргетасын нығайтатынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі көзқарасын негізгі өлшемдер тұрғысынан жеткізді.

– Тағдыр біздің елдерімізге бірге болуды жазған. Ортақ тарихымызды сақтай отырып, халықтарымыздың  игілігі үшін ортақ келешегімізді құруға тиіспіз. Әр мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік бүкіл аймақтың дамуына тікелей әсер етеді. Мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың түпкі мүддесін басшылыққа ала отырып,  назарларыңызды жаңа қауіп-қатерлердің алдын алуға және оған дер кезінде төтеп беруге арналған тиімді әдістерді әзірлеу қажеттігіне аударғым келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі.

– Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан дос­тық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Аталған мәселені қарастыру үшін өңірлік сараптама алаңын құру пайдалы болады деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы экономиканы екінші өлшем ретінде атап өтті. Сондай-ақ саммит қатысушыларына Орталық Азия елдері мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығының жаңа моделін әзірлеп, қабылдауды ұсынды. Оның айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет.

– Сауда кедергілерін жою және протекционистік шараларға жол бермеу маңызды. Бізге өңіршілік сауда-саттықты дамытуға бағытталған күш-жігерді жандандыру қажет. Бұл жерде тауар айналымының құрылымын жақсартуға және оның номенклатурасын кеңейтуге мән берген жөн. Бүгінде біздің өндірісіміздің дамуына орай шетелдік өнімдердің көптеген түрін бір-біріміздің тауарларымызбен өзара тиімді негізде алмастыра аламыз. Экспорттық-импорттық операцияларға жасалған талдау осы бағытта мол мүмкіндік бар екенін көрсетті, – деді Президент.

Мемлекет басшысы цифрландыру саласында бірге белсенді жұмыс істеуге және тәжірибе алмасуға Қазақстан дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші өлшем – көлік және транзит мәселесіне де тоқталды. Президент дәстүрлі логистикалық тізбек үзілген жағдайда аймақтағы елдер көлік-транзит әлеуетін толыққанды пайдалану қажет екенін атап өтті.

Саммитте Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button