Білім

Фариза мектебіндегі мереке

Астана мектептерінде оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты жиындар өтті. Биыл оқу жылында бастауышты – 104 324 бала, 9-сыныпты – 18 443 оқушы, 11-сыныпты 9 539 түлек тәмамдады. «Алтын белгіге» үміткер 280 оқушы бар.

Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған соңғы қоңырау салтанатына профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы Ұлттық Құрылтай және Астана қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Ирак Елекеев, мектептің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі   Абылайхан Амантайұлы қатысып, ұстаздар мен ата-аналарды, мектеп бітіруші түлектерді құттықтады.

– Жас түлектерге ағалық ақ тілегімізді айту үшін келіп отыр­мыз, – деді Кәрімбек Құрманәлиев құттықтау сөзінде. Тарихты тұғырлы тұлғалар жасайды, ақын Фариза апамыз – соның бірі де бірегейі. Жас түлектер руханиятқа көбірек көңіл бөлуі керек, өмірде өз орнын тауып, елінің дамуына үлес қосқаны дұрыс. Сағынып оралатын алтын ұясын да ұмытпай, ұстаздарын жақсы жетістіктерімен қуанта беруі тиіс. Ғылым мен білім дамымай алға оза алмаймыз, барлық жетістік тек білімде.

– Өмірде әртүрлі жағдай болады, қуанып, қайғыратын, қиын да қызықты сәттер көп болады, сонда ерекше күш-қайратпен жігерленіп алға ұмтылған жас қана жақсы жетістіктерге жете алады. Мамандық таңдау – жауапты іс. Жоғары оқу орнын оқып, диплом алу бар да, жетістікпен нәтижелі жұмыс істеу, өз мамандығыңды жақсы көру деген бар. Жас түлектерге тек сәттілік  пен ақжол тілеймін, – дейді Ирак Елекеев.

– Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан әркезде терең білім алу жолында жалықпай, талмай, ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызды тілеймін, – деді мектеп басшысы түлектерге.

Мектеп директоры Нұрлан Искаковтың айтуынша, қазақ мектебі 2015 жылы ашылған, Фариза ақынның атымен 2022 жылдың 14 наурызынан бері аталып келеді. Оқу ордасында 1600-ге жуық оқушы білім алады. Қазақ тілі мен ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Биыл 60 жас түлек үлкен өмірге жолдама алды, олардың 4-еуі – «Алтын белгіге», 5-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Биылғы жылдың тағы ерекшелігі – мектебіміз №77 гимназия болса, биыл жетінші рет түлектерін ұшырып отыр. Түлектерге сәт сапар тілейміз, ұстаздардың берген білімдерін, өз еңбектері ақталсын дейміз, – деді мектеп директоры Н.Меңдібайұлы.

Салтанатты жиында түлектер, ата-аналар алқасының өкілдері, сынып жетекшілері құттықтау сөз сөйлеп, бастауыш сыныпты бітіруші 4-сынып түлектері «Фариза мектебі» әнін хормен орындады. 1-сынып оқушылары бітіруші түлектерге арнап өлең оқығаны, мектеп бітіруші түлектердің қоштасу вальсі ерекше әсерлі болды.

Мектеп бітіруші түлектер «Аманат» дәстүрімен 10-сынып оқушыларына Мемлекеттік туды және «Білім кілтін» табыстау рәсімін жасады. Жиын соңында түлектердің «Қош бол, мектебім!» хоры айтылып, вокал тобы «Соңғы қоңырау» әнін орындады. Сосын түлектерге арналған соңғы қоңырау соғылды.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button