Елорда тынысы

Халықаралық көрме өтті

Елордада «International Education Fair-2022» атты халықаралық жоғары білім көрмесі өтті. Көрмеде қазақстандық талапкерлерге білім бағдарламаларын ұсынатын еліміздің үздік ЖОО­-лары мен ЖОО-ға жолдама алатын оқушылар қатысты.

Талапкерлерге арналған көрмеде әлемнің 30 елінен 60-қа жуық жоғары оқу орны білім беру бағдарламаларын таныстырды.

Іс-шара барысында ЖОО өкілдері өздерінің білім бағдарламалары және қазақстандық түлектерге арналған артықшылықтар, жеңілдіктер туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ талапкерлерге жадынамалар мен ЖОО атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

– Халықаралық көрме пандемияға дейін жыл сайын оффлайн форматта өтіп келді. Енді, міне, араға екі жыл салып қайта қауышып отырмыз. Шетелдік жоғары оқу орындарына түскісі келетін оқушылар саны көп. Осы көрме елордадан бөлек Шымкент пен Алматыда ұйымдастырылады. Жыл сайын біздің орталық арқылы 5 мыңнан астам талапкер шетелде оқуға түседі. Талапкерлер көп таңдайтын елдер – Түркия мен Италия. Бүгінгі көрмеге түрлі елдер жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып отыр. Қатысып жатқан оқу орындарының дені техникалық мамандықтарды оқытады. Бұған дейін Мемлекет басшысы елімізге техникалық мамандарды даярлау қажеттігі туралы айтқан болатын. Одан бөлек, гуманитарлық және медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері де бар, – деді «UNIVERO» білім беру орталығының басшысы Айзада Қойгелдинова.

«International Education Fair-2022» халықаралық көрмесіне өз елімізден бөлек, АҚШ, Қытай, Малайзия, Италия, Чехия, Польша, Латвия, Испания, Бельгия, Беларусь, Ресейдің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button