Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

«Шалқардың» үні шалғайға жете ме?

2021 жылғы 13 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1 қазан – Радио қызметкерлері күні болып жарияланды. Биыл сол мерекені екінші рет атап өтіп отырмыз. «Сәлемнің де сәті бар» дегендей, осы орайда радио туралы ойда жүрген бір мәселені айта кетуді жөн санадық.

Қазақстанның радиохабар тарату тарихы 1921 жылдың қазан айынан басталады. Осы бір ғасырда радио ұлтымыздың рухани тұрмысын байытып, мәдени өресін көтеруге көп еңбек сіңірді. Әсіресе қазіргідей интернет, телеарна жоқ, газет-журнал аз заманда тау-таудың қуысында жатқан қойшыларға дейін радионың үнін рухани азық етті. Барлық адам телефонға телмірген қазіргі дәуірде тыңдарман саны біртіндеп азайғанмен, радио өзінің өміршеңдік қуатын әлі жоғалтқан жоқ. Үйінде радиоқабылдағыш болмаса да, көлікте келе жатып радио тыңдау көп адамның әдетіне айналған. Алайда мемлекеттік радио саналатын Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы қалаларда саңқылдап шыққанмен, шаһардан шалғай кетсең үні өшеді. Тартпайды. Әсіресе «Шалқар» Астанадан 10 шақырым ұзап шықсаң ұстамай, «өкпесі» сырылдап шыға келеді. Ал бар сенген Қазақ радиосы таза мемлекеттік тілде емес, арасында өзге тілдер де қамтылады. Бұл екі радиодан бөлек, аудан, қалаларда әртүрлі радиолар болғанмен, олардың көбі орыс тілінде. Екі тілде жүргізіледі деген радиолардың өзі екі тілдің салыстырмасы 50/50 болу керек деген талапты сақтамайды, керісінше, көбінің «көмейі» орысшаға ауып тұрады. Ал шекара өңірлерде қоныстанған тұрғындардың құлағын Қытай мен Ресей радиоларының үні тұндырып тұр…

Біз білгенде таза қазақ тілінде хабар тарататын «Шалқардың» тыңдарманы аз емес. Алайда елдің сол сүйікті радиосының таралымы ірі қалалардан аса алмай, ауыл, аудан, елді мекендердегі нағыз тыңдармандарына жете алмай тұр. Ал радионың үні жетпеген шалғай ауылдарға газет-журнал уақытында барады деп тіпті айта алмаймыз.

Радио – ол жай ғана ақпарат тарататын желі емес, ұлттың үнжариясы, мемлекеттің саясатын, әртүрлі үгіт-насихатының елдің түкпір-түкпіріне жетуін қамтамасыз ететін маңызды құрал. Сондықтан мемлекет бұл мәселеге барынша назар аударып, мемлекеттік тілде хабар тарататын радионың қамтылым аумағын қатты қадағалағаны абзал. «Цифрлы Қазақстан» құрамыз ден қанша айқайлағанымызбен, іргеңде жаттың үні саңқылдап, қазақ тілді радионың үні қаладан аса алмай жатса ұят емес пе?! Елдігімізге де сын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button