Басты ақпаратРуханият

Экологиялық туынды таныстырылды

Ұлттық академиялық кітапханада жазушы-­драматург Нұрайна Сәтбаеваның балалар мен жасөспірімдерге арналған «Әлканың күміс ­тұмары» кітабын қазақшалаған аудармашы Рымбала Смайыловамен кездесу, аталған туындының таныстырылымы өтті.

Бұл кітап былтыр Балалар жылының аясында жарық көрді. Аудармашының айтуынша, кітап балаларға арналғанмен, ересектерді де қызықтырады. Себебі туынды тартымды тілмен танымдық сипатта жазылған. Оны оқу арқылы Қызыл кітапқа енген жануарлар әлемі, құстар мен сирек кездесетін өсімдіктер жайлы біраз мәлімет алуға болады. Жалпы кітап ­Каспий жағалауындағы флора мен фауна­ны таныстырады. Тағы бір артықшылығы, шығарма ұлттық танымға негізделген. Онда ата мен немеренің қарым-қатынасы, төрт түлік сияқты қазаққа қастерлі ұғымдар қамтылған.

Билингва, яғни түпнұсқасы мен аудармасы қатар берілген кітапта Әлка есімді Ақтауда тұратын баланың бастан кешкені баяндалады. Оған атасы әулеттің қасиетті мұрасы – күміс тұмарды сыйлайды. Содан бала жануарлар мен құстардың тілін ұғып, бойына сиқырлы қасиет бітеді. Сол арқылы қиын жағдайға тап болғандарға көмектеседі. Жалпы бұл экологиялық туынды десек те болады. Табиғатты қорғап, аялауға шақыратын кітаптың оқырманға берері мол.

Кітап аудармашысы туралы айтатын болсақ, Рымбала ­Смайылова Қарағанды қаласында тұрады. Мамандығы полиграфист оның әдеби аудармаға келуіне жұбайы, жазушы-публицист, аудармашы Марал Хасеннің ықпалы көп болды. Марал Сағынтайұлының өзі жиырмаға тарта Нобель сыйлығы лауреаттарының туындыларын, басқа да елге танымал авторлардың шығармаларын қазақшалады. 2016 жылы дүниеден озды. Жары Рымбала Кенжебайқызы содан бері қаламгер мұрасын үздіксіз насихаттап келе жатыр. Бірнеше естелік кітап, жазушының жазғанын жинақтап, жеті томдық шығарды. Ұлттық академиялық кітапханада бұрышын, Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында қаламгер оқыған мектепте оның атындағы кабинеттің ашылуына мұрындық болды.

Рымбала Смайылова жары аударуды бастап, тәржімалап үлгермеген кейбір туындыларды аяқтады. Сондай шығармалардың қатарында Светлана Алек­сиевичтің «Мырышқа айналған қыршындар», Элис Монроның «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» кітаптары бар. Рымбала Кенжебайқызының соңғы аударған туындысының бірі – Гарри Грейдің «Бір кездері Америкада» кітабы. Жасы сексенге таяған аудармашының еңбекқорлығына таңданбасқа шара жоқ. Қазір Теміртау қаласындағы «Магнитка» атты ардагерлер ансамблінде де ән салады. Композитор Құралай Шәймерденова жетекшілік ететін осы ансамбль мүшелері Астанаға аудармашының шаш­бауын көтере келіп, ыстық лебізін жеткізді. Оқырмандарға әннен шашу шашты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button