Басты ақпаратШартарап

Ядролық соққы қаупі бар ма?

Шығыс Еуропаның шырқын кетіріп, дүйім дүниені дүрліктірген Ресей мен ­Украина қақтығысының бүгін-ертең ақырласатын түрі жоқ. Есесіне көлемі ұлғайып, ­қаупі арта түскендей. 8 айға жалғасқан бұл соғыста Ресей «Киевті басып алып, Зеленскийдің билігін төңкеріп тастау» мақсатына жете алмаса да, Украинаның шығысындағы 4 өңірді референдум арқылы өзіне қосып, көрші елдің 20 пайызға жуық территориясын бөліп әкетті. Алайда Путин қол қойып, Ресей Конституция­лық соты бұл референдумды «заңды» деп танығанмен, қазірге дейін Солтүстік Кореядан басқа ешбір мемлекет мұны мойындаған жоқ.

БҰҰ жарғысын белден басты

Қанша қан төксе де, Ресей Қарулы күштері референдум өткізген төрт аймақтың ешқайсысын толық бақылауына ала алған жоқ. Соңғы апталарда Украина армиясының тез қарқынмен шығыс пен оңтүстікке қарай жылжуы Ресейдің бақылауындағы аумақтардың шекарасын одан әрмен тарылта түсті. Соған қарамастан, 4 қазанда Ресей Парламентінің жоғарғы палатасы – Федерация кеңесі «ЛХР, ДХР, Запорожье және Херсон облыстарының Ресей құрамына қосылатыны туралы» келісімді бекітті. Кеше Ресей президенті В.Путин аталған келісімге және Ресей құрамына төрт жаңа субъектіні қабылдау туралы конс­титуциялық заңдарға қол қойды. Сонымен қатар бұл облыстар үшін 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралықта «өтпелі кезең» жарияланды. Жоспар бойынша 2023 жылдың 10 қыркүйегінде жергілікті заң шығару органдарына қатысты сайлау өтеді.

Келісім бойынша Донецк пен Луганск облыстары Ресей құрамына Донецк және Луганск Халық Республикалары деген атаумен 2014 жылғы шекара бойынша қосылады. Ал Херсон және Запорожье облыс­тарының шекаралары құжатта көрсетілмей, Николаев облысының Ресей күштері бақылауға алған бөлігі Херсон облысының аумағына жатқызылған. Бұл өңірлердің тұрғындары бір ай ішінде Ресей паспортын алғысы келмейтінін мәлімдемесе, автоматты түрде Ресей азаматы болып саналады.

Референдумнан кейін АҚШ президенті Джо Байден Ресейді БҰҰ мүшелігінің негізгі қағидаларын бұзды деп айыптап, «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі Ресей егеменді елді әлем картасынан өшіруге тырысып, басып кірді. Сондай-ақ ел президенті В.Путин ядролық қару қолданатынын да айтты. Бұл ел осы әдеттерімен БҰҰ жарғысының негізгі ережелерін бұзып отыр» десе,Ұлыбритания премьер-министрі Лиз Трасс «Біз (Путиннің) осы заңсыз соғыста жеңіліске ұшырайтынын қамтамасыз етеміз» деді.

БҰҰ басшысы Антонио Гутерриш те Украинаның төрт аймағындағы ресейлік референдумдар БҰҰ жарғысын бұзғандықтан айып­тауға лайық деп атап: «Мұндай шешімге қазіргі әлемде орын жоқ, болмайды да. БҰҰ жарғысында бір мемлекеттің аумағын екіншісі күш көрсету немесе оны қолдану қаупін тудыру арқылы аннексиялау БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық принциптерін бұзатыны анық көрсетілген» деп мәлімдеді. Осыдан кейін көп өтпей аталған ұйым Ресейдің Украинаның 4 аймағында референдум өткізгенін айыптайтын қарарды дауысқа салды. АҚШ пен Албания елі бірлесіп дайындаған, әлем елдерін Украинаның жаулап алған аймақтарында өткізілген референдумды мойындамауға шақырып, Ресейден Украинадан әскерін дереу шығару талап етілген бұл құжатқа Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі салауатынан пайдаланып, вето қойып, қабылдатпай тастады.

Келіссөздің жолы кесілді

«Егер Ресей Украинаның шығысында референдум өткізсе, келіссөздің есігі тарс жабылады» деп мәлімдеген Украина президенті Зеленский айтқанына жетті. 4 қазан күні Путинмен келісім жасауға тыйым салатын жарлыққа қол қойып, «Путинмен ешқандай келіссөз жүргізбейміз. Ресейдің келесі президентімен ғана келіссөз бастаймыз» деп мәлімдеді.

Оның үстіне, АҚШ бастаған Батыс елдері мен Еуроодақ елдері де референдумнан кейін Украинаға көмекті үдетіп, қару-жарақты еселеп беруге көшті. Осыдан бұрын екі ел арасына ара ағайын болып, мәселені келіссөз арқылы шешуді қуаттап келген Франция да Украинаға қуатты қарулар жеткізе бастағанын ескерсек, шынымен де, екі ел арасындағы келіссөздің жолы біржолата кесіліп, шиеленіс тек соғыс арқылы шешілетін жағдайға жеткендей. Осы тұрғыдан алғанда, бұл арада Батыс елдерінің басты мақсаты орындалған секілді. Бүгінге дейін Украинаға төпелеп қару-жарақ беріп жатқан Батыс елдерінің бір мақсаты осы соғыс арқылы Ресейді әбден тұралатып, екінші қайтып бас көтере алмайтын деңгейге жеткізу екені айтпаса да түсінікті. Украина президенті Зеленскийдің «Біз өз жерімізді толық азат етіп, Ресейді екінші қайтып ешбір елдің аумағына басып кіре алмайтындай күйге жеткіземіз» деген сөзі мен Ұлыбритания премьер-министрі Трасстың «Біз Украина бұл соғыста жеңіп шыққанша Ресейге тыныштық бермейміз» деп мәлімдегені – соның айғағы.

Шепті сақтап тұра ала ма?

Мәскеу референдум өткізіп, Украина­ның жеріне шекара сызығын сызғанмен, ол Украина Қарулы күштерінің өз жерін жаудан босату мақсатына тосқауыл бола алған жоқ. Керісінше, референдумнан кейін шабуылды үдетіп, Донецк, Луганск және Херсон облыстарында іркес-тіркес ірі жеңістерге қол жеткізді. Харьков қаласынан ойсырай жеңіліп, кері шегінген Ресей күштері Путин Украинаның шығысындағы 4 облысты Ресейге қосып алу туралы бұйрыққа қол қойып жатқан кезде, стратегия­лық орны айрықша маңызды Лиман қаласынан да айырылып, Северодонецк, Лисичанск қалаларына қарай шегінді. Қазір Украина армиясының бір бағыты Луганск облысының шекарасына жетсе, екінші бағыты Северодонецк пен Лисичанск қаласының түбіне тақап келді. Оңтүстік бағыттағы Херсон облысында да Ресей армиясы шегіне соғыс салуда. Ұлыбритания барлаушылары «Ресей Украинаның 4 облысында референдум өткізгелі Украина Қарулы күштері Донецк, Луганск бағытында 10-15 шақырым, Херсон бағытында 30-35 шақырым алға ілгерілегенін» жазды. Reuters агенттігі болса Ресейдің Қорғаныс министрлігі жариялаған мәліметтерде Ресей армиясының шегінгені туралы ақпарат айтылмайтынын, бірақ соғыс жүріп жатқан өңірлер көрсетілген картада Ресей әскери күштерінің бақылауындағы аймақтардың күн сайын азайып бара жатқанын алға тартып, Купянск­тен Оскол өзенінің бойындағы 70 шақырымға созылған майдан шебінде Ресей күштері Луганск облысының шекарасына қарай 20 шақырымға шегініп, Херсон бағытында, Днепрдің оң жаға­лауындағы Ресей күштері бақылап тұрған аумақтың қорғаныс шебі де оңтүстікке қарай 25 шақырымға жылжығанын мәлімдеді.

Ядролық қауіп те күшейді

Референдумнан кейін АҚШ бастаған елдер Украинаға көмекті тіпті үдетті. Осы аптаның басында Зеленскиймен сөйлескен Байден Украинаға тағы 625 млн доллар көмек көрсетуге уәде берді. Бұл көмек пакетінің арасында оған 4 дана HIMARS; 16 дана 155-мм-лік гаубица; 16 дана 105-мм-лік гаубица; MRAP MaxxPro маркалы 200 көлік; 75000 дана 155-мм-лік снаряд; 500 дана жоғарғы дәлдіктегі 155-мм-лік снаряд бар. Бұған дейін 16 миллиард доллар көмек берген АҚШ Украинаға көмек көрсеткен елдер көшін бастап тұр. Осы жағдайға байланысты 4 қазан күні Ресей СІМ-і Лавров «АҚШ-тың Украинаға қару беруі Ресей мен НАТО қақтығысын жақындата түседі» деп мәлімдеді.

Майдандағы жағдайды өзгерту үшін Ресейдің өз азаматтарын ішінара әскер қатарына шақыруы және өз аумағымызды қорғау үшін ядролық қару қолданамыз деп құқай көрсетуі бүкіл әлемге ықпал жасады. Кеше Ресей Қорғаныс министрлігі мобилизацияның сәтті жүріп жатқанын, қазірге дейін 200 мың азамат әскерге алынып, жаттығуға кіріскенін мәлімдеді. Алайда әскерге шақыру Ресеймен көршілес елдердің жағдайына да ықпал жасады. Себебі Мәскеу әскерге шақыру бұйрығын жариялағаннан кейін ресейлік ер азаматтардың көбі шетелге қаша бастады. Ресми дерек бойынша екі аптаның ішінде көрші елден 700 мың адам шетел асқан. Бұл жағдай Ресей қоғамында еңбеккүш тапшылығын туындатып қана қоймай, қыруар қаржының өз азаматтарының қалтасы арқылы шетел асуына да мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Әскерден қашқан азаматтардың Қазақстанға келіп жатқандары да аз емес, осыған байланысты жұрт жүрегінде елімізде жұмыссыздық асқынып, баға шарықтап, азық-түлік тапшылығы күшеймей ме деген күдік те жоқ емес.

Соғыс басталғалы Ресей армиясы Украинада су және атом электр стансасы сияқты негізгі энергия көздерін бақылауға алуға тырысса, ресми Мәскеу Украинаға жақтас болып отырған Еуропа елдеріне де мұнай мен газын рубльмен сататынын айтып, шартына келіспегендеріне «есігін» тарс жапты. Өйткені Кремль стратегтері «қыста газ бермей қатырсақ, Еуропа халқы ереуілдеп, украиндарға көмек беріп отырған билігін орнынан кетіреді» деп есеп құрғаны анық. Алайда Путиннің энергия қаруы – газ бопсасы да ол күткендей нәтиже бермеді. Демек, Украина территорияларының ­аннексиясы да, машақатқа айналған мобилизациясы да Ресейді тығырықтан шығара алмады. Путиннің қолында енді соңғы қаруы – атом қаруы қалды. Әлем елдерін алаңдатып отырғаны да осы.

Кеше Кремль Батыстың бастамасымен атқарылып келе жатқан ядроға байланысты мәселелерге қатысқысы келмейтінін ашық мәлімдеді. Демек, Ресей тығырыққа тірелсе, атом қаруын қолданатынын тағы да ескертті. Алайда Ресей алда-жалда атом қаруын қолданса, оның салдары Мәскеу үшін өте ауыр болатынын Батыс елдері де, НАТО да бірнеше мәрте қайталады. Дүйсенбі, яғни 3 қазанда британдық The Times басылымы «НАТО мүше мемлекеттерге Ресей президенті Владимир Путин Украина шекарасында ядролық сынақ жүргізу туралы бұйрық беретіні туралы ескерту жасағанын», ядролық оқ-дәрілер тиелген пойыздың Украина шекарасына жөнелтілуі мүмкін екенін хабарлады. Ал Рейтер агенттігі, НАТО өкіліне сілтеме жасай отырып, НАТО Ресейдің ядролық позициясында ешқандай өзгеріс байқамағанын, бірақ алдағы жағдайға байланысты сақтық танытатынын мәлімдегенін алға тартты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button