Мерей

Қажымайтын Қажымұрат

Бар ғұмырын тәлімгерлікке арнаған, жарты ғасырға жуық еңбек жолында қаншама шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Қажымұрат Нәсиевтің дара жолы өнегеге толы. Ардагердің тұтас әулеті де еліміздің әр аймағында шәкірт тәрбиелеп отырған білікті мамандар.

Солтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Бескөл ауданы, қазіргі Мамлют ауданына қарасты Бостандық орта мектебінде Қажымұрат Нәсиев 38 жыл еңбек етті. Жары Нағима Хамитқызы да 46 жыл оқытушылықпен айналысты.

Қажымұрат Нәсиев 1969 жылы К.Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институты тарих және филология факультетінің тарих және педагогика бөлімінде оқыды. Бұл жайында ардагер: «Ол кезеңде тарих бөліміне байқау жоғары, сегіз адам бір орынға таласты. Қазақ мектептерін бітірген 30 баланың 4-еуі ғана сынақтан өтті. Барлығы 50 бала қабылданды» деп еске алады. Оқу орнын тәмамдаған жас маман ұстаздық жолын бастап, оған дендеп кіріседі. 1974 жылы Бостандық орта мектебінде Нағима Хамит­қызымен бірге тарих, еңбек, ән-күй, дене шынықтыру пәндерінен сабақ берді. Екі ай өткеннен кейін 1974 жылдың қазанында оқу ісі меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 1975-2003 жылдары 28 жыл үзбей мектеп директоры болды.

Мектеп директоры бола жүріп, қазақ мектебінің ғана емес, ауыл мәселелері жөнінде, ауыл мәде­ниетін көтеруде мектеп ұжымын жұмысқа белсенді аралас­тырды. Мұғалімдік қызметке, негізінен, сол ауылдың түлектері алынды. Жоғары білімі бар ұстаздардың арқасында сапалы білім алған түлектер жыл сайын жоғары оқу орындарына түсіп отырды. Олардың арасында әртүрлі салаға елеулі үлес қосқан ғылым кандидаттары, жоғары білімді ауылшаруашылық басшылары болғанын Қажымұрат Нәсиев мақтанышпен айтады.

Ардагердің айтуынша, сол жылдары облыс орталығында бір ғана қазақ мектеп-интернаты болды. «Д.Қонаев атамызға дейін жазған хатымыздың әсері болар, 1991 жылы 1 қыркүйекте, тәуелсіздік жариялағанға дейін, жаңа типтік мектепке кіріп оқыдық. Бұл біздің тәуелсіздік жарияламай тұрып көрген алғашқы қуанышымыз еді. Облыстағы қазақ ауылдарының қол жетпеген жаңа мектепке біздің қолымыздың жетуіне өз үлесімнің болғаны қуантады» деді ол.

Тәуелсіздіктің алғашқы қиыншылыққа толы кезеңінде, 2003 жылға дейін мектептің жабдықталуына, өтпелі кезеңде оқу үрдісінің, ұжымның қалыпты жұмыс істеуіне барынша күш салды. Партия, кеңес жұмысы, аудандық мәслихат депутаты болып сайланған кезінде мектеп жұмысымен қатар, қоғамдық жұмысты да атқарды. 2003 жылы ардагер Петропавлға келіп, жаңадан құрылған қалалық ішкі саясат бөліміне басшылыққа тағайындалды. Мұнда да білім мекемелері, мәдениет, дін саласы бойынша бірқатар жұмыс жүргізді.

Одан кейін Астанаға көшіп, Білім департаментіне бас маман болып қызмет етті. «Білім департаментінде 13 бағыт бойынша бақылау жүргізіп, есеп беретін едім. Олардың қатарында өрт қауіпсіздігі, медицина кабинеттерінің жұмысы, жазғы демалыс, лагерь, оқушы қауіпсіздігі, жаңа оқу жылына дайындық жұмысы және басқа бағыттарды жіті бақылауда ұстадым. «Ориентир» мектебінің кураторлық жұмысына жауапты болдым» дейді ардагер ұстаз.

2011-2014 жылдар аралығында елордадағы №65 мектебінде мұғалімдік қызметін жалғастырды. Ардагер қоғамдық жұмыстарда белсенді. «Туған жер» бағдарламасы бойынша өлкетану жұмысымен де айналысады. Мамлют ауданындағы Бостандық, Үшкөл, Бексейіт ауылдарының тарихы мен шежіресін зерттеп, арнайы кітап шығарып, осы елдің мектептеріне тапсырды. Облыстық, аудандық газеттерде «Рухани жаңғыру» тақырыбына, тарих, өлкетану мәселелеріне байланысты мақалалары жарық көрді.

Әр жылдары «Еңбек ардагері» медалі, «Астанаға 20 жыл» медалі, Мамлют ауданының «Құрметті азаматы» белгісі, Мемлекеттік тарих институты жанындағы «Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі» белгісімен марапатталды. Астана қаласы Сарыарқа аудандық Ардагерлер ұйымының «Тұрмыс-1» атты бастауыш ардагерлер бөлімшесін басқарды. Қазіргі таңда «Елорда билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі жұмысына қатысып, ұлттық тәрбиені жандандыруға көмектесуде. Тарихшы-өлкетанушы ретінде туған өлкенің тарихына байланысты «Ауылым – алтын бесігім», «Құтты мекен Бексейіт», «Туған ауылым – Үшкөлім» атты еңбектері үш қазақ ауылының тарихы мен шежіресіне арналады. Ал бүгінде республика бойынша «Ашамайлы Керей Балта руы» шежіре кітабын жазуда.

Ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып жатқан қасиетті мамандықты Қажымұрат Нәсиев бастаған әулеттің ұстаз атауын ұлағаттап, қоғамда дәріптеуі еріксіз сүйсіндіреді. Бүгінде Нәсиевтер әулеті – Астана қаласы бойынша бірнеше байқаулардың жеңімпазы. 2016 жылы «Ұстаздар әулеті» байқауында I орын, 2017 жылы қалалық әкімдік өткізген «Еңбек әулеті» байқауында II орын, ал 2021 жылы Астана қаласы бойынша 120 жанұя бақ сынаған «Мерейлі отбасы» байқауында II орын иеленді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button