Елорда тынысы

Қазақ Қанышының мұражайы ашылды

Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мектеп-лицейде академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында көрнекті ғалымның музейі көрермен көзайымына айналды.

Елордадағы ең елеулі оқиға – музейдің ашылуы аясында академик Қаныш Сәтбаевтың шәкірті, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұловтың сөздері жазылған гранитті тақталардың ашылу рәсімі болды.

Музейдің салтанатты ашылуына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев,  Парламент депутаттары Алтынбек Нухұлы, Жарқынбек Амантайұлы, Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, Астана білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қатысты.

Қазақтың Қаныштарын көбейтіп, ғылымын тереңдеткен ғалым академиктің мұражайының ашылуы күмбірлеген күймен басталды, «Шабыт» оркестрі «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерімен қарсы алды. Жиынның шымылдығы қазақтың тұңғыш антропологы, академик Оразақ Смағұловтың видеоқұттықтауымен ашылды.

Жиында сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев салтанатты рәсімге қатысушыларды құттықтап, музей жұмысына сәттілік тіледі. Сенат депутаты, «Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлы ғалымның өмірі мен қызметіне тоқталды.

Мұражайдың салтанатты түрде лентасын қиюдың құрметті рәсімі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовке берілді.

Жаңадан ашылған мұражай екі бөлімнен тұрады: 1-бөлімде Қаныш Сәтбаевтың өмірі, (отбасы), еңбек жолы («Қарсақбай», «Жезқазған», «Ғылым академиясы») қойылса, 2-бөлімде минералдар топтамасы қойылған. Сондай-ақ соңғы үлгідегі «Галограмма» арқылы Қаныш Сәтбаев бейнесі бейнеленген.

Іс-шара соңында мектептің талантты оқушыларының қатысуымен   Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлының «Қаныш» поэмасынан көлеңкелі театр қойылымы көрсетілді.

Гауhар АМАНГЕЛДІ,

Л.Н.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университеті

журналистика факультетінің 2-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button