Басты ақпаратРуханият

Қазақ құрылтайы қандастар басын қосады

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері елімізде ұлтымызға қатысты тағдыршешті тарихи оқиғалар аз болған жоқ. Соның бірі Дүние­жүзі қазақтарының құрылтайы десек, бұл алқалы басқосудың әлемнің 40-тан аса еліне тарыдай шашылған қазақ халқы жөнінен мән-маңызы айрықша.

Ұлтымыздың бір елге, бір тудың астына жиналу процесіне кең жол ашқан бұл құрылтай қазірге дейін 5 мәрте шақырылды.

1992 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына әлемнің 33 елінен 800-ден аса өкіл қатысты. Азаттығымыздың айғағы болған бұл жиын тарихымыздың жаңа кезеңінің басы болды. Бұл басқосу қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанның белгісі болды. Тәуелсіздігін жаңа алып, қат-қабат қиыншылық қыспағында тұрған жас мемлекет – Қазақстан үшін бұл келелі кеңесті өткізу оңай болған жоқ. Қаражаттың тапшылығынан келген қонақтардың жатын орны мен 3 уақыт тамақ мәселесін шешудің өзі үлкен салмақ еді.

Алғашқы алқалы жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру, оның жарғысын бекіту, басшылық органдарын сайлау мәселелері талқыланды. Құрылтай шешімімен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының алғашқы төрағасы болып ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Қалдарбек Найманбаев төрағаның бірінші орынбасары болып сайланса, Дәлелхан Жаналтай, Мырзатай Жолдасбеков пен Алтынбек Сәрсенбаев төралқа мүшелігіне көрсетілді.

Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайы 2005 жылы 28 қыркүйектен 2 қазанға дейін еліміздің жаңа елордасы – Астана қаласында өтті. Құрылтайға әлемнің 32 елінен 312 қандасымыз келді.

Үшінші құрылтайдың ерекшелігі іскерлік бағытта өткізілді. Құрылтайда мәдениет, оқу-ағарту, бұқаралық ақпарат құралдары және көші-қон мәселелерін қарастырған төрт секциялық мәжіліс өткізіліп, шетелдегі қазақтармен байланыс жасаудың өзекті мәселелері талқыланды. Көші-қон, оқу-білім, мәдени-рухани және бұқаралық ақпарат құралдар мәселелеріне айрықша көңіл бөлу сынды түйіндерге баса назар аударылды.

2011 жылы 25-27 мамырда Астанада өткен төртінші құрылтайға 35 шет елден 380 делегат, Қазақстанның әр аймағынан 300-ден астам адам қатысты. ІV құрылтайдың делегаттарының 60 пайызы жастар болды.

Еліміз тәуелсіздік алғалы 1,5 миллион қандасымыз атажұртқа оралды. Әлемнің 40-тан астам елінде әлі де 5 миллионнан артық қандасымыз өмір сүріп жатыр

Құрылтайда қандастарға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдарын айқындау, көші-қон туралы заң жобасының қайта қаралуы, «Нұрлы көш» бағдарламасының 2-кезеңінің жобасын жоспарлап қолға алу, қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына жағдай жасау, ұлттық өнерді кеңінен тарату, шет елдерде кіші құрылтайлардың тұрақты өткізілуі және оған «Самұрық-қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдау көрсетуі және т. б. келелі мәселелер қаралды. Құрылтайда шетелде тұратын қазақ шет жұрты өкілдерін Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуына жол ашу, сондай-ақ тарихи отанына инвестициялар орналастыру мүмкіндіктері секілді мәселелер талқыланды.

2017 жылы 22-25 маусым күндері Астанада өткен әлем қазақтарының V құрылтайына 39 мемлекеттен 350 қонақ делегат пен ел ішінен 350 қонақ қатысты.

Құрылтай аясында тұңғыш рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды» атты дүниежүзі қазақ жастары көшбасшыларының форумы өтті. Құрылтайда шетел қазақтарының Қазақстанмен байланыс жасау­дың өзекті мәселелері негізінде әртүрлі тақырып бойынша дөңгелек үстелде талқыланды. Осы алқалы жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары болып Зауытбек Қауысбекұлы сайланды. «Отандастар» қорын құру жөнінде тапсырма берілді.

Еліміз тәуелсіздік алғалы 1,5 миллион қандасымыз атажұртқа оралды. Олармен бірге шетелден қазақтың тілі келді, салт-дәстүрі келді, ұмытылып бара жатқан, көз жазып қалуға айналған талай құндылығымыз келді. Ең бастысы «елге ел қосылса – құт» дегендей, санымыз өсті, қазақы санамыз нығайды. Сонау 91-жылы басталған сол ұлы көш бүгінге дейін бұйдасын іріккен жоқ, әлі келіп жатыр, болашақта да келе бермек. Өйткені әлемнің 40-тан астам елінде әлі де 5 миллионнан артық қандасымыз өмір сүріп жатыр. Бұл аз сан емес, көршіміз – Қырғыз елінің халық санымен қарайлас көрсеткіш. Егер сол қандастарымыз түгел атажұртқа оралса, біздің елдің халық саны 25 миллионнан асып, елдегі демография мәселесі оң шешімін тауып, «бос жатқан жерімізге» әркім сұғын қадамас еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Шетелдегі қандастарымыз­ды атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деп қадап тұрып айтқанын ескерсек, қандастар мәселесі қашанда өзекті тақырып.

2017 жылы ашылған 5 құ­рылтайда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Отандастар» қорын құруды тапсырып, осы қор арқылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына шетелдегі ағайынмен байланыс жасауды міндеттеген болатын. Алайда өткен 5 жылда бұл қор мен қауымдастық қоян-қолтық жұмыс істей алған жоқ. Керек десеңіз, қауымдастықтың бар-жоғы білінбей кетті. Тіпті құрылғанына 30 жыл толған айтулы сәтте де қауымдастық жағынан үлкен шаралар өткізілген жоқ.

Жаңа Қазақстан құру ісінде қандастар мәселесі де қаперден қағыс қалмауы тиіс. Сондықтан биыл әлем қазақтарының 6-құрылтайын шақырып, басшыларын қайта сайлап, қауымдастық жұмысын Ұлттық құрылтаймен үндестіріп, Жаңа Қазақстан ұғымымен ұштастырып жіберсе, нұр үстіне нұр болғалы тұр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button