Басты ақпаратҰлт ұпайы

Қайрат СӘКИ: Ұлттың дамуына құндылықтардың тұсалуы кедергі

Тарих беттерін парақтап, зерттеп, зерделеген сайын өз ұлтыңның өткеніне құрметпен қарай түсесің. Өз тарихын құрметтеп, шындық жазылған сайын ғұлама бабаларымыздың келешек ұрпақ үшін жасаған еңбектеріне ерекше бас иесің, білуге ұмтыласың. Шығыстанушы, арабтанушы, зерттеу кітаптардың авторы, ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері Қайрат СӘКИМЕН сұхбаттасып, оның төл тарихқа, ұлт мүддесіне қатысты пайымдауларын тыңдаған едік.

– Қайрат Ұзақұлы,  2020 жылы әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толды. Дүниежүзіне атағы жайылған бабамыз Отырарда өмірге келген. Бірақ, қазақ жерінде кіндік қаны тамған ғұламаның өз елінде есімі біраз жылға дейін көмескі болып келді. Оның қандай себептері бар деп ойлайсыз?

– Әл-Машаниге дейінгі үнсіздік халқымыздың отарлық жүйеде әбден езілгендігін көрсетеді. Ал тәуелсіздіктен соң әл-Фараби аты елімізде көмескі тартты деп те, жарқырап та кетті деп айта алмаймын. Әл-Фараби орталығы 1993 жылы  құрылды. Орталық 25 жылдан астам уақыт бойы ғылыми қызметті жүзеге асырып келеді. 2020 жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығы орталыққа жаңа серпін берді.

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алдындағы ұлы ойшылдың ескерткіші екі рет салынғаны мәлім. Сыртқы бейнесіне қатысты ескертулеріңізге не себеп?

– Себеп – тарихи дерек пен шығармашылық қиял арасындағы қайшылық. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алдындағы Ұлы ойшылдың ескерткіші екі рет салынды. Соңғы ескерткіштегі сәлдесі дағарадай. Ал Ұлы ойшыл ешқашан басына сәлде орамаған. Ол туралы ортағасырлық тарихшылар: «Әл-Фараби түркіше киініп жүрген, басында қалансуа­сы болған» деп жазады. «Қалансуа» араб тілінен «тақия» деп аударылады. Атақты ортағасырлық тарихшы Ибн Халликан: «Шам елінің ғұламалары жиналған мәжіліске кіріп келді. Үстіне түркі киімін киген. Ол осы киімді әрдайым киіп жүретін» деп көрсеткен. Бірақ ескертуге назар аударып жатқан жан жоқ.

– Ұлы ғалымды туған халқымен қайта қауыштырған – Ақжан әл-Машани қандай адам? Әл-Фарабидің ұстаздары мен шәкірттері туралы айтып өтсеңіз?

– Ақжан әл-Машани ақсақалдың қандай адам болғанын білмеймін, бірақ атқарған ісі бойынша бағаласақ біртуар тұлға, елсүйер азамат. Әл-Фарабидің ұстаздары, әрине, Аристотель, Платон. Әбу Насыр әл-Фараби Платон және Аристотель ілімдерінің ислам әлеміне әкелген ислам ойшылдарының бірі және ол өзінен кейінгі мұсылман философтарына үлкен әсер еткен. Әл-Фараби философияны теологиядан, яғни діннен бірінші болып бөлді. Орта ғасыр­ларда өмір сүрген және оның көзқарастары әсер етпеген мұсылман немесе христиан философын табу қиын. Шәкірттері көп болған.

Әлемде озық болу үшін елімізде жылына 48 780 кітап жарық көруі тиіс екен. Сіз қалай ойлайсыз, елімізде жылына қанша кітап шығады? Ең табыс­ты жыл – 1996 жылы 1200 кітап түрі баспадан шығып, еліміз әлемдік рейтингте 69-орында тұр. Бұл – кітап түрі бойынша көрсеткіш, ал тиражы бойын­ша рейтинг болса біз көш соңында қалатынымыз сөзсіз.

– «Әл-Фараби қартайған шағында Бағдат шаһарына келді және оның мақсаты – араб­қа сіңу немесе гастарбайтер (бағбан) болып істеу емес, сөзін бағалайтын ғылыми ортаны табу еді» дейсіз. Әл-Фарабидің «Жас кезіңде білім байлығын жина, қартайғанда сол байлықты шаш» деген Низамидің принципімен өмір сүргенін де айттыңыз. Жалпы әл-Фараби мұрасының зерттеле қоймаған тұстары көп пе?

– Әрине, көп. Математика, медицина, астрономия, геометрия салалары бойынша жазған трактаттары бізде мүлдем зерттелмеген. Әл-Фараби сансыз ғылыми трактаттар жазғанымен, оның 40-ы ғана біздің заманымызға жеткен. Ибн Халликан: «Әл-Фараби еңбектерін кітап, брошюра түрінде өте сирек жазған. Ол көбінесе ғылыми еңбектерін қысқаша тарау, түсіндірме түрінде қалдырған» деп көрсетеді. Шәкірттері оларды топтастырып, кітап түрінде шығарған.

– «Әл-Фарабидің әртүрлі салалардағы көптеген идеялары мен пікірлері сол кездегі түсінікке және діни постулаттарға қайшы келді» дейсіз. Діни фанаттардың ортағасырлық мұсылман рационалды философиясына тосқауыл қоюы түбінде мұсылман әлемінің тоқырауына әкеліп соқты деп те айттыңыз. Төзімділік (толеранттылық) жағдайындағы діндер татулығы жағдайында оның пайымдары қалай қабылданады деп ойлайсыз? Теологияға іш тартқан кәсіби тарихшылар туралы пайымыңыз қандай?

– Кейбір замандас кәсіби тарихшылардың, зерттеушілердің дін позициясынан әрекет етуі сырт көзге оғаш көрінеді деп бұрын жазған болатынмын. «Азған елге дін келер» деген кеңестік режим қазақ халқын аздыруда алдына жан салмады. Сол заман көбірек жасап, тағы бір ұрпақ ауысқанда қазақ халқының рухани саудасы бітер еді. Қазір де тіл, ұлттық тәрбие саласында кемшін тұстары бар десем артық кеткендік емес. Сондықтан біздің азғындаған қоғамға дін келді. Маскүнемдік, наркомания, бәтшеғарлық, жезөкшелік және тағы басқа көптеген әлеуметтік мерездердің бірден-бір дауасы ислам діні екендігі айқын.

Алайда «Бояушы десе сақалын бояпты» деген мемлекеттік қызметкерлер мен ғылым төңірегінде жүргендердің әсіредіншіл болғаны орынсыз деп санаймын. Ойымды нақтылай түссек, мұсылмандықты ұстану жеке бастың шаруасы, оның талаптарын ғылыми зерттеуге, мемлекеттік басқаруға араластыру қажет емес. Мысалы, белгілі бір шығыстанушы ортағасырлық мұсылман жазба ескерткіштерінде Тәңіршілдік туралы бірде-бір сөз жоқ деп кесіп айтты. Сол сәтте сонау студенттік жылдары оқыған Ибн Фадланның «Еділ бұлғарларына сапар» деген туындысындағы түркілер иектерін көтеріп, «Бір Тәңірі» деп айтады деген жолдары ойыма сап ете қалды. Ал бұл тақырып мақсатты түрде зерттелсе, ол кісі мүлдем ыңғайсыз жағдайға түсер еді деп ойлаймын.

– Біз Фарабиді танып-білдік пе? Оның мұралары негізінен қай елде сақталған? Ол араб тілінде жазды ма, парсы тілінде ше?

– Әл-Фараби сансыз ғылыми трактаттар жазғанымен, оның 40-ы ғана біздің заманымызға жеткен. Оның 32-сі араб, 6-ы иврит және 2-і латын тілдерінде. Еңбектерінің көпшілігі қазақ тіліне аударылмаған.

– Фарабиді ұлықтап, түгендеуге не кедергі? Оны әлемге қайта танытып, ел брендіне айналдыру үшін не істеу керек?

– Сіздің сұрақтарыңыз­ға қарап отырсам мені фарабитанушы деп қабылдайтын секілдісіз. 2020 жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығына шығарылған материалдарды оқып отырып, ұлы ұстаздың өмірінің белгісіз жақтары туралы «Тарханның баласы» деген мақала жазғанмын. Сол ғана. Мен мұсылман елдерінің тарихында орта ғасырларда із қалдырған түркі тайпаларының тарихымен айналысамын.

– Сіз Сыртқы істер министрлігі жүйесінде жұмыс істедіңіз. Еліміздің Каир, әр-Рияд, Әбу-Даби, Дубай, Сеул, әл-Кувейт қалаларындағы елшіліктері мен консулдықтарында түрлі дипломатиялық қызметтер атқардыңыз. Ол елдерден бізге үйренетін тұстары бар ма? Қандай ерекшеліктерін атап өтер едіңіз?

– Араб елдерінің саны 20-дан асады. Көбі – кедей, қатаң режимдері бар артта қалған елдер. Кейбіреулері қайыршылықта өмір сүріп жатыр. Араб елдерінің витринасы мұнайдан байыған бірнеше ел. Осы елдердің кейбірінен мұнайдан түскен қаржыны дұрыс пайдалану, халықпен бөлісу тәжірибесі қызықты әрине. Бірақ бір атап өтерлігі, олар халықпен бөліскенде – бір әулеттің елді басқаруына қарсы болмау, саяси бос­тандықтарды талап етпеу секілді жазылмаған талаптары бар.

– Мемлекеттік қызметте жүріп тарихи дүниелерді жазуға не себеп болды? Қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген даңқты Байбарыс сұлтан туралы жазылмаған, әлі де зерттелмеген тұстары бар ма?

– Сіздің сұрағыңыздан өзіңізге тиесілі жұмысты атқарып тыныш жүре бермейсіз бе деген леп соғып тұр. Қызметте басшылар тарапынан тура сондай көзқарас болатын. Мемлекеттік қызметте жүріп кәсіпкерлікпен айналысуға болмайды, ал шығармашылыққа тыйым жоқ. Байбарыс жайлы кең қамтып жаздым, бірақ ол туралы зерттеулерді түрлі қырынан жүргізсе, әрине, болады. Бірақ оның өмір жолы туралы жазу – қайталау.

– Тарихи дүниелерге қалам тербеу өте қиын, күрделі еңбекті қажет етеді. Ұлттық идеяға, тарихи сананың жаңғыруына қызмет етіп келесіз, тағы қандай тақырыптарға қалам тербеуді мақсат етесіз?

– Қазіргі уақытта «Шуақ­ты Шудың шежіресі» деген өлкетану еңбегін аяқтап, «Жауғаш батыр» деген зерттеуді бастадым. Сонымен қатар, қазақ халқының жазылмас жарасы – ашаршылық туралы «Жылан тақыр 1929-1934» деген зерттеу­ді қоса жүргізіп келемін. «Мәмлүк әскерінің тактикасы мен стратегиясы» деген зерттеу­ді аяқтап, ортағасырлық араб жазба ескерткіштеріндегі ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби өмірінің жұртшылыққа мәлім емес жақтары жөніндегі және «Мәмлүк миниа­тюрасы» деген зерттеу жұмыстарын жалғастырып жүрмін. Келесі айналысып жүрген жобам араб тілінен таза аударма болып табылады. «Араб тарихнамасы түркілер туралы» деген жоба бойынша 600-1500 жылдар арасындағы араб әдебиеті, хадис, хабар, діни шығармалар, география­лық, тарихи туындылар мен әскери трактаттардағы түркі атауына, этносына, жеріне, этнографиясы мен тарихына, оның атақты тұлғалаларына қатысты мәліметтер қазақ тіліне алғаш рет аударылып, түсініктемелермен беріледі.

– «Репрессия кезінде қазақ бірін-бірі аямаған, ал өзбектің мұртын балта шаппаған дейтіндердің назарына» деп жақында Facebook-тегі парақшаңызда Өзбекстанның Президенті Мирзиёевтің репрессияға ұшыраған отандастары жайында жазған жазбасына қатысты өз пікіріңізді жарияладыңыз. Осы мәлімдеме қаншалықты рас? Өз қандасымызды өзіміз тұқырта бермейік деген пікір ме?

– Өзбек президентінің сөзіне сенбеуге негіз жоқ. Кейбіреулер бар кінәні қазақ халқынан іздеуге құмар. Аштыққа да, репрессияға да кінәлі қазақ. Соларға айтылған сөз, өз қандасымызды өзіміз тұқырта бермейік дегенім. Қазақ басқа халықтардан кем де емес, артық та емес. Ұлтымыз бастан кешкен репрессияны басқа ұлттар да көрді.

– Кеше ғана ел тізгінін ұстаған тұлғалар туралы да пікірлер қайшылыққа толы. Шаях­метов аталмайды, Қонаевқа қала бердік, Тәшенов тұғыр­да тұр, Оңдасынов ескерілмейді, мемлекет неге осыны бір жөнге келтірмейді?

– Маған салса, коммунистік режимнің атқару­шыларына лайықты баға берілуі тиіс. Менің ойымша, Мәскеуден бөлінген бюджетті игерушілер арасында ешқандай айыр­машылық жоқ.

– Қазір аңызға сүйе­ніп, ата-бабасын ұлықтап, кітап жазатындар көбейді. Ғылымда да кездейсоқ жолбикелер де аз емес. Мұндай саясат тарих ғылымының беделіне нұқсан келтірмей ме?        

– Әлемдік кітап шығарушылар бірлестігінің есебіне сәйкес, әлемнің ең озық елінде бір жылда жарық көрген кітаптарды адам басына шаққанда 1 млн тұрғынға 2710 кітап түрі келеді екен. Қазақстанда 18 млн халық бар. Сол санды 18-ге көбейтсек, не болары түсінікті. Әлемде озық болу үшін елімізде жылына 48 780 кітап түрі жарық көруі тиіс екен. Сіз қалай ойлайсыз, елімізде жылына қанша кітап түрі шығады? Ең табыс­ты жыл – 1996 жылы 1200 кітап түрі баспадан шығып, еліміз әлемдік рейтингте 69-орында тұр. Бұл – кітап түрі бойынша көрсеткіш, ал тиражы бойынша рейтинг болса біз көш соңында болатынымыз сөзсіз. Кітапты 1000-2000 дана етіп шығару дәстүрге айналып кетті. Сондықтан «аңыз­ға сүйеніп, ата-бабасын ұлықтап, кітап жазатындарға» тиісіп керегі жоқ деп ойлаймын. Іс жүзінде, Сіз жылына бәрібір мың кітап оқи алмайсыз ғой!

– Қазақ ұлтының ілгерілеуіне не кедергі?

– Ұлтымыздың ілгерілеуіне – демократия­лық бос­тандықтардың болмауы, тіл секілді ұлттық құндылығымыздың тұсалуы кедергі. Саяси белсенділерге бостандық беріп, аудан, облыс, ел басшыларын шынында халық сайлауы тиіс. Демократия деген халық билігі емес, заңдардың сөйлеуі дер едім. Заң алдында бәрі тең болса көрерсіз қоғамның аяқ астынан өзгергенін. «Жаңа Қазақстан» деп көп айта бергеннен гөрі нақты іске көшпесек қоғамда жаңару болмайды.

– Қоғамдағы өзгерістерге қатысты пікірлеріңіз қандай? Ұлттық тарихи құндылықтарымызды насихаттаудың заманауи қандай жолдары бар?

– Ұлттық тарихи құндылықтарымызды насихаттау – мемлекет институттарының және оның қолдауымен зиялы қауымның міндеті. Сол мекемелер, заманауи жолдарын ойлап тауып керегі жоқ, әлемдік тәжірибені пайдаланып қаржыландырса, қолдау көрсетсе қоғамда өзгерістер болады. Мемлекет халыққа қызмет етуі керек, керісінше емес. Шыны керек, қоғамда ешқандай өзгерістер көріп отырған жоқпын. Егер сіздің сұрақтарыңызға менің жауаптарым осы қалпында шықса, онда шынымен қоғамда өзгерістер бола бастады деп түсінер едім.

– Қайрат Ұзақұлы, уақыт тауып, сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп рақмет, ел аман, жұрт тыныш болсын!

Сұхбаттасқан Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button