Мәдениет

Қару мен қалам

Елордадағы ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери патриоттық орталығында КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарының иегері Әскен Нәбиұлының 100 жылдығына арналған «Бармысыңдар, армысыңдар, бабалар!» атты еске алу кеші өтті.

Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Қына деген ауылында дүниеге келген белгілі жазушы-журналист Әскен Нәбиұлының рухына арналған осынау кеш туған жерін жаудан азат ету үшін 1941 жылы орта мектепті бітірісімен сол жылдың желтоқсанында майданға аттанған жас жауынгердің Сталинград майданына қатысып, біздің бейбіт күніміз үшін басын қатерге тіккені, елге Жеңіспен оралғаннан кейінгі өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнероликті тамашалаудан басталды. Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері қаламгердің «Қыз тағдыры» әңгімесінен үзінді оқыды.

Әсекеңнің ұлы, белгілі кәсіпкер Марат Нәбиев мерейтой аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған фотокөрме ұйымдастырылғанын, алдағы уақытта ғылыми-тәжірибелік конференциялар, көрмелер, республикалық үздік шығармалар және көркемсурет байқаулары және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылатынын атап өтті.

Еске алу кешінде жазушымен әр жылдарда қызметтес болған Кеңес Одағының Батыры, ҚР ­Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, белгілі журналист, халықаралық «Жамбыл» атындағы сыйлықтың лауреаты Бәдуан Имашұлы, Айтбай Жанатаев, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Сайлаубек Смағұлов, ғалым Айсұлтан Қалыбаев және Әсекеңнің қарындасы Күлмай Нукушева «Әскен Нәбиевке – 100 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.

Іс-шара барысында Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этно-ансамблі (көркемдік жетекшісі, мәдениет қайраткері, композитор Шолпан Қорғанбек) өнер көрсетті.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button