Басты ақпаратЕл тынысы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

Аmanat партиясының XXIV съезінде Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов президенттік сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. «Amanat партиясының міндеті және біздің тарихи жауапкершілігіміз – барша қазақстандықтарды президенттің озық реформалары төңірегіне топтастыру» деп мәлімдеді Ерлан Қошанов.

Одан кейін партия делегаттары пікір білдірді. Тәжірибелі ұстаз Аягүл Миразова «Мемлекет басшысы ішкі-сыртқы саясатта тәжірибесі мол, елдің өткенін, бүгінін, жағдайын терең білетін тәжірибелі тұлға болғанын» қалайтынын айтты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі балуан, Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов бүгінде елімізде әділетті қоғам құру, халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Съезге 1200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Сая­си кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, өңірлерден келген 700 делегат, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және тағы басқалар бар.

Amanat-тың кезектен тыс XXIV Съезі барысында партияның жаңа Саяси тұғырнамасы бекітілді. Негізгі идеологиялық құжат дамудың негізгі бағыттары мен саяси бірлестіктің принциптерін көрсетеді. Партия төрағасы Ерлан Қошанов бүгін қабылданған Amanat-тың Саяси тұғырнамасы ұзақ мерзімді және стратегиялық құжат екенін атап өтті.  «Жалпы, бүгінгі Съезді тарихи деп айтуға толық негіз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Тұғырнаманың басты қағидасы – Адам, Қоғам және Мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес әрі сабақтас. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады» деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде Саяси тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Amanat партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл құжатта партия Қазақстанның болашағы туралы идеясын айқын көрсетіп, өзінің ниеті мен мақсаттарын белгілегенін атап өтті. «Барлық өңірден ұсыныстар жинау және әлеуметтік сауалнамалар жүргізу арқылы партияның әрбір мүшесіне құжатқа қатысты өз пікірін айтуға мүмкіндік берілді. Соның нәтижесі ретінде, партияның жаңа құжаты қоғамымыздың әртүрлі топтарының көзқарастары мен мүдделерін көрсетеді. Басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені Amanat партиясы – Қазақстандағы ең мықты қоғамдық институт» деді халық қалаулысы.

Amanat партиясынан Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева өз сөзінде тұғырнамада ұсынылған тәсілдер сапалы тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның әрбір азаматының оның игілігін көруіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметованың айтуынша, ауыл елдің алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының күре тамыры.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, партия Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Серғалиев құжатта білім мен ғылым ерекше орын алатынын атап өтті. Белгілі саясаттанушы, партия Саяси кеңесінің мүшесі Марат Шибұтовтың пікірінше, жаңа саяси тұғырнама: «Адам – мемлекеттің бас­ты байлығы» идеясына негізделген. «Бұл тәсіл Әділетті Қазақстанды құру идеясына сәйкес келеді. Құжатта байқалғандай, партия «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты ұстанады. Партияның мақсаты – азаматтың құқықтары мен мүдделері қорғалатын, ал адал еңбек пен білім әр адамға өз жоспарларын жүзеге асыруға және жетістікке жетуге мүмкіндік беретін демократиялық, әділетті және өркендеген мемлекет құру. Адамдар үшін отбасы, денсаулық, білім, жұмыс істеп лайықты табыс табу, қауіпсіздік маңызды» деді ол.

Съезд соңында партия Төрағасы Ерлан Қошанов форум өтетінін хабарлады. Онда еліміздің прогрессивті қоғамдық-саяси күштері Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі коалицияға бірігеді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button