Қала мен Сала

Қоршаған ортаны қорғау – басты міндет

Табиғат байлығының бірі қоршаған ортаны қорғап, ондағы жануарларға жанашырлық таныту баршаға ортақ міндет екені анық. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабыл­данып, жүзеге асырылып жатыр. Енді шетелде секілді бізде де жануарларға деген көзқарас түбегейлі өзгереді.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұловтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта бұрын-соңды заңнамамен қамтылмаған құқықтық қатынастарды реттеудің негізгі қағидалары белгіленді. Жаңа заңға сәйкес, жануарлардың өмірі, денсаулығы мен әл-ауқаты үшін иелерінің жеке жауапкершілігі күшейтіліп, оларға қатыгездік танытпау, керісінше, қорғау қарастырылып отыр.

Сонымен бірге бұл заңда жануарды азаптауға, қинауға, өлтіруге және төбелестіруге, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізуге жол берілмейді. Керісінше, оларға дер кезінде көмек көрсетілуі керек. Ал егер адамдар осындай әрекеттерге жол беріп, кiнәсi анықталған болса, құқық бұзушылық үшiн Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе Қылмыстық кодекске сәйкес бір жылға бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады.

Қаңғыбас иттерден қауіп көп

Қазіргі таңда қаладағы қаңғыбас жануарлардың қатары күн санап көбеюде. Жаз бойы білінбегенмен, енді күн суыта келе олардың жылы жер іздейтіні белгілі. Бұл мәселенің алдын алу мақсатында елордада жүйелі жұмыс жүргізілуде.

– Бұрын қаңғыбас иттер мен мысықтарды атып тастайтын. 2017 жылдан бастап Қазақстан аумағында Астана қаласы бірінші болып бастама көтеріп, қаңғыбас және қараусыз қалған ит-мысықтарды атуға тыйым салынды. Бұл шара адам өміріне қауіп төндіргенде немесе адамдарға шабуыл жасаған жағдайда ғана қолданылады, – деді Дәулет Досқұлов.

Айтуынша, қаңғыбас жануарлар қоғамдық орындарда оларға зиян келтірмейтін құралдармен ауланады. Иесіз иттер мен мысықтарды Астана қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Астана ветсервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны аулайды. Бұл ретте елордадағы әрбір ауданға бір аулау бригадасы бөлінген.

Жануарлар ауланғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына жеткізіледі, ол жерде 10 күн карантинге қойылады. Вакцинация салынып, стерилизация жасалып, олардың иелері табылған жағдайда иесіне қайтарылады немесе үшінші тұлғаға берілген күнге дейін екі ай мерзімінде уақытша ұстау орнында болады.

Үй жануарларына жауаптылық қандай?

Жаңа заңға сәйкес, алдағы уақытта үй жануарлары иелерінің жауаптылығы артады. Бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылып жатыр.

Үй жануарларын ұстау бойынша тиісті талаптар бар. Олардың негізгілері, мысалы жануарды асырап, бағып күткен соң, ол жануар адамның жауапкершілігінде болады. Адам жануары үшін қандай жағдай болмасын жауапты болады. Яғни жануардың қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеу, ветеринариялық-санитария­лық қағидаларды сақтау, оларға уақытылы жағдай жасалуы тиіс.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының айтуынша, ең басты жаңалық – елімізде бірінші рет қолданысқа енгізгелі жатқан үй жануарларын міндетті тіркеу. Ол заң 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Жануарлардың иелері осы уақытты күтпей, қазіргі күннен бастап tanba.kezekte.kz үй жануарларын есепке алу базасында ит пен мысықтарын тіркей берсе болады. Бұл жұмыспен айналысатын қаланың 20 жекеменшік ветеринария­лық клиникалары бар. Сонымен бірге осы мәселе бойынша үй жануарларының иелері «Астана ветсервис» кәсіпорнына хабарласып, мән-жайды толық білуіне болады.

– Есепке алу ақылы түрде жүргізіледі, ал халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдардың ит-мысығын «Астана ветсервис» кәсіпорны тегін тіркеуге алады. Осы заңды орындамаған жануарлардың иелері 2023 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, қараусыз және қаңғыбас ит пен мысықтың санын азайту мақсатында елордада тағы да біршама жұмыс жүргізілуде. Мысалы, әлемдік тәжірибе бойынша жануарлардың 70-80 пайызы стерилизацияланғанда, қаңғыбас жануарлардың саны айтарлықтай азаяды. Осыған байланысты елорда аумағында қаңғыбас жануарлардың санын реттеу мақсатында барлық ниет білдірушілер үшін иттер мен мысықтарды тегін кастрация­лау және стерилизациялау жұмысы жүргізіліп жатыр, – деді Д.Досқұлов.

Бұл тегін кастрация және стерилизация бір реттік жеңілдік болған соң, 2022 жылдың соңына дейін ғана болады. Асырауында иттері бар азаматтар мына телефондарға: 28-59-70, 8-747-623-53-57 хабарласып, ақпарат алу үшін алдын ала жазыла алады немесе Астана қаласындағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының жанында орналасқан 20-40 көшесі, 2/1 үйге «Астана ветсервис» кәсіпорнына келіп, толық ақпарат ала алады.

Ал мысықтардың иелері елордадағы «Византия» ветеринарлық клиникасына хабарласуы керек, алдын ала жазылу үшін ­8-708-663-56-78 телефонына хабарласуға немесе Қорғалжын тасжолы, 21/5 үйде орналасқан офис­ке келіп, толық мағлұмат ала алады. Ота жасау үшін мысықтар мен иттер дені сау, құрттардан емделген және вакцинацияланған болуы керек.

Иттерді серуендету қағидалары

Иә, бас шаһарда ит пен мысық асырайтын жандар аз емес. Қала көшелерінде, әсіресе адамдар демалатын көпшілік орындарда кейбі­реулердің иттерін серуендетіп жүретінін де жиі байқаймыз. Бұл ретте тұрғындар қандай талаптарды сақтауы керек? Осы мәселе бүгінде жүйелі шешімді талап етіп отыр.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов осы мәселеге қатыс­ты мынадай пікір білдірді:

– Жаңа заңға сәйкес, иттердің өздігінен серуендеуіне болмайды. Білім беру, медициналық, мәдениет ұйым­дарының қасында, тыйым салу белгілері бар жерлерде оларды серуендетуге ты­йым салынған шектеулер бар. Осы жағдайды ескере отырып, жануарлары бар қала тұрғындарына жағдай жасау мақсатында елорда аумағында 8 иттерді серуен­дету алаңдары берілген, алдағы уақытта халықтың сұранысы бойынша серуен­дету алаңдары көбейетін болады. Қала халқынан көптеген сұрақ келіп түсіп жатады, солардың басым бөлігі иттерді баумен, тұмылдырықпен жүруді талап етеді, соған тоқтала кететін болсақ, үй жануарларын арнайы баумен тұмылдырықсыз серуендетуге болады. Жануардың иесі өзімен бірге тұмылдырық алып жүру керек, ол қажет болған кезде итке дереу кигізеді. Бірақ ерекше жауапкершілікті, күтіп бағуды талап ететін иттерді тұмылдырықсыз серуендетуге мүлдем болмайды, ол – өзге адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сақтық шаралары. Сонымен қатар көшеден өткен кезде адамдарға немесе автокөліктерге кедергі келтірмеу үшін тұмылдырық кигізіп, қысқа бауда ұстау керек, – деді басқарма басшысы.

Бұл ретте елорда тұрғындары, қонақтары қала көшелері мен саябақтарда иттерін серуендету кезінде өзге тұлғаларға кедергі келтірмеуі қатаң ескертіледі. Сондай-ақ үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларының бұзылмағаны абзал.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button