Басты ақпаратЕлорда тынысы

Қоғамдық қауіпсіздік картасы

Кеше елорда әкімдігінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорда активімен бірге қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын талқылады.

Басқосуға қалалық мәслихат депутаттары, ұйымдар мен кәсіпорындардың басшылары, ғылыми мекемелер мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Бұл полиция мен әкімдіктің кеңейтілген түрдегі алғашқы кездесуі еді.

Еліміздің бас полицейі елордадағы қазіргі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмысына көңілі толатынын айта келіп, тәртіп сақшыларының уақытпен санаспай күні-түні жұмыс істеудің нәтижесінде қылмыс елімізде 16 пайызға, ал Астанада 17 пайызға төмендегенін тілге тиек етті.

– Дегенмен мұның барлығына тек салдармен күрестің арқасында қол жетті, – деді ол. – Ал қылмысқа көптеген фактор әсер етеді әлеуметтік, экономикалық көші-қон деген сияқты. Осыған орай, оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою барлық мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың жүйелі жұмысын талап етеді.

«Міне, бүгін біз қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасында осы мәселелерді қатерге ала отырып, екі негізгі тезиске назар аудардық. Оның бірі – қылмыстың алдын алу, яғни салдарымен күресу. Екіншісі – осы бағытқа қоғам мен жұртшылықтың күш-жігерін барынша жұмылдыра білу. Сол үшін тұжырымдама негізінде түйткілді мәселелер бағдарланған әрі оны басқару үдерісін енгізетін Астана проблемалар картасын әзірлеп, ұсынып отырмыз.

Картаға 7 негізге топтастырылған халық үшін өзекті 38 проблема енгізілді. Бұл – мас күйінде жасалған қылмыс, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, ұрлықтың алдын алу, жол қауіпсіздігі және басқалар. Мәселен, ұрлық, алаяқ­тық, отбасындағы зорлық-зомбылық, жасөспірімдер қылмысы, жол апаты, тағы басқа да өзекті мәселелер жалпыға белгілі. Картада мұндай құқық бұзушылық орын алатын және оларды азайту бойынша ұсыныстар әзірленген нақты мекенжайлар бар.

Сондай-ақ картаға «есірткі саудасының ұйымдасқан түрлерінің жоғары тәуекелдері», әсіресе «синтетика» мәселесі кіреді. Қазір елордада есірткі саудасы, оның ішінде «синтетикамен» қылмыстық құқық бұзушылықтың өсуі байқалады. Жыл басынан бері 46 кг есірткі, 10 кг «синтетика» тәркіленді.

Картаның тағы бір ерекшелігі – полиция қызметін күшейту арқылы әлеуметтік немесе экономикалық тамыры бар қылмыстарды азайтуға күш салу. Мәселен, елордада 26 техника тексеру орталығы биыл 34 мыңнан астам көлік құралын тексерді. Соның нәтижесінде қаладағы көліктің 50 пайызы пайдаланғанына 10 жылдан асқан болып шықты.

Елордалық тәртіп сақшылары жолдарда 4 мыңнан астам ақаулы автокөлікті анықтады. Сонымен қатар картаға жол инфрақұрылымын дамыту, жалдамалы пәтерлер мен ойын-сауық орындарының тыныштықты бұзуы және басқа да бірқатар мәселе енгізілді.

Марат Ахметжанов мұндай түйткілдер – бағдарланған тәсіл абстрактілі емес, нақты мәселелерді анықтауға, жүйелеуге және жоюға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.

«Бұл біз үшін негізгі міндеттерді нақтылайды, жұмыстың нәтижелілігін арттырады, ең бастысы қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын барлық өңірлерде іске асыру үшін қажетті дағдыларды дамытады» деді.

Астана қаласында жыл басынан бері жалпы қылмыс 19 пайызға азайған. Ал кісі өлтіру – 51, зорлау – 37, қарақшылық – 36, тонау – 16, бұзақылық – 47, ұрлық – 28, көшедегі қылмыс 12 пайызға төмендеген. Бұл ретте елордада 10 мың адамға шаққанда қылмыс саны 127-ден аспайтыны да айтылды.

Статистика көрсетіп отырғандай, қылмыскерлердің 80 пайызы жұмыссыз, 73 пайызының білімі жоқ әрі қылмыстың 50 пайызы мас күйінде жасалады.

Тағы бір мәлімет, кейінгі екі жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, қазақстандықтар ең көп қаржы жұмсайтын жетекші орынға шығып отыр. Биылғы бірінші тоқсанда ғана осы бағыттағы халық шығыны 100 млрд теңгеден асыпты.

Астанада бір жылда 71,7 кг есірткі тәркіленді. Оның 13 келісі – «синтетика». Бұл – 39 мың бір реттік доза. Олардың қара нарықтағы бағасы 260 млн теңгеден асады.

Биыл елде жасалған 7800-ден аса интернет-алаяқтықтың 5-еуі Астанаға тиесілі. Сонымен қатар министр елордада киберполдың құрылғанын да атап өтті. Ол заманауи жабдықтармен жабдықталып, интернеттегі қылмыстарды ашу мен тергеу тәсіліне бейімделді.

Елордадағы барлық қылмыстың 1/3 бөлігі – ұрлық. Әрбір бесінші ұрлық сауда нүктелерінде жасалады екен.

Биыл бейнебақылау жүйесі арқылы жалған нөмірлерді пайдаланудың 100 фактісін, жүргізуші куәлігі жоқ 1,5 мың азаматты анықтады.

Ішкі істер министрінің қала активімен болған кездесуінде қаладағы құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, оны мейлінше болдырмауға қатыс­ты басқа да көптеген мәселе көтерілді.

– Бұл карта жобасы баршамыздың жұмылып жұмыс істеуімізді қажет етеді. Бұдан азаматтар барлық оң өзгерісті сезінуі керек. Олардың ұсыныстары мен бастамалары бізге ауадай қажет. Жалпы мұндай түйінді түйткілдер – бағдарланған тәсіл баршамызға нақты проблемаларды анықтауға әрі оны мейлінше тез жоюға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді министр сөзін.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button