Басты ақпаратҚоғам

Қоғам үшін өгей бала жоқ

Бала – болашағымыз. Әр баланың балалық шағы қамқорлықта, бақытты өткеніне не жетсін! Әсіресе туабітті немесе өсе келе пайда болған сырқаты бар балалардың бір сәт болсын көңілін көтеру дегеннің бағасын ерекше бала өсіріп отырған отбасы ғана түсінеді. Алайда қоғам арасында дамуында ауытқуы бар бүлдіршіндердің көп жерде мүмкіндігі шектеліп келеді. Ал елімізде мүгедектіктің бірде-бір санатына жатпайтын 80 мыңға жуық ерекше бала тұрады.

Қатардан қалмауына көңіл бөлсе…

Өкінішке қарай, әртүрлі себеппен дамуы өз жас ерекшелігінен төмен балалардың саны күннен-күнге көбейіп барады. Мәселен, Қазақстанда ерекше балалардың әр төртіншісінде аутизм диагнозы бар. Ресми мәліметке сәйкес, аутизмге шалдыққан балалардың рес­публика бойынша жалпы саны бүгінде 9 мыңнан асады, ал бейресми дерек бойынша олардың саны 30 мыңға жетіп жығылады екен. Ел астанасында 2022 жылы олардың саны 2256-ға жетсе, 2023 жылдың 1 сәуірдегі есебінде осы диагнозы бар 2899 бала тұр.

Ерекше бала тәрбиелеп отыр­ған әрбір ата-ананың асыл арманы – ұрпағын қайткен күнде оңалту, оны аяққа тұрғызып, өмірге бейімдеу. Алайда жетеріне жете алмай тауы шағылып, жігері құм болып жататындар да бар. Сондықтан мұндай балаларды тәрбиелеу, оларға қамқорлық жасау – қоғам болып жұмылатын міндет. Қиын да жауапкершілігі жоғары жүкті мойнына алған аналар қоғаммен ықпалдастыққа мұқтаж. Ал қоғам мұндай балаларды қабылдауға қаншалықты да­йын дегенге жауап беру қиын. Себебі бірқатар ата-анамен тілдесіп көргенімде біразының айтары бір болды. Балаға қатысты қоғам көзқарасынан я шарасыздықтан шыңырауға құлатып, одағай күйзеліс орға жықпаса екен деген үміт бары көпшілігінен аңғарылды.

Еліміздің астанасы жөнінде айтсақ, қала­да ерекше білім беру қажеттіліктері бар 16527 бала бар, бұл ­жалпы балалар ­санының (435000) 3 пайызын құрайды. Инклюзивті білім беру 64 балабақша мен 89 мектепте қолға алынды. 2025 жылға қарай барлық білім беру ұйымын қамту көзделген

Ата-ананың баласына қатыс­ты жиі еститіні – оның іс-әрекеті турасында. Көпшілік мұны «тым еркелетіп жіберген» немесе «бетімен кеткен» тәрбиенің нәтижесі деп қабылдайды. Ал мектепке барса, қатарластары тарапынан буллингке ұшырайды. Баланы орта қабылдамаса, түсіністікпен қарамаса, психологиялық тұрғыдан ауыр тиетіні сөзсіз. Тек құрдастарының ғана емес, ересектердің, тіпті оңалту орталықтарының өзінде-ақ балаларды «ерекше» болғаны үшін қорлау я кемсіту тыйылмай тұр. Осы турасында күні кеше Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина елордалық жекеменшік балабақша тәрбиешілермен өткен кездесуде ерекше балалардың қауіпсіздігі мәселесіне тоқталған еді. Оның айтуынша, қаладағы «Балам-ай», «Нұрлы жұрек» секілді мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталықтарында әлімжеттікке жол беріп жатқан біліксіз тәрбиешілер қатары болған. Сондықтан бірінші кезекте мамандардың біліктілігін тексеру керек дейді.

Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқығын қорғауда 2008 жылы Қазақстан Мүгедектердің құқығын қорғау жөніндегі конвенцияны, 2016 жылы Білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы конвенцияны ратификациялады. Ал 2020 жылы республика бойынша барлық мектепте инклюзивті білім беру қолға алына бастады. Инклюзивті білім беру өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарынан қалмай, білім алып, тәрбиеленуіне жол ашады. Яғни аталған заңдар бойынша елдің барлық азаматына, жеке мүмкіндігіне қарамастан, білім берудің қолжетімділігіне кепілдік беріледі. Ал іс жүзінде бүлдіршіндердің мүмкіндігі қаншалықты көп деген сауал туындайды.

Ой мен бойды ойын түзейді

«Ерекше бақыт» қоғамдық қорының басшысы Әлия Әбдібаитова бүгінде аутизм диагнозы бар Алпамыс есімді ерекше бала өсіріп отыр. Айтуынша, баласының білім алуында кедергі аз емес. Арнайы кітап, білікті мамандар мен қолайлы орта қалыптаспаған. Баланың физикалық тұрғыда дамуы үшін мемлекет тарапынан қолға алынған арнайы жүйе де жоқ. Салдарынан ерекше балалардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасалмаған.

Елімізде мүгедектіктің бірде-бір ­санатына жатпайтын 80 мыңға жуық ерекше бала тұрады. ­аутизмге шалдыққан балалардың ­республика бойынша жалпы саны бүгінде 9 мыңнан асады

«Бізде ондай балаларға арналған қолжетімді спорт залдары жоқ. Осы салаға бейім­делген маман да тапшы. Нор мативтік-құқықтық қаулылардың өзінде ерекше балалар назардан тыс қалған. Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жүйелі жұмыстың жоғынан мүмкіндігі шектеулі балалардың спортпен айналысуы мұңға айналды. Өйткені біздің қоғамның өзінде бұл балаларға спорт емес, оңалту жұмысы ғана керек деген қасаң түсінік қалыптасқан. Сол себепті біз балаларымызды Оқушылар сарайына, аула клубтарына, тіпті мүгедектігі бар балаларға арналған спорт клубтарына қабылдата алмаймыз. Мұнда мүгедектігі бар балаларды алуы мүмкін, ал интеллектуалды дамуы кешеуілдеген балаларды қабылдаудан біржола бас тартады» деді ол.

Осыдан-ақ соңғы уақытта елдегі ерекше балалардың ата-анасы бейімделген спорт бойынша қызығушылығын арттырып, өз бетінше шекара асып білімін жетілдіруге бел буған. Болмаса осындай балалардың ата-анасы өздері бірігіп қор ашуға мәжбүр.

Бас қалада бақ ашыла ма?

Еліміздің астанасы жөнінде айтсақ, қалада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 16527 бала бар, бұл жалпы балалар санының (435000) 3 пайызын құрайды. Инклюзивті білім беру 64 балабақша мен 89 мектепте қолға алынды. 2025 жылға қарай барлық білім беру ұйымын қамту көзделген.

Астана қаласы Білім басқармасының мәліметі бойынша қазіргі таңда елорданың 25 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында мүгедектігі бар 305 студент оқыса, оның 175-і ерекше білім беруді қажет етеді. Инклюзивті білім беруді қолжетімді қылу мақсатында биылдан бастап 5 колледжде (Құрылыс-техника колледжі, Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі, Қазақстандық швейцария-америкалық колледжі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің колледжі, Д.Қонаев атындағы колледж) 97 орынға арналған инклюзивті топтар ашылды. Оған интерьер дизайны, тігін ісі, нан пісіру өндірісі, бағдарламалық қамтамасыз ету, ғимараттар мен құрылыстар салу мамандықтары бойынша ерекше қажеттіліктері бар балалар қабылданды. Қала мектептерінде және арнайы білім беру ұйымдарында 117 арнайы педагог (дефектолог, логопед) жұмыс істейді. Бүгінде 1544 педагог инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті. Ерекше балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру және тексеру қызметін 6 ұйым көрсетеді. Ал аутист балалардың мәселесін шешу үшін түзету кабинетінің филиалдары ашылып, қоғамдық қорларымен бірлесіп мектептерде инклюзияны қолдаудың 25 кабинеті ашылды. Жыл сайын екі кабинеттен ашылады. Мақсат – балаларды қоғам мүшесі ретінде сезінуге, оның білім алуына жағдай жасау.

Иә, бір сөзбен айтқанда, аутизм, Даун синдромы, целебралды паралич дертіне душар болған балаларға ең алдымен қоғам қажет. Дәлірек айтқанда, қоғамның түсінуі, қабылдауы. Ал ата-ана баласының қоғамнан бөлектенбей өскеніне, әлеуметтік жағ­дайының жақсарғанына үміт артады. Бастысы, қоғам үшін өгей бала жоқ. Әр бүлдіршін – оның тең мүшесі.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button