Басты ақпаратДенсаулық

«Үй маңы дәрігері» жұмысы үйлесімді ме?

Елорда халқының жылдан жылға қарқынды өсуі көптеген салаларда, әсіресе, денсау­лық сақтау жүйесінде мәселелерді көбейтті. Соның ішінде бастап­қы медициналық санитарлық көмек көрсететін емханалар жетіспей бастады. Билік тарапынан осы мәселені шешу үшін қолға алынған шаралардың бірі жаңадан пайда болған, халық көп шоғырланған аудан­дарда медициналық қызметті алысқа бармай жылдам алу үшін «Қадамдық қолжетімдік» принципіне сәйкес жүзеге асырылатын «Үй маңындағы дәрігер» жобасы болды

2018 жылы бастау алған жоба бірден ірі емханалар салу мүмкіндігінің жоқтығына байланысты көбіне жеке инвестиция тарту арқылы ашылды.  Бірқатары қолданыс­тағы емханалардың базасында құрылды. Осылайша 2018-2021 жылдар аралығында 20 минуттық қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ететін осындай 40 нысан ашылып, 354 мың адам алғашқы медициналық көмекпен қамтылды. Соның 34-і жеке инвестиция тарту арқылы жұмысын бастады. Жетеуі қаланың шет аймағынан ашылды. Биыл осындай 10 нысан пайдалануға беру көзделген болса, екеуі бүгінде ашылып үлгерді. 2018 жылдың өзінде осы жобаның арқасында елорда бюджетінің 8 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді.

«Үйдегі дәрігер» жобасы – халық үшін өте қажет және өзекті, уақытты үнемдеу құқығын беретінін жоба болғанмен олардың кейбірі көрсеткіштерді, бағдарлама индикаторларын орындамайды. Ал денсаулық сақтау министрлігі оларды бақылауды қамтамасыз ете алмайды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының жеке медициналық мекемелерге әсер ету тетігі жоқ.  Басқарма бірнеше рет Медициналық сақтандыру қорына, өңірлік кәсіпкерлер палатасына осы мәселелер бойынша жүгінуге мәжбүр болды.

Денсаулық сақтау саласына халықтың көңілі бітпейтін тұстары көп. Соның ішінде осы жоба бойынша ашылған орталықтар жұмысына қанағаттанбайды. Мәселен, салалық дәрігерге тіке барып, қабылдауына жазылудың мүмкін еместігі, сондай кадрлардың жетіспеушілігі, медициналық тексеруден өту уақытының бұрынғыға қарағанда ұзарып кетуі сынды мәселелер көп.

«Үйдегі дәрігер» жобасын ауруханадан тыс жеке немесе заңды тұлғалар ашу үшін ең алдымен, лицензия керек. Барлық заңнамаларға сәйкес талаптар мен жағдайлар жасалса, мемлекеттік  тапсырысқа, яғни ТМККК және МӘМС-ке өтінім беріп ашуға болады

Ақбала Сағат есімді қала тұрғыны «Салауатты Астана» емханасында қызына колледж сұратқан медициналық тексеруден өту бірнеше аптаға созылғанын айтады. «Педиатр қабылдауына жазылдым, ол бізге бірнеше жолдама толтырып берді, атап айтқанда, офтальмолог, хирург, невропатолог және флюорографияға бөлек-бөлек жолдама алдық. Бірақ емхана филиалдары қаланың әр жерінде орналасқан, соның бәрін аралап жүру керек екен. Бұрын медициналық тексеруден жылдам өтіп шығатын едік» деп әлеуметтік желіде шағымын қалдырыпты.

Елордалық Толқын ­Сұлтанова емханаларда жөнді эндокринолог дәрігерлер жоқ деп дабыл қаққан. «Эндокринолог онкологқа жіберді. Ол бір анализ тапсыр деді. Бір аптадан кейін қайтып кел, анализдің нәтижесіне қарай айтамын деді. Бүгін барсам не үшін мені шақырғанын білмейді. Анализдің қорытындысы жоқ. «Бізде ондай-ондай болып тұрады. Мекемелер жиі ауысады» дейді. Оған ауырып жүрген адамдар неге уақытын өткізу керек? Сау адам тектен тек емхананы жағаламайды. Жалпы біздің елде эндокринолог мамандығы дамымаған. Болған да емес. Біреуі пәтуәлі сөз айтқан емес. Жай міңгірлейді. Кезінде ЖОО ілініп-салынып бітіргендер» деп шағымын айтқан.

Тағы бір елордалық, үш баланың анасы Әсемгүл Жолбасарова басқа мекенжайға қоныс аударуына байланысты бұрын өздері қаралатын ірі емхана оларды «Үй маңы дәрігері» филиалдарының біріне ауыстырғанын айтады. «Бірақ олардың іші тар, ыңғайсыз, салалық дәрігерлер көп орнында болмайды, жан-жақта шашырап жатады, бұрынғымыз дұрыс еді, қайта тіркелейік десек тіркемейді екен енді» дейді.

«Шипагер» отбасылық денсаулық орталығына қаралатын елорда тұрғыны Нұржан Оразбаев мұндай орталықтар бастапқыда келіскен мемлекеттік лицензиясы аясында тиісті жұмыс жүргізетінін айтады.

– Жалпы ұйымдастырушылық жағынан кемшіліктер жоқ емес. Бірақ оған объективті түрде қарасақ, жүктеме көптігін ескеру керек. Мойнына алған міндеттерді барынша дұрыс атқаруға тырысып жатыр. Өзім неше рет күнім түсті. Персоналы өз жұмысын біледі, түсіндіріп айтады, жақсы қарайды. Бір мәселе бар, таңертең қан тапсыруға барған кезде адам өте көп болады, ол жүктемеге байланысты шығар. Дегенмен бұрынғыдай емес, тұрғындардың талабынан соң соңғы кездері адамдар көп күтпеуі үшін  қан тапсыратын кезде қызметкерлер санын көбейтті. Лицензия алмаған қызметтерді ақылы түрде алуға жібереді, мәселен, бор жұтып, рентгенге түсу қызметі жоқ. Сосын менің түсінбейтінім – қанша қан тапсырып жүрміз, бірақ соның нәтижесін ешқашан қолымызға бермейтіні, бұл солай бекітілген бе, әлде біз талап етіп сұрамағаннан ба, оны түсінбедім. Жалпы алғанда «Шипагер» мен бұған дейін қаралған басқа емханаларға қарағанда қызмет көрсету жағынан көш ілгері екенін толық сеніммен айта аламын, – дейді ол.

Осы орайда биыл маусым айында қалалық мәслихат депутаттары елорда тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасын бақылау үшін күн сайын мемлекеттік және жеке медициналық мекемелерге барды. Олар проблемалық мәселелерді емхана басшылығынан ғана емес, келушілердің өздерінен де сұрап, шешімін табуды жоспарлаған болатын.

– №9 қалалық емхана, «Шипагер» денсаулық орталығы» ЖШС, «Салауатты Астана» ЖШС емдеу мекемелерінің меншік нысаны әртүрлі, мәселе барлық жерде бірдей, білікті кадрлардың жетіспеуі, кіреберіс жолдарының, автотұрақ орындарының, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған пандустардың, келушілер үшін қалыпты кіру топтарының болмауы сияқты мәселелер бар. Кейбір емханаларда үй-жайлардың ауданы қабылданған науқастардың санына сәйкес келмейді, бөлімдерді бөлуге, бөлмелерді жабдықтауға және халықты біріктіруге қатысты көптеген сұрақтар туындады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын үлгі ете отырып, барлық медициналық қызметтерді бір жерде көрсету қажеттігін айтып өттім. БМСК қамтамасыз етудің барлық проблемалық мәселелерін мәслихаттың келесі сессияларының бірінде қарас­тыруды жоспарлап отырмыз, – деді мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.

Емхана базасында осындай «Үй маңындағы дәрігер» жобасын ашқан №11 қалалық емхана директоры Жаңалық Сағандықовтың айтуынша, жалпы бұл жоба Еуропадан бастау алған. Бұл қала тұрғындарына қолжетімді жерде білікті медициналық көмек алуға, сондай-ақ қолданыстағы емханалардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

– Жоба бойынша Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесі, 28 мекенжайында құрылған филиалымыз 5 мыңға жуық адамды қамтып отыр. Ең басты қажеттілік – ол әрине, тұрғындарға жағдай жасау. Қазіргі кезде тіркелген тұрғындарымызға үйіне жақын жерден медициналық көмек алуға барлық жағдай жасалған. Аталған филиалда 3 учаскелік дәрігер мен медбикелер қызмет етеді. Сонымен қатар кардиолог дәрігер, тексеріп қарау бөлмесі, ем-шара бөлмесі, күндізгі стационар қызметі бар. Жалпы 30-ға жуық қызметкер жұмыс істеуде, – дейді ол.

«Үйдегі дәрігер» жобасын ауруханадан тыс жеке немесе заңды тұлғалар ашу үшін ең алдымен, лицензия керек. Барлық заңнамаларға сәйкес талаптар мен жағдайлар жасалса, мемлекеттік  тапсырысқа, яғни ТМККК және МӘМС-ке өтінім беріп ашуға болады.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов  халық көп шоғырланған, емханадан алыс орналасқан тұрғын үйлерден ашылған «Үй маңы дәрігері» жобасы қиындықтан шығудың жалғыз жолы деп санамайды.

– Себебі мемлекеттік нормативке сәйкес мұндай дәрігерлік амбулаториялар халқының саны 5 мыңнан аспайтын елді мекендерде ашылады және онда тек үш дәрігер мен екі медбике ғана жұмыс істейді. Ал бұл ретте жоба арқылы қала халқының қажеттілігін толық өтей алмаймыз. 20 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін кез келген БМСК ұйымы қазіргі тариф жағдайында тиімді емес. Бұл жерде мәселе тіпті бір дәрігерге қанша пациенттен келетіндігінде ғана емес. Тіпті кадрлар жеткілікті болғанның өзінде біз амбулатория шеңберінде толық инфрақұрылымды жасай алмаймыз. Ол жерде не рентген, не ота жасау қызметі болмайды. Әрі кетсе нау­қастар консультация алады, қан қысымы мен қандағы қант деңгейін тексертеді. Мәселен, Есіл ауданындағы №9 емхананы алайық. Емхана толық жабдықталған, мамандары жеткілікті. Осы аудандағы 300 мың халықты округтегі жеке клиникалар бойынша бөліп көрдік. Нәтижесінде 100 мың тұрғын №9 емханаға тиесілі болып шықты. Алайда қалған жеке клиникалар бәрібір пациент­терін №9 емханаға жолдап отыр. Ақырына келгенде бұл емхана сол үш жүз мың пациент үшін жұмыс істеп тұр, – дейді басқарма басшысы.

Сонымен бұл жоба аясында пациенттерді толық қызметпен қамту көп ретте мүмкін еместігін байқауға болады. Сондықтан қалада емханаларды көптеп салу керек. Дегенмен қаладағы халық санының қазіргі өсу қарқыны елордада емханалар санын қазіргі мектептер құрылысымен бірдей қарқында салуды қажет етеді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button