Басты ақпаратБілім

Ұлттық ұстаным және ұстаз мұрасы

(А.Байтұрсынұлы көсемсөздері Һәм руханият мәселелері)

Алаштың қайраткер-қаламгерлері арасында Ахмет Байтұрсынұлы есімі мен еңбегі ел алдында, ұлт руханиятында айрықша аталады.

Алаш мұратына жіті көз салсақ, А.Байтұрсынұлы мұрасы, оның ішінде көсемсөздері ерекше маңызға ие екендігі айқын аңғарылады. Атап айтқанда, «Қазақ­тың өкпесі», «Қазақтың бас ақыны», «Қазақша оқу жайынан», «Оқу жайы», «Білім жарысы», «Қазақ һәм түрлі мәселелер», «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері», т. т. көсемсөздер тақырып әралуандылығымен, қоғамдық һәм кезеңдік мәселелерді тап басып көрсетумен, ел-жер, адам еңбегі мен өмір тұрмыстарын сергек саралап, зерделі түйін-тұжырымдар жасауымен мәнді. Қайсыбір тақырып-мәселелерден елдік мұрат-мүддені көздеу, адам өмірі мен еңбегіне маңыз беру, білім-ғылым ісіне кең өріс ашу, жас ұрпақ жайын тәлім-тәрбие тағылым­дарымен табиғи сабақтастықта қарастыру Алаш ардақтысы А.Байтұрсынұлының асыл мұраты, басты борышының бірі болатын-ды.

Қазақ рухания­тын А.Бай­тұр­сынұлы қоғамдық, әлеуметтік һәм білім-ғылым ісіндегі ерен еңбектерімен жан-жақты байытты. М.Әуезовше айтсақ: «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ­ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» (Әуезов ­М. Ахаңның 50 жылдық тойы. – М.Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағы, 2-том. – Алматы: 1998 ж.).

Осы орайда, сөз жоқ, А.Байтұрсынұлының көсемсөздері, ондағы ұлттық мұраттарға, елдік мәселелерге арналған ерен еңбектері қазіргі кезеңде де ұнамды үрдістермен сабақтастық табатынын айту абзал. Айталық, «Қазақтың өкпесі» ел-жер тарихы мен тағылымының терең де тәлімді сырларын алға тартады. Халықтық қадір-қасиетіміз еркін көрініс береді. Озат та озық дәстүр өнегелеріміз, тәлімді тәжірибелеріміз көпке үлгі етіледі. Сөйте тұра, қазақ жері, оны игеру мен иемдену мәні, білім-ғылым ісі, өнер мұраты, т. с. с. меңгеру мен дамытуға келгенде тым сылбыр да салғырт әрі бейқамдық байқалады. Көсемсөзде осыған мән беріледі. Оның мән-жайын былай білдіреді: «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы. Атадан алған мирасымыздың жайы мағлұм, балаға бұл қалыпта тұрып не мирас қалдырмақпыз, оны болжауға да артық әулиелік қажет емес. Көп жұртта да ғылым, өнер кем, бәрі қарайлас, тең заманда қазақ та қалт-құлт етіп, өз алдына хан болып жүрді. Хандары да, халқы да ғылым, өнерді керек қылмаған. Бірімен бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойланбаған. Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан…

Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан. Бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін жерін сатып, тойып, ертең тентіреп кетер еді. Жер жалдаған қазақ аз ба? Жерді жалдаудан тартынбағандар сатудан да тартынбайды… Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміт мол бір халықпыз…

Алаш ардағы Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық мұратты ұлықтаған, елдік мәселелерге еркін бойлаған тұсы білім-ғылым ісінен көрінеді. Бұл бағыттағы бірқатар көсемсөздерінен («Қазақша оқу жайынан», «Оқу жайы», «Білім жарысы», «Білім жарысы хақында», «Оқыту жайынан», «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері», т. т.) оқу-ағарту ісінің алыс-жақын жердегі түрлі тәжірибелері, артық-кем тұстары, өзекті мәселелері тілге тиек етіледі

Ата жолдасы – надандық, өнерсіздік қазір қазақтан айырылатын емес. Надандықтың кесапаты әр жерде-ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған соң, біз де қиып айырылмай-ақ келеміз. Олжалы жерде үлес­тен қағылғанымыз, жаралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты» (Байтұрсынұлы А. «Маса». – Алматы: «Раритет», 2005 ж. – 138-140-беттер).

Бұл ел-жер жайы, өмір шындығы, уақыт тынысы еді. Демек, «Қазақтың өкпесі» – халықтық қасиет, ұлттық дәстүр, елдік мұраттарды көздеумен қатар, қоғамда, өмір-тұрмыста кең етек алған бейқамдық пен салғырттық сырларын кең көлемде ашады. Ел-жерге құрметтің төмендеуі, адамдар қарым-қатынасындағы салқындық, еңбекке, өнер-білімге көзқарастың талап деңгейінен тым алшақтығы сын-мін ретінде айтылады. Автор: «Талап жоқ, үміт мол бір халықпыз» дегенді алға тарту арқылы әрекет етуге, еңбек көрігін қыздыруға, өркениетті елдер қатарына қосылуға бағыт-бағдар береді. Білім-ғылым ісін ілгері дамытуға, өнер мұраттарына қызмет етуге мың сан мысал, деректер келтіреді. Бұдан шығатын түйін: А.Байтұрсынұлы ел-жер тарихы мен тағдырына, білім-ғылым ісі мен өнер тағылымдарына зор маңыз беріп, оны дамыту мен өркендетуге, қалтқысыз қызмет етуге айрықша әсер-ықпал жасайды. Ұлт пен ұрпақ қамына қамқор көңіл білдіреді. Ұлт мұраты мен оның басым бағыттарына, қымбат қазыналарына жіті назар аударады. Елдік мәселелер алдыңғы кезекке шығады. Ортақ мұраттар қозғалады. Руханияттың өріс-өресі айқындалады.

Алаш ардағы Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық мұратты ұлықтаған, елдік мәселелерге еркін бойлаған тұсы білім-ғылым ісінен көрінеді. Бұл бағыттағы бірқатар көсемсөздерінен («Қазақша оқу жайынан», «Оқу жайы», «Білім жарысы», «Білім жарысы хақында», «Оқыту жайынан», «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері», т. т.) оқу-ағарту ісінің алыс-жақын жердегі түрлі тәжірибелері, артық-кем тұстары, өзекті мәселелері тілге тиек етіледі. Мәселен, «Қазақша оқу жайынан» атты көсемсөзде оқу-ағарту ісінің бастау көздері, бала оқыту мен жас ұрпақ тәрбиесі, мектеп пен мұғалім мәртебесі, оқулық пен қосымша құрал, бағдарлама, т. т. келелі мәселелер нақты жағдайларға байланысты сөз болады. Автор алғашқы тұста бала оқытуға қатысты бағдар беретін – бағдарлама (жосық) жайын қозғайды. Елдегі ауыр ахуал, оқу-білімге көзқарастың төмендігі – бағдарламадан тыс әліппенің тапшылығынан, өзге де пәндер (есеп, дін, жағрафия, тарих, т. т.) жолға қойылмағандықтан, оқу ісінің қиын тұстары бары көпке жария үлгіде жеткізіледі. Алдымен бала оқытатын кітаптар тізбесі жасалу қажеттілігі көрсетіледі. Оқу-білім ісі, жас ұрпақ тәрбиесі – оқулық һәм оқу құралдары төңірегінде кең өріс алады. Мақсаты мен маңызы айқындалады.

Келесі назар аударарлық тұс – қайсыбір істі де білетін, келісті, шебер орындайтын адам туралы ойлар мен толғаныстар бүгінгі таңда да аса мәнді қалпында қалып отыр. Бала оқыту жайын айтқанда, мұғалім – адам жанын түсінетін, бала табиғатын танитын, көңіл сарайын ашатын ерекше тұлға болуын назарға салады. Мұғалім мәртебесі мен тұлғалық сипаты айқындалады.

Жас маман – мұғалімдерге үлкен үміт артады: «Жаңа жылдың оқуы жаңа оқып шыққан жас мұғалімдердің қолында. Бұлардың күштері тың, білімдері соны, пікірлері жаңа. Ниеті жұртына қызмет ету. Бұлар білгенін, тапқан-таянғанын жұртынан аяп қалатын емес. Қазақтың бастауыш мектебін қолдарына алуға лайық адамдар әр жайдан хабардар: дүнияда не істеліп, не қалыпта тұрғанынан бұлардың мағлұматы мол» десе, кемшілікті тұсы дыбысты жақсы білмей жаңа оқыту тәсілін жүзеге асыру қиынның қиыны, одан соң дыбыспен жаттықтырудың оқуды, жазуды жеңілдету ісінде берері мол екенін басшылыққа алу аса маңызды мәселе екені айрықша көрсетіледі. Нәтижесінде: «…мұғалім жақсы оқыта білген қазақ тіліндегі оқушыларды көбейтіп, оқу ісінің шапшаңырақ ілгері басуына күш берер еді» деген қорытындыға келеді. Мұның қазіргі кезеңде, жаңа форматтағы даму үдүрісінде мәні зор.

Оқу-білімнің маңыз-мәні – «Оқу жайы» атты көсемсөзде әр бағытта байытылып, адам мен оның еңбегі арқылы кеңінен көрсетіледі. «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші» деп оның мысал-дерегі болмашыға бергені, келесі кезекте өзіне әлденеше есе зорайып, қымбатқа түсетінін, әр нәрсенің парқы-нарқы барын назарға алу арқылы оқу-білімнің маңызын ашады. Оның үстіне оқу-білімнің дұрыс жолға қойылмағаны, оқу бағдарламасы мен кітаптардың тапшылығы, мұғалімдердің өмір-тұрмысының төмендігі, т. т. өмір, уақыт шындықтарымен сабақтастықта сөз етіледі. Оқу һәм оқыту ісі, қазақша һәм орысша оқу жайы да кезеңдік көріністермен байланысты өріс алады. Біздіңше, бұл тұстардан да оқу-білім, өнер мұраты терең танылады. Оқу-біліммен ерте қаруланған, оны өмір-тұр­мыста, еңбекте басты нысана ету – қоғамнан өз орныңды адаспай тауып, басты мақсат жолында өрнекті ғұмыр кешуге алып келетін сара да даңғыл жолдардың бірі. Автордың әуелгі ұстанымынан ұлттық мұрат, елдік мүдде жоғары көрінсе, оның өмірдегі көрінісі білім-ғылым ісін жолға қою, өнер мұраттарына адалдық таныту, жас ұрпақ тәрбиесіне жауапты һәм сергек қарау екендігі сәт сайын сезіледі. Өмір мәні, адам мұраты, уақыт рухы танылады.

Білім-ғылым һәм өнердің танымдық-тағылымды тұстары – «Білім жарысы» көсемсөзінен көрініп, оның қалың көпке рухани әсері жан-жақты айқындалады. Автор білім бәсекесінің алыс-жақын елдердегі үлгі-өнегесін, адам мен оның өміріне, еңбегіне қатысты тұстарын кең көлемде ашады. Еуропалық үлгілерді, Нобель сыйлығының мәнін кеңінен ашып, сол арқылы адамзат дамуын, білім-ғылым өресін, өркениет ісін алға тартады. Автор осы және басқа да жайттарды, ұнамды-оңды көріністерді үлгі ету арқылы халықтық ерекшеліктерімізге де кең орын береді. Кезекті тұста: «Бәйге тігу, жарыс істеу біздің қазақта да бар. Қазақта бай адамдар я қуаныш нәрсеге той істеп, ат шаптырады, я өлген адамына ас беріп, ат шаптырады. Байлығына қарай, адамдығына қарай ас пен тойдың үлкені де, кішісі де болады. Зорлығы бәйгеге тіккен малынан гөрі шақырған елдердің санынан, сойылған малынан байқалады» дейді.

Бұдан басқа ас, бәйге туралы ойлар ортаға салынады. Онда да байлық, ас та төк әрекеттер алдыға шығатыны ойға оралады. Автор алыс-жақын елдердегі білім жарысын, маңызды тұстарын назарда ұстап, оның ұлтқа қатысты жағына да тоқталады: «Білімнің бас құралы – кітап. Қазақ арасына білім жа­йылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болуы керек, екінші, білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек һәм халық арасына көп жа­йыларға керек. Осы мақсатқа жетуге зор себепкер болатын істің бірі – білім жарысы.

Білім жарысының басқадан артық бір жері мынау: бұған шығарған ақша далаға кетпей, көздеген мақсатқа тура тиеді. Егін салсаң, шықпай қалып, босқа шығындау ықтимал, білім бәйгесінен пайда болмаса, шығын болмайды. Пайдасы боларлық істі істемей, бәйгеге ешкім қол созбайды. Солай болған соң, бұған шығарған ақша босқа кетуге тіпті орын жоқ». Демек, білім жарысы – ұлттық мұратты, елдік салтты, дәстүрге адалдықты танытумен бірге, адамдық һәм азаматтық борышты, ақыл-парасатты, ғылым-­өнерді қалың көпке бағыттау, қоғамды дамытуға, жақсы өмір-тұрмысқа барынша ашық сипатта ұмтылу, үлес қосу. Өмір мәні, мұраты да осы емес пе?

Автор Еуропа һәм қазақ байлары хақында да өрелі ойлар қозғайды. Ұлт, ру намысы төңірегінде де сөз етеді. Соның бәрінде де білім-ғылым ісін, өнер мұратын жоғары қояды. Білім жарысы – ақыл-парасаттың, іргелі ізденіс пен ерен еңбектің жеңісті, жетістігі тұстарымен өлшенетінін бас­ты назарда ұстайды. Демек, білім жарысы байлық пен жомарттық көрінісі емес, керісінше ұлтқа қызмет ететін, елдік мұрат-мүддені көздейтін, ең негізгісі – адам мен оның өмірін жеңілдететін, мәдени-рухани әсер беретін, кемел келешекке үміт-сенімін еселеп арттыратын көпке ортақ, баршаға маңызды, сауапты іс болу қажеттілігі байыпты баяндалады. Ендеше білім жарысы арқылы да қоғам дамуына, өмір-тұрмысқа, дәстүр өнегелерімізге әсер-ықпал етуге болатынын айқын аңғарамыз. Оқу-білім – ақыл-парасат өлшемі ғана емес, өркениетке бастар жол, кемел келешек кепілі. Білім жарысының қоғамдық мәні, рухани олжасы – осы.

Елдік мұратты қалыптас­тыру, халықтық қасиеттерді қадір тұту, жас ұрпақ тәрбие­сіне ден қою – «Бастауыш мектеп», «Мектеп керектері» сынды көсемсөздерде оң бағыт алады. Оқу-білім жүйесі, мектептің халыққа жақындығы, жас ұрпақ білімді – ана тілінде алу қажеттілігі уақыт талаптары тұрғысынан сөз етіледі. Бастауыш мектепте ұлт тілінде оқылатын – оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа кәсіп, жаралыс жайы айрықша атап көрсетіледі. Қыр мектебі мен қала мектебінің ортақ белгі һәм ерекшеліктері көрсетіледі.

«Мектеп керектері» – жас ұрпақты ана тілінде оқыту, мұғалім мәртебесін арттыру, оқу бағдарламасы мен құралдарды дайындау жайын кеңінен қозғайды. Мектеп мәселесінде – жас ұрпақты ана тілінде оқыту, кішкене кезден ой-санасына елдік-халықтық қасиеттерді сіңіру отанға, жерге, еңбекке сүйіспеншілігін қалыптастыру, т. с. с. аса кәделі, игілікті істер қатарына жатады. Автор мектеп мәселесін көтеру негізінде оны оқу-ағарту орны ғана емес, адамдық һәм азаматтық қасиеттердің қастерлі ордасы екеніне мән береді. Игілікті істер мен ізгілікті қадамдардың ортақ арнасы, ең негізгісі жас ұрпақтың елдік мүдде төңірегіндегі алғашқы ұғым-түсінігі қалыптасатын, жастық кезеңі мен достық сырларын, адамгершілік асыл мұраттарды еркін сіңіретін аяулы орта, ыстық ұя екендігі көрсетіледі. Мұның бәрінен, сөз жоқ, оқу-білім, өнер мұраттары айқын аңғарылып, қоғамның қымбат қазынасы – адам мен оның еңбегіне құрмет пен тағзым терең танылады. Бұдан, әрине: «Ойы оянып, санаға сана қосып, ел тағдыры жайлы ойланған да, Ахмет, ең алдымен, сол елдің өзімен тілдесуді, олардың жай-күйі жайлы көргендері мен ойларын ортаға салуды, болашақ жөніндегі ұғым-түсініктерін бөлісуді парыз санайды» (Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. – Алматы: «Білім», 1995. – 108-109-беттер). Оның үстіне, жинақтап айтқанда: «Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан ­қорлық, көрген азабы болашаққа сенген үміт-арманы – баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған» (Нұрғали Р. Толғауы тоқсан қызыл тіл. – Алматы: «Үш қиян», 2009. – 29 бет).

Ахаң айтады: «…Жұрт жұмысы құмырсқаның илеуіндей жұмыс сияқты. Құмырсқаша жабыла тынбай істесек өнеді.

…Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет етемін деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенінше қарап тұрмай, кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы.

…Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы!».

Бұл Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы айтқан басты ақиқаттардың бірі. Сөз жүйесі, шындық сыры да осыған саяды. Мұның мәні мен мәнісі: бірлік негізі – тірлік! Істі – айқындау, жоқты – іздеу, барды – бағалау. Жұрт жұмысын – құмырсқаша жұмылып, бірігу арқылы ерінбей-жалықпай еңбек ету; қолдан келгенше әрекет-қимыл жасап, еңбек көрігін қыздырып, жаңа бағыттарды айқындап, соны да тың тынысын ашу ұлт дамуының қайнар көзі екенін анық айтады. Нәтижесінде: «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы!» деген ақиқатқа табан тіреп, қағидатты ойлардың маңызы ашылып, мәні айқындалады. Кешегі күннің шындығы бүгінгі кезеңнің бағыт, үрдісімен үндесіп, сабақтастық сипат алғаны да аңғарылады. Қазіргі қоғамда: «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін!» ұстанымының алға шығуы, еңбекқорлық идеясын орнықтыру мен адами капитал жоғары болу қажеттілігінің өзектілігі толық танылды. Демек, мұның өзі: «Еңбек – бәрін жеңбек!» қағидасының ақиқаты мен шындық сырларының мәнін айқындай түседі. Жұрт жұмысы, еңбек мәні, өмір тағылымы кең түрде танылады. Ұлт мұраты мен руханият ісі алға шығады. Анығында, ұлт руханияты Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы арқылы да жүйелі дамып, жарасымды жалғасын тауып, кеше мен бүгін байланысы, ортақ мұраттары негізінде кең өріс алуы елдік мүдденің белесті биігін айқындап, жасампаздық жолын көрсетіп, дәстүр мен сабақтастық мәнін арттыратыны анық. Демек, ұлт руханияты мен А.Байтұрсынұлы мұрасы елдік мүдде-мұратты айқындайды, тарих пен таным арналарын байытады, білім-ғылым ісіне жаңа жол, кең өріс ашады. Сайып келгенде, ­ақын-ағартушы, түрколог-ғалым А.Байтұрсынұлы мұрасының басым бағыттары мен негізгі назардағы өзекті мәселелері:

– елдік мұрат-мүддеге негізделуімен қалың көптің ортақ мақсаттарына қызмет етеді;

– ұлт руханиятының биік өлшемі – білім-ғылым ісі бар асылдан да жоғары тұрады;

– оқу-білім, мектеп ісі – жас ұрпақтың өсіп-есеюінің, арман-аңсарларын жүзеге асыратын бірден-бір баспалдақ екендігі кең көлемде көрініс береді;

– адамдық һәм азаматтықтың оңды да ұнамды сипаттары – ақыл-парасат арқылы жүзеге асатын білім нұры мен ғылымның құндылық қырлары айқын аңғарылады;

– мектептің жүрегі, жас ұрпақтың тірегі – мұғалім мәртебесі, руханияттың қайнар көзі – кітап, оқулық хақындағы ойлар мен толғаныстардан жауапкершілік жүгі, жанашыр­лық белгісі, ұлттық мұратқа деген адамдықтың шынайы да шындық сырлары самаладай жарқырап, нұрлы да сәулелі сәттерін, мейірім шуағын молынан түсіреді.

А.Байтұрсынұлы мұрасының елдік мүддені негіз еткен, көпке ортақ мақсаттар мен руханият ісіне табан тіреген тағылымды тұстары осыған келіп саяды. Бұдан кеше-бүгін байланысы, ортақ сабақтастық танылады. Әрі азаттықты басты ұстаным еткені, еркін ел, дербес мемлекет болып, ұлт дамуына қызмет етуді асыл мұрат, басты борыш санағаны айқын аңғарылады. Әділетті қоғам, демократиялық мемлекет, жалпы жұртқа бірдей мүмкіндік беру идея­сы – қазіргі кезеңмен берік байланысты, терең үндестікті танытады. Ұлт ұстанымы мен А.Байтұрсынұлы мұрасындағы ортақ мұрат, елдік мүдде осыған саяды. Бастысы, А.Байтұрсынұлының ұлт руханияты ісінде ел әліпбиін жасап, «Оқу құралын» да­йындап, кәсіби әдебиеттану ғылымын дамытуы, сөз жоқ, бірегей іс, ерен еңбек! Алаш ардағы А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы алыс-жақын елдерде кең көлемде атап өтілуі – мемлекет мерейі, ұлт ұстанымының жарқын көрінісі.

 Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылым­дарының докторы, ­профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button