Мәдениет

Әйгілі әншінің «Елге тағзымы»

4 маусым күні Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында Қазақстан мен Татарстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші өтеді. «Еліме тағзым» концерті Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналады.

Кеште Нұржамал Үсенбаева өзінің ауқымды және алуан түрлі репертуарынан ең үздік шығармаларын орындайды. Концерт Татарстанның Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның құрметті профессоры, шақырылған маэстро Ренат Салаватовтың жетекшілігімен, филармонияның симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Кештің көркін халық­аралық байқаулардың лауреаты, елорда филармониясының камералық хоры (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова) көркейте түспек. Примамен бірге сахнаға отандық және әлемдік опера жұлдыздары шығады.

Концертті қазақ опера өнерінің алтын қорына енген Нұржамал Үсенбаеваның орындауындағы Мұқан Төлебаевтың «Бақыт вальсі», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Ажар ариясы ашады. М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсынан әйгілі «Айтысты» әнші концерттің арнайы қонағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаевпен дуэтте шырқайды.

Бағдарламаның тағы бір жұлдызды қонағы чех опера әншісі, Еуропа өнер одағының көркемдік және мәдени қызмет саласындағы ең жоғары марапаты – «Алтын Еуропа» (Golden Europea) иегері Филип Банджак болмақ. Нұржамал Үсенбаевамен бірге ол Р.Леонкаваллоның «Паяцы» операсынан ария орындайды.

Тағы бір дуэт – Өзбекстан мемлекеттік консерватория­сы музыкалық театрының солисі, Өзбекстан, Қарақалпақстан және Башқұртстан Республикаларының Халық әртісі Жеңісбек Пиязовпен бірге Т.Мұхамеджановтың «Мен сенімен кездестім» шығармасы орындалады.

Нұржамал Үсенбаева мен оның бенефисінің қонақтары көрермендерге вокалдық өнердің басқа да асыл маржандарын – Дж.Россинидің «Севиль шаштаразы» операсынан Фигаро ариясы, Бернард Херрманның «Citizen Kane» операсынан Саламбо ариясы, Дж.Пуччинидің «Турандот» операсынан Калафа ариясы, В.Херберттің «The Enchantress», Мануэль Понсенің «Estrellita», Агустин Лараның «Гранада» ариясы, Д.Модуньоның «Volare» және т. б. ұсынады. Концерт Т.Мұхамеджановтың «Отан» шығармасын барлық орындау­шылардың бірлескен орындауымен аяқталады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button