Басты ақпаратМәдениет

Әкім Тарази әлемі

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің он екі томдық шығармалар жинағы мен «Ауыл шетіндегі үй» және «Мұстафа Шоқай» кітаптарының тұсаукесері өтті. Алдағы күзде аса көрнекті жазушы-драматург, кинодраматург мерейлі 90 жасқа толады. Жиынды жүргізген Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, мерейтойының басы осы кітапханада басталып отыр. Негізгі іс-шаралар жазушының туған күнінде өтеді.

Аталмыш ведомство басшылығы, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Парламент депутаттары, белгілі қаламгерлер мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері алдымен жазушының шығармашылығына арналған «Әкім Тарази әлемі» көрмесін тамашалады. ЛЭД экраннан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі берілді.

– Әкім Тарази – әдебиет әлемінде өте сирек кездесетін тұлға, қазақ әдебиетінде ерекше орын алған бірегей жазушы деп айтуға болады. Жалпы қалада болып жатқан оқиғалар туралы жазады. Урбанизация үрдісіне сәйкес өмір қалаға ауысты. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, белгілі түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памукқа ұқсайды. Бірақ Памукпен салыстырған кезде Әкім Тарази жақсырақ жазады. Оның философиясы өте терең. Шығармашылығының тағы бір ерекшелігі – нағыз реалист. Туындыларын жазған кезде оқырмандарын аямайды, шындықты айтады. Біздің әдебиетімізде осындай жазушылар көп емес деп ойлаймын. Әкім Тарази әдебиетімізде, әлем әдебиетінде терең ізін қалдырды. Шерхан Мұртаза айтқандай, жазушының көзі – көкірегінде. Әкім Тарази жазушы-драматург ретінде өмірге көкірек көзімен, жүрегімен қарайды. Өкінішке қарай, біз жазушыларымызды шетелдерге көп насихаттай алмадық. Әйтпесе, Әкім Тарази шетелде танымал болар еді. Бұл кісі дүние жүзіндегі ең жоғары сыйлықтарға лайық деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Әкім Тарази әлемдік деңгейдегі классик жазушы екенін айта келе, қаламгердің шығармашылығына тоқталды. Мемлекет және қоғам қайраткері, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мырзатай Жолдасбеков жазушының 80 жылдығы кезінде елге бірге барғанын, сонда баяндама жасағанын, оған дайындық барысында шығармашылығын терең танығанын атап өтіп, «Әкім Тарази – кейіпкерлерді аямайтын қатыгез жазушы» деген түйін айтты.

Тағы бір көзі тірі классик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік қазақ әдебиетінде қоғамды сынауды Әкім Тарази және оның тұстас қаламгерлері бастағанын, жазушының шығармалары кеңестік цензурадан қалай өткеніне таңғалатынын айтты. Қаламгер проза, драматургия, кинодраматургия сияқты жанр­ларда үлкен жетістіктерге жеткенін атап өтті. Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов жазушы шығармашылығына тоқталды. Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсенова оған Әкім Таразидің кітаптарын оқуға жары, белгілі әдебиеттанушы, сыншы Сағат Әшімбаев кеңес бергенін, қаламгердің шығармалары оны баурағанын айтты. Кинотанушы Назира Мұқышева мен қаламгердің шәкірті Ұларбек Нұрғалымұлы кинодраматургтің кино өнеріне қосқан үлесіне тоқталды. Жиын рухани кешке айналып, ән айтылып, күй тартылды. Әкім Таразидің өзі және жары, белгілі жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова жиналғандарға алғыс айтты.

Тұсаукесер Ұлттық академия­лық кітапханада ашылған Әкім Тарази шеберханасы жеке қорының таныстырылымына ұласты. Онда қолтаңбалар, Ұлттық архив қорынан алынған қаламгердің қолжазбалар мұрағаты, фотосуреттер қойылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button