Әлеумет

Әр кәсіптің мәртебесі бар

Жас азамат өз болашағын таңдауды – таңдаудың төресі екенін жастыққа тән албырттықпен ескермей жатады. Орта мектепті бітірген бозбала мен бойжеткен тағдыршешті жолда адасып кетуі де мүмкін. Әрине, олардың мамандық таңдауына ата-ана, мұғалім шама-шарқынша, көргені мен түйгеніне байланысты ықпал етіп бағады. Сонымен бірге әр отбасыда қалыптасқан дәстүр бар. Жастар көбіне жасы үлкеннің, оқыған-тоқығаны бар, жөн білетін, ізашар бауырының кеңесіне құлақ түреді.

Алайда шапшаң өзгеріп жатқан қоғамда мамандыққа қатысты кездейсоқ таңдаудың келешекте өзін ақтауы, табысты болуы неғайбыл. Бұған кім кепіл болмақ? Осы жерде тағы бір күрделі сұрақ туындайды. Ертең еліміздің экономикасында, әлеуметтік саласында, қорғанысында қызмет ететін жастардың болашағына мемлекеттің араласуы неге сылбыр, селсоқ, солғын? Жүйелі жүмыс мүлдем көзге ілінбейді, белсенділік байқалмайды десе болғандай.

Ашығын айтқанда, салада кәсіптік бағдар беру ісі көбінесе қағаз жүзінде атқарылатыны құпия емес. Осыған Үкімет тарапынан арнайы бөлінетін қаржының қалай, қайда жұмсалатыны тиісті сала басшыларына, тіпті ондай қызметке зәру көпшілікке аз сұрақ туғызбасы анық. Өйткені кешенді жұ­мыстың аты бар да, заты жоқтың қасы. Негізінде, бұл – жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеологиясының шешуші, құрамдас бөлігі. Тіпті Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрліктері заман сұранысына сай, ділгір мамандықтарға жастарды кәсіби бағдарлауды қолға алатын жөні бар. Оны іске асыруға мемлекеттік құрылымдармен бірге жеке сектордағы ірі кәсіпкерлік өндіріс ошақ­тары, ұлттық компаниялар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер де қатысуы керек.

Аумалы-төкпелі заманда, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері екшеліп жатқан тұста кез келген адам уақытша жұмыссыз болып қалуы мүмкін. Бірақ бұл оның әсте еңбексіз қалуын немесе қоғамдық қатынастардан шеттетілуін білдірмейді. Сол үшін елімізде жоғары оқу орнынан кейін мамандық алудың, жеделдете жаңа кәсіп меңгерудің түрлі курстары, бағдарламалары жасалған. Қос-қостан (шіркін, сапалы білімін іс жүзінде растаса) диплом алудың, конкурстарға қатысудың тәртібі, ережелері де белгіленген.

Жалпы, кәсіптік бағдарға байланысты өркениетті елдер тәжірибесін, әсіресе, өндіріске байлаулы оқыту жүйесін зерттеп, үйрену артықтық етпес еді.

Тағы бір мысал. Экономикасы озық саналатын Оңтүстік Кореяда оқушыларға (ата-анасы үшін де деп ұғыңыз) арнайы Еңбек музейі ашылған. Көрнекті, жұмыс істейтін экспонаттар қатарында қолдануға болатын жаңа техника мен технология жетістіктері жинақталған. Үйдің қазан-ошағынан, киім тігетін машинкасынан бастап цифрлық құрал-жабдықтармен, қайық, кеме, автомобиль, ұшақ, басқа да халық тұрмысы игілігіндегі қон­дырғылармен жарақтандырылған, сурет, макет емес, іске қосылған өзге де қажетті ресурстар көкірек көзі ояу, санасы ашық кез келген талапкерді, шәкіртті өзі армандаған кәсібіне етене жақындата түседі. Қиялына қанат бітіріп, армандағы сан тарау жолдан қалағанын таңдауына мүмкіндік береді. Әсері әлсіз, бірсарынды үгіт-насихатты нақты іспен алмастырудың үлгісі осы болса керек. Бар жақсы дүние балалар үшін емес, сол мемлекеттің болашағы үшін жасалған. Мемлекетке қажетті мықты инженер, құрылысшы, машина-роботжасаушы, програмшы, ұшқыш, әлеуметтік сала маманы, т. б. кәсіп иелерін даярлау баспалдағы көрнекі тағылымнан бастау алады.

Дәл қазір елімізде ғалым-академиктің айлығынан артық табыс табатын сантехник, министрдің, эстрада жұлдызының жалақысынан аз алмайтын аспаз, автомеханик, жұрт аузынан түспейтін депутат жалақысынан артық жалақы алатын програмшы бар екенін көп адам біле бермейді. Өйткені бүгінгі ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде еңбек адамы туралы, өкінішке қарай, аз айтылып-жазылатын болды. Әйтпесе ел ішінде қаншама он саусағынан өнер тамған шебер, бесаспап, майталман маман – механизатор, рационализатор, сантехник, токарь, тігінші, етікші немесе малсақ адам маңдай терін төгіп жүр.

Мысалы, жасы отыздан асқан, өз қаражатына Лондонда ақылы білім алған ветеринар қызды білеміз. Алматы маңындағы жылқы фермасында істейтін ол осыдан 5-6 жыл бұрын айына бес мың доллар айлық алатынын жасырмай, мақтанышпен айтқан еді. Өз еңбегінің бағасын сөзбен ғана емес, іспен білудің жөні – осы. Кейде осындай қажетті, қажырлы қызмет кез келген мамандыққа жарнама бола алады.

Асыл дінімізде адал кәсіп жасауды құлшылыққа бағалаған. Тіпті Пайғамбардың көбі күнкөріс үшін белгілі бір мамандықты игерген. Айталық, алғашқы тіршілік иесі әрі пайғамбар әзіреті Адам – диқан, әзіреті Нұх – ағаш шебері, әзіреті Ыдырыс – тігінші, әзіреті Ибрахим – маташы, әзіреті Дәуіт – темірші, әзіреті Сүлеймен – себет тоқушы, әзіреті Зәкария – ағаштан түйін түйген ұста, әзіреті Иса – дәрігер, әзіреті Худ пен әзіреті Салих – саудагер, әзіреті Әюб – бағбан, әзіреті Мұса мен әзіреті Шұғайып шопан, бақташы болған. Яғни Алла Елшілері азығын адал еңбегімен тауып, отбасыларын өздері асырап баққан. Ешкімге салмақ салмаған. Себебі Алла Тағала әр адамға кәсібі арқылы ризыққа жетуді нәсіп етіп қойған.

Берекені көктен емес, еткен еңбектен іздеуді ­өсиеттеген дана Абай ­33-қара сөзінде:

«Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қол­өнерлі – қазақтың әулиесі сол» деген. Бұл да көпке ой салса дейміз.

Осыдан екі-үш жыл бұрын елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қа­былданғанда, басқа мамандық өкілдері өре түрегеліп, дәл сондай мәртебе сұрай бастады. Бір есептен оларды да түсінуге болады. Әйтсе де мәртебе мен жалақы арттыру мәселесі – екі басқа әңгіме, шатастыруға болмайды.

Ұстаз мәртебесін сол мамандық иесі қоғамдағы беделімен, адал еңбегімен, әлеумет ішіндегі ерекше орнымен дәлелдеп, бекемдей алады.

Біздіңше, қоғамда министрлер мен әкімдердің ғана емес, әрбір мамандық иесінің өз мәртебесі бар. Оны құрметтеу әрбір отбасыдағы, мектептегі тәрбиенің негізіне айналуға тиіс. Сонда біртұтас қоғамымыз шенді-шекпендінің, лауазым иелерінің алдында жаппай жағымпаздану дертінен арыла бастайды. Адал еңбегінің арқасында табысқа жеткен мамандық иесінің, жаңашыл кәсіпкердің қадірі артады. Сол арқылы кәсіпке деген қызығушылық туады. Кез келген кәсіптің қоғамдық мәртебесін халық анықтайды, оның деңгейін, бағасын қоғамның өзі белгілейді.

Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру жауапкершілігі жұмыс берушіге де, жалданушыға да ортақ екенін ұмытпаған жөн.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деген сөзі баршамызға зор жауапкершілік жүктейді. Бұл – кәсіби, әлеуметшіл, еңбекқор мемлекеттің алтын заңы. Оның қазақша анықтамасы – «Еңбек етпеген ішіп-жемейді». Осынау қағиданы қоғамның, әсіресе жас буынның санасына сіңіру әрбір көзі ашық азаматтың, түрлі мамандық, кәсіп иесінің борышына айналуға тиіс.

Дархан МЫҢБАЙ, қоғам қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button