Басты ақпаратМәдениет

Әуезді әуендер иесі

Е.Рахма­диев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен белгілі композитор Кентау Назарбектің елорданың 25 жылдық мерейтойына арналған «Қазағым, жаса мәңгілік» атты шығармашылық кеші өтті.

Композитордың шығармашылығы, негізінен, отаншылдыққа үндейтін, рухты көтеретін туған ел мен туған жер туралы, отбасы құндылықтарын дәріптейтін ата-ана жайлы әндерден тұрады. Ұлылар мекені – Абай мен Шәкәрімнің елінен өнерге қанат қаққан азамат осы уақытқа дейін 200-ден астам ән жазды. Туындылары музыка мамандарының жақсы бағасын алып келе жатыр. Көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Теміржан Базарбаев өзіне шәкірт етіп алып, батасын берді. «Кентаудың əндері байыпты, байсалдылығымен, əуез­ділігімен, қазақи болмысқа сай адами қалпымен құнды» деді бірде ол шәкіртінің шығармашылығына сүйсініп. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың «Қазіргі таңда қазақтың əн өнері «Ақ маржан», «Қызыл өріктің» деңгейіне дейін түсіп, тіпті төмендеп кетті. Ал композитор Кентау Назарбектің ұлттық əуезге бай, тəрбиелік мəнге сай өміршең, есті əндерінің «хит» болатын уақыты əлі алда» деген пікірі бар.

Кентау Назарбек ән мәтіндерін таңдауда биік талғам танытып, ұлы Абайдан бастап, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, аса көрнекті ақын Төлеген Айбергенов, өткен, қазіргі белгілі ақындардың өлеңдеріне ән жазды. Өзінің бо­йында да ақындық қабілет бар. Мәселен, осы кешке атау берген «Қазағым, жаса мәңгілік» әні сөзінің де, әуенінің де авторы – өзі. Ал шығармашылық кеші Төлеген Айбергеновтің өлеңіне жазылған «Бір тойым бар» әнімен ашылып, концертте отызға тарта туындысы орындалды.

Соның ішінде Астанаға арналған екі жаңа әні өнер кеңістігіне жол тартты. Ақын Бақытжан Тобаяқовтың өлеңінен туған «Есіл мен Нұра» туындысын автордың өзі салды. Ал елорданың 25 жылдық мерейтойына тарту ретінде ұсынылған «Арайлы Астана» шығармасын Асылхан Шалқаров пен Ардақ Маратқызы шырқады. Бұл әннің сөзін де Кентау Назарбектің өзі жазды.

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне өте көп ән жазылды. Соның ішінде Кентау Назарбектің шығармашылығында да Мұқағалидың туындылары ерек орын алады. Композитор осы ақынның жырларына 40-қа тарта ән жазды. Бұл кеште сондай туындылар «Қазақ жері» әнін белгілі әнші Досымжан Таңатаров, «Үш бақытым» шығармасын Клара Төленбаева, ал «Оралыңдар елге» туындысын «Айналайын» балалар хоры айтты.

Композитордың өнердегі төлқұжаты – «Бір бәйтерек, бір шынар» әні елге кең тарады. Отыз жылға жуық уақыт бұрын жазылған бұл туынды ата-анаға деген махаббат­тан туды. Әннің сөзін Кентау Назарбектің туған апасы Бақыт Назарбекова жазды. Бұл туындыны белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаева репертуарына қосып, кеште орындады. Осы ән сияқты композитордың қоржынындағы «Әкешім – анам», «Ата-ана ­аманаты» атты шығармалар да бар.

Кеш иесінің бірнеше әні пандемия уақытында жазылды. Атап айтқанда, көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің өлеңінен туындаған «Айналайын» және жас ақын Олжас Отардың мәтінінен туған «Шүкір ет, бауырым» әндерін танымал әншілер Нұрлан Әлімжан мен Бауыржан Исаев ұсынды. Композитордың күйшілігі де бар, «Керуен ғұмыр» атты күйін Жігер Бертісов тартты. Сондай-ақ концертке Гүлмира Ақүрпекова, Арайлым Рахымқызы, Нұрай Танабаев, Жанат Шыбықбай, Ардақ Исатаева, Кенжебек Жанәбілов, Нұрболат Арзамас, «Аламан» тобы сынды белгілі әншілермен қатар жас өнерпаздар қатысты. «Сарыарқа» халық музыка ансамблі мен «Alem» заманауи би балеті кештің көркін кіргізді. Ал концерт Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның бір топ әншілерінің орындауында «Қазағым, жаса мәңгілік» әнімен түйінделді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button