Мәдениет

Әуезовті оқимыз ба?

Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай қазақ және орыс тілдерінде қала тұрғындары арасында «Әуезовті оқимыз» тақырыбында блиц-
сауалнама жүргізді.

Шараның мақсаты – кешегіні келешекпен байланыстыра отырып, қаламгер мен бүгінгі ұрпақ арасындағы әдеби-рухани байланысты нығайту және Әуезовтың өмір жолы мен шығармашылығын, ғасырларға сын бермес мұраларын насихаттау.

Бірінші қойыл­ған сұрақ «Мұхтар Әуезовтің ең алғашқы әңгімесі» болды. Бұл – «Қорғансыздың күні» шығармасы. Жазушы осы әңгімені 1921 жылы 24 жасында жазған. Ғазизаның өлімімен аяқталатын оқиға 1914 жылдың қысында орын алды. Ізі суымай жатып жас Мұхтардың құлағына жетті. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін қаламгер оны «Қызыл Қазақстан» журналының 1921 жылғы №3-4 сандарына «Арғын» деген бүркеншік атпен бастырып, 1922 жылы Орынбордан кітап етіп шығарды.

Алайда қала тұрғындарының көпшілігі Әуезовтің алғашқы әңгімесі ретінде «Көксеректі» атаған. Бұл әңгіме 1929 жылы жазылғанын атап өтуіміз керек. Қырғыз режиссері Толомуш Өкеев әңгіме желісімен 1973 жылы көркем фильм түсірді. Фильмнің тұсаукесері 1974 жылғы 8 сәуірде Мәскеуде өтті. Сол жылы Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен Бүкілодақтық кинофестивальдің бірінші жүлдесіне ие болды. Басты рөлдерде – Қамбар Уәлиев, Сүйменқұл Чокморов, Әлиман Жанғоразова, Қарғамбай Сатаев, Нұржұман Ықтымбаев.

«Мұхтар Әуезов қай шығармасы үшін Ленин сыйлығын алды?» сауалына респондеттер мүдірмей «Абай жолы» деп жауап берді. Бұл сыйлықты ол 1959 жылы иеленді. Биыл оның қаламынан туған «Еңлік–Кебек» пьесасының жазылғанына 100 жыл толып отыр. Қойылған сауалдардың арасында «Әуезовтің алғашқы пьесасы» да болды. Абай облысы Абай ауданы аумағында шығарма кейіпкерлерінің кесенесі бар. Таяуда осы жылы өңірде «Еңлік–Кебек» ескерткіші ашылатыны туралы хабар тарады.

Мұхтар Әуезов жас кезінде «Ярыш» футбол командасында ойнағаны белгілі. Сауалдардың арасында бұл да қамтылды. Әуезов жазушы ғана емес, аудармашы да еді. Сауалнама өткізгендер «Әуезов Гогольдің қандай шығармасын аударды?» деген сұрақты қойып, «Ревизор» комедиясы деген дұрыс жауапты алды.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button